Петропавлда былтыр ғана сатып алынған автобустар бұзылып жатыр
Тасымалдаушы компания аталған автобустарды әкімдік сатып алуға мәжбүрлегенін айтады

Былтыр Петропавлда қала ішінде жолаушы тасымалымен айналысатын мердігер компаниялар лизингке 100 автобус сатып алған болатын. Алайда, кәсіпкерлердің қуанышы көпке бармады. Араға небәрі бір жыл уақыт салып жаңа көліктер бірінен соң бірі істен шыға бастаған. Ал, жөндеуге қосалқы бөлшек тапшы, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
ІШІ БҮТІН, СЫРТЫ ТҮТІН
Былтыр мердігер компаниялар лизингке мұндай көліктің 100 данасын сатып алған болатын. Әрқайсысының құны 40 млн теңге. Иелері «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан қарызға алған қаржыны 7 жыл бойы қайтарады.
«Автобустарды сатып аларда бізге таңдау құқығы берілген жоқ. Барлығын облыстық әкімдік өзі шешті. Яғни облыс әкімдігінің жанынан құрылған комиссия осы көліктерге тоқталды. Соны алуға мәжбүр болдық. Мәселен өз басым бұдан 10 млн теңгеге арзанырақ ресейлік көлікетерді таңдар едім. «Yutong» автобустары қолданысқа енгізілгеніне жыл толмай сына бастады. Біз 7 жыл бойы лизинг төлейміз. Ол мерзімге дейін жаңа техниканың қоқысқа айналатын түрі бар», - дейді жолаушылар тасымалымен айналысатын «Петропавл Автобус» серіктестігінің директоры Болат Рахимов.
Автобустардың ұзындығы 8,5 және 10,5 метр аралығында. «Yutong» маркалы көліктертер отандық зауытта шығарылған. Сырттай қарағанда әдемі әрі жайлы көрінген авторбустар сапасыз болып шықты.
ҚОСАЛҚЫ БӨЛШЕК ТАПШЫ
Естеріңізге сала кетсек, былтыр қаңтар айында Петропавл қаласына бірнеше жаңа автобус әкелінген болатын. Халық игілігін көріп үлгермеген қоғамдық көліктер өндіруші зауытқа қайтарылды. Су жаңа техника сынақтан өтпей қалды. Жергілікті шенеуніктер автобустардың кері қайтарылуына олардың электрондық жүйесінде анықталған ақаулардың себеп болғанын айтқан еді. Ал, Солтүстік Қазақстанда оны жөндейтін сервистік орталық та, мамандар да жоқ. Осыған қарамастан жергілікті әкімдік өндіруші зауытпен 4 млрд теңгеден астам сомаға тағы 93 автобус сатып алу жөнінде келісімшарт жасасты.
«КазТехно» компаниясы өз міндеттемелерін орындап отырған жоқ. 1 жыл кепілдік мерзімге сай автобустарды жөндеген жоқ. Қосалқы бөлшектер жіберуді сұрасақ, жоқ екенін, Қытайға тапсырыс бергенін айтады. Себебі оның барлығы шетелден жеткізіледі. Шығынның басым бөлігін өзіміз көтеріп жатырмыз. Әрі қосалқы бөлшек тапшы. Бірде Алматы, бірде Шымкент, Астана қалаларына тапсырыс жасаймыз. Ол жеткенше қыруар уақыт алады. Кепілдік мерзімі 1 жыл немесе 50 мың шақырым ғана. Бұл межеден біз әлдеқашан өтіп кеттік. Өйткені қоғамдық көлік үшін аталған көрсеткіш түк емес. Мұндай қымбат техника үшін 1 жыл тым аз уақыт. Бастапқыда ресорлар жаппай істен шықты. Барлығын ауыстырдық дегенде басқа жерінен ақау пайда болып жатыр. Соның кесірінен қаржылық қиындыққа тап болдық. Қарызымыз көбейді», - дейді Болат Рахимов.
ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫНА 1 МЛРД 900 МЛН СУБСИДИЯ БӨЛІНДІ
Петропавл қаласында бүгінгі күні барлығы 22 бағыт бар. Оның 19-ы әлеуметтік маңызға ие. Олардың барлығына қалалық әкімдік бюджетінен демеуқаржы қарастырылған. Мердігер компания өкілдері жаңа автобустар қайта-қайта істен шыққандықтан шығын көбейгенін алға тартып, қалалық әкімдікке қосымша субсидия бөлу жөнінде өтініш жолдаған.
«Облыс ортаығында жолаушылар тасымалымен айналысатын компанияларға жыл соңына дейін 1 млрд 900 млн теңге көлемінде субсидия беру көзделген. Оның 1 миллиардтан астамы игерілді. Енді мердігер тағы да қосымша қаржы бөлуге өтінім беріп отыр. Оны біз қарастырамыз. Қалалық әкімдік ол автобустарды жөндеуге ақша бөлмейтінін атап өткен жөн. Біз тек жолаушылар тасымалын субсидиялаймыз. Қосалқы бөлшектерді олар өз есебінен сатып алуы шарт», - дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.
Петропавлда былтырдан электронды билетер қолданысқа енгізілді. Оның құны 80 теңге. Ал қолма-қол ақшамен есеп жасағандар 120 теңге төлейді. Балалар билеті сәйкесінше 40 және 60 теңге. Қалаішілік бағыттарда 200 автобус жұмыс істеп жүр. Олардың 50 пайызы ескірген.
ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ҚЫЗМЕТІНІҢ САПАСЫ ТҰРҒЫНДАР КӨҢІЛІНЕН ШЫҒА МА?
Былтыр Петропавл тұрғындары тарапынан қоғамдық көлік қызметінің сапасына шағым көп болды. Жаңа автобустардың келуі жағдайды жақсартуға септескенімен проблеманы түбегейлі шешпеген сыңайлы.
«Мен қала ішінде автобуспен жиі жүремін. Жұмысқа қатынаймын. Балаларды үйірмесіне апарамын. Мәселен, үлкен ұлым «Береке» ықшам ауданындағы зияткерлік мектепте оқиды. Үй қаланың бір шеті болса, мектеп екінші шетінде орналасқан. 24-ші бағыттағы автобусты 20 минутқа дейін күтетін кездер болады. Барғанша 40-50 минут жүреді. Ал такси қызметі 15 минутта жеткізеді. Әрине қоғамдық көліктің аты, қоғамдық көлік. Бірақ автобустардың қатынау уақыты талапқа сай 8-10 минут болса дейміз. Мердігерлер осылай ақша үнемдегісі келеді. Бағыттағы автобус саны азайған сайын, жанармайға үнем, әрі жолаушылар саны көп болады. Ал 2, 25-ші бағытар жақсы жүреді», - дейді қала тұрғыны Айгүл Аманова.