Қазақстанда оқитын өзбекстандық студенттер жаппай еліне қайтып жатыр
Бұған көрші мемлекет басшылары қабылдаған қаулы себеп болған
Шымкент қаласында оқып жатқан өзбекстандық студенттер еліне қайтуға жиналып жатыр. Оқу жылының қақ ортасында студенттердің аласапыран болуына көрші мемлекет басшылары қабылдаған қаулы себеп көрінеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» арнасына сілтеме жасап.
Шымкенттегі жоғары оқу орындарында қарбалас басталғалы бүгін төртінші күн. 2018 жылдан бері осында оқуға түскен өзбекстандық жастар аяқасты кететін болыпты. Айтуларынша, Өзбекстан кері қайтқан студенттерін өз мамандықтары бойынша еш сынақсыз, автоматты түрде оқу орындарына қабылдамақ. Өзбекстандық жастарды қызықтырғаны да осы көрінеді.
«Өз мемлекетімде үй іші, ата-анам, туып-өскен жеріміз. Мұнда пәтер жалдап тұрамыз, шығынымыз аз емес. Хорезмдегі оқу орны үйімнің түбінде. Мен сол жерге аудармамен бармақпын. Әйтпесе Қазақстанда білім өте жақсы.Егер отбасым жанымда болғанда, осында- ақ бітіріп шығар едім», – деді өзбекстандық студент Умрбек МАХМУДОВ.
Жекеменшік бұл оқу орнында 7,5 мың студент оқиды. Оның 2 мыңға жуығы көрші Өзбекстаннан білім іздеп келгендер. Көрші елдегі мүмкіндікті ақпанның 7-сі мен 15-і аралығында келіп үлгергендер пайдаланады деген құлақтандыруды естіген студенттер құжаттарын кері алуға асығып жатыр екен. Алайда өзбекстандық жастардың барлығы бірдей еліне қайтуға асық деуге келмейтін секілді. Көпшілігі түсіндіру жұмысынан соң осында қалуды құп көріпті.
«Қазір Өзбекстан мемлекеті Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстан елдерінде білім алып жатқан азаматтарын өздерінде оқытуға қосымша жағдай жасап жатыр. Көрші елдің жоғары оқу орындарында өз азаматтарына арнап квота мен гранттар санын арттыруда», – деді ҚР СІМ баспасөз хатшысы Айбек СМАДИЯРОВ.
Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, Қазақстанда 10 мыңнан астам өзбекстандық студент білім алып жүр. Айта кетейік, Білім және ғылым министрлігіндегілер шетелдіктердің еліне қайтуы қаладағы оқу орындарының бюджетіне еш әсер етпейді деп отыр. Алайда, кейбір сарапшылар мұнша студенттің бір мезетте кетуі оқу орындарына едәуір шығын әкелуі мүмкін дегенді айтады.