Қазақстанда 350 мыңнан астам адам құмар ойынға тәуелді
Әрқайсының орташа қарызы 10 млн теңгеден асады
Талайдың санасын улаған, қалтасын қаққан құмар ойындарының ішінде букмекерлік кеңселерге байланғандардың қатары көбейіп барады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Психологтардың айтуынша, қазір жасөспірімдер оңай олжаға кенелемін деп сан соғып қалады. Бүгінде елде 350 мыңнан астам адам ойынқұмар дертіне шалдыққан екен.
Оңалту орталығында ем алып жүрген Айбек 13 жасынан бастап құмар ойынға әуестене бастайды. 20 жылдан бері казино, интернет ойындардан бас алмаған. Одан кейін букмекерлік кеңсеге тәуелді болды. Бастапқыда жеңіске жетіп, артынша қарызға белшесінен батқан. Ол құмар ойынның құрығына түсіп, 350 млн теңгеден айырылыпты.
«Мен үшін құмар ойындары оңай ақша табу көзі болды. Сондықтан футболға да бәс тігетінмін. Артынша ұтылып, микро несие алып, артынша қарызға кірдім. Ата-анам мен достарымнан қарызға ақша сұрадым. Қазір жанымда тек ата-анам ғана қалды. Енді бұл жүрісімнің дұрыс емес екеніне көзім жетті. Сол үшін бір жарым жылдан бері осы емханада ем алып жатырмын», - дейді қала тұрғыны Айбек.
Ойынқұмарлық отбасындағы тәрбиеге де байланысты. «Осы мәселені шешу үшін елде отбасы институтын құру қажет», – дейді мамандар.
«Қазір құмар ойындарының жарнамалары жер жарып тұр. Салдарынан бүгінде оңалту орталығына келетіндердің дені – 15 жастағы жасөспірімдер. Тағы бір себебі бұл – ата-ана мен баланың қарым-қатынасы. Яғни бүгінде бала тәрбиесіне арналған кітаптарды оқу қажет. Кез келген тәуелдіктердің себебі осы тәрбиеде жатыр. Баланың ішкі жан дүнесін түсініп, қиын қыстау кезде жанында болу керек. Көбіне әлеуметтік осал топтағы балалар оңай ақша табу үшін ойнайды», - дейді психолог Александр Ращук.
Қазір елде орта есеппен 350 мыңнан аса адам құмар ойынның құрбанына айналған. Әрқайсының орташа қарызы 10 млн теңгеден асады. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, биыл заңсыз ойын ұйымдастыру бойынша 86 дерек тіркелді.
«Стоп игра!» деп аталатын іс-шарасының нәтижесінде жалпы жыл басынан бері 3,5 мыңға компьютер, техника, покер үстелдері және т.б. затты айғақтар тәркіленген болатын. Сонымен қатар 7,2 млн теңгеден астам қолма-қол қаражат тәркіленді», - деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.
Құзырлы орган дерегінше, 305 мемлекеттік қызметкер құмар ойынның қармағына ілінген. Арасында Ішкі істер, Қорғаныс, Қаржы министрліктерінің қызметкерлері де бар. Өкініштісі, құмар ойынға құмартқандар қатары жыл өткен сайын азаймай отыр.