Елімізде бір айда 69 кәсіпорын жұмысшыларына жалақы төлей алмаған
Кәсіпорындардың берешегі 342 млн теңгеге жеткен

2020 жылдың қаңтар айында мемлекеттік еңбек инспекторлары ел бойынша 69 кәсіпорында тексеріс жүргізді. Оның қортындысы бойынша, жұмыс берушілердің 2.300-ге жуық қызметкерлеріне 342 млн теңге қарыз екені анықталды деп хабарлайды Azattyg ryhy Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Аталған кәсіпорындардың басшыларына 33 ұйғарым беріліп, 4 млн теңгеден астам айыппұл салынған.
«Қабылданған шаралар мен жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң мерзімдерін белгілеу арқылы 1,1 мыңнан астам қызметкердің құқықтары қорғалды. Оларға 331 млн теңге төленді», - делінген баспасөз хабарламасында.
Министрліктің мәліметінше, мемлекеттік еңбек инспекторлары ел бойынша 442 тексеру жүргізген. ҚР еңбек заңнамасының 866-дан астам түрлі бұзушылықтары анықталып, кәсіпорындарға 28,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.