Абай облысында диқандар күнбағысын өткізе алмай отыр
Күн суытқалы қамба ылғал тарта бастаған, аязға қалса, күнбағыс үсіп, шіріп кетеді дейді шаруалар
Абай облысында диқандар банкротқа ұшырауы мүмкін. Шаруа қожалықтары маңдай термен тапқан өнімдерін өткізетін жер таппай отыр. Үржар ауданының өзінде ғана мыңға жуық ірілі-ұсақты шаруа қожалықтары бар. Олар көк шыққалы тыным таппай, жер жыртып, кең өлкеге күнбағыс өсірген. Машақаты көп жұмыс болғанмен, биыл өнім мол шыққан. Алайда шаруалар мыңдаған тонна күнбағыс жинағанмен, ала жаздайғы бейнетінің жемісін көре алмай, қиналып отыр. Azattyq Ruhy тілшісі мәселенің мән-жайын анықтап білді.
«Күнбағысты өткізетін жер таппай сандалып жүрміз. Өзімнің қоймамда 70 тонна күнбағыс жатыр. Көктемде тұқымды қарызға аламыз. Техниканың саймандары да, дизель де қымбат. Жұмысшылардың еңбекақысы бар. Шығын шаш етектен. Бағаны мүлдем түсіріп тастады. Делдалдардың сұраған бағасымен берсек, пайда тұрмақ шығынды да өтей алмаймыз. Оның үстіне қабылдап жатқан да ешкім жоқ. Әкімдіктен мүлдем қайыр жоқ. Егін егіңдер, жерді игеріңдер деді. Ал ектік, айналыстық, енді ары қарай не болады?! Сенделіп жүрміз, кімге жалынамыз, қайда барамыз? Інімнің қоймасында да 100 тонна күнбағыс жатыр. Бұл өте шағын қожалықтардағы жағдай, ірі шаруаларда бірнеше мың тоннадан күнбағыс жиналған», - деді Алмас есімді «Абзал» шаруа қожалығының иесі.
Шаруалардың сөзінше, делдалдар биыл тазартылған күнбағыстың тоннасын 130-135 мың теңгеден аламыз деген. Былтырдың өзінде мұндай баға болмаған. Өткен жылы диқандар өнімнің тоннасын 180-230 мың теңге аралығында өткізіпті. Делдалдар сұраған бағамен бере салсақ, банкрот боламыз деп отыр. Сандалумен күн кешкен шаруалар «Достық» станциясындағы Қытай шекарасына да барып қайтқан. Ондағы ойлары – өнімді ҚХР-ға зауыттарға өткізу. Бірақ жергілікті шаруаларға ол жақта да жол жабық көрінеді.
«Шекараға барып келдім. Қытайға күніне күнбағыс тиеген ресейлік 50 шақты «КАМАЗ» өтеді. Мемлекет араласып, шаруаларының мәселесін шешіп қойған. Қытайлықтар күнбағыстың тоннасын 250 мың теңгеден алады. Ресейлік тасымалдаушылар күнбағысты тек біздің шекара арқылы ғана өткізе алады. «Бақты» бекетінде ресейлік ауыр жүк көліктері толып тұр. Қытайдың нарығын ресейліктер жаулап алды. Ал біз шекараға тиіп тұрсақ та өнімді өткізе алмай отырмыз. Күнбағыс майын шығаратын зауыттар Жетісу облысында орналасқан, биыл ол жақтағылар да біздің өнімді қабылдап жатқан жоқ. Менің де қоймамда 100 тонна өнім жатыр. Талай рет жиналыс жасадық, жан-жаққа хатта жаздық. Мүлдем қайыр жоқ. Әкім шаруаларға көмектесе алмайды. Қытайға өнімді сату үшін арнайы лицензия алу керек екен. Онда да жекелеген шаруалар емес, аймақтық деңгейде лицензия беріледі, оған тікелей мемлекет араласады», - деді «Нұрлан» қожалығының иесі.
Қоймалардағы қамба күн суытқалы ылғал тарта бастаған. Бұдан әрі аязға қалса, күнбағыс үсіп, шіріп, іске алғысыз болып қалады дейді шаруалар. Ірі қожалықтар биыл екі мың тоннаға дейін өнім алған. Дүрбелеңге түскен диқандар техникасының да, өзге дүниесінің де қарызын қайтара алмай әлек.
«Өнімді өткізетін жер жоқ. Барлық құрал-сайманның бағасы, қажетті дүниелердің бәрі қымбат болса да, күнбағыстың құнын түсіріп тастады. Үржар ауданының өзінде мыңға тарта қожалық күнбағыс өсірумен айналысады. Өнім суыққа қалатын болды, қамбада жатыр. Мың гектар жерге ектім. Бүйте берсе қожалықтар банкротқа ұшырайды. Ауыл шаруашылығымен айналысудың мәні қалмайды. Бәрін қоюға тура келеді. Бұл салаға жөнді қолдау жоқ», - деді Үржар ауданының тұрғыны Марат Батырбаев.
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі өз тарапынан қадағалау, қабылдау жұмыстарының жүргізілмейтінін жеткізді. Айтуларынша, әр қожалық өнімдерін кімге, қайда, қаншадан өткізетінін өздері шешеді. Кеңес кезіндегідей мемлекет қожалықтарға араласпайды. Ведомствоның өкілі өзге де сұрақтарға жауап алу үшін ресми хат жолдау керектігін айтып, қысқа қайырды.
«Қытайда күнбағыстың бір тоннасы 460 долларға дейін барады. Шәуешек қаласында қабылдайды. Қазақстаннан күніне 1-2 «КАМАЗ» ғана күнбағыс өтіп тұр. Ресейде өскен күнбағыстың майлылығы жоғары. Олар өнімдерін Семей жаққа әкеліп, сосын Қазақстанның тауары ретінде Қытайға сатады. «Бақты» кеден бекеті арқылы өтіп жатқан ауыр жүк көліктерінің бәрі ресейліктер. Халық күнбағысты сата алмай отыр, әбден қиналды. Бидай піскенде дизель табылмай, өнім жерге түсіп қалған еді, енді міне күнбағыс піскенде өткізетін жер таппай әлек. Тұқым қымбат, тыңайтқыш қымбат. Жаздай малдан бруцеллез шығып, ауылдың күйі кетіп тұр. Әкімдік ауру деп алып кеткен малға 70 мың теңгеден беретін болған, оны да төлемеді. Халықтың жағдайы мүшкіл. 100-150 адамға жұмыс істеткен ірі қожалықтар елдің айлығын бере алмай жатыр», - деді Шаттық Қалымхан.
Биыл Үржар ауданы бойынша 70 мың гектар жерге күнбағыс өсірілген. Шаруалар тек майлы дақылдар бойынша 60 мың тоннаның үстінде өнім жинаған. Шырылдаған шаруалардың мәселесін Үржар ауданының әкімдігі шеше алмайтынын ашық айтты.
«Шаруа қожалықтармымен кездестік. Қазіргі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Сауда және Интеграция министрлгіне арнайы қызметтік хат жібердік. Хатта проблемаларды көрсеттік. Нарық заманы, егін жинағанда баға түседі. Кейін баға реттеледі. Шетелге экспортқа шығарамын десе ешқандай шектеу жоқ. Лицензия алу керек, оны өсімдік шаруашылығының инспекциясы береді. Қытайдан алушылар, делдалдар нақты бағаны айтпай отыр. Қытайдан алушылар табылса ірі қожалықтардың атынан өткізе аламыз. Ресейдің өнімі алушыларға тиімді бағамен келіп жатыр. 1,5 мыңға жуық қожалық егіншілікпен айналысады. 60 мың тоннаның өнімі жиналды.
Биыл егін шаруашылығымен айналысып отырған шаруаларға 277 миллион теңгенің субсидиясы берілді. Оның сыртында техникаға 2,7 миллиард теңгеге лизинг жасалып, 216 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы алынды. Техника алғаны үшін 900 миллион теңгенің инвестициялық субсидиясы жасалды», - деді Абай облысы Үржар ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерзат Болатов.