Жемқорлық жайлы ақпарат жеткізгендер 10% сыйақы алады. Заң 2 күннен кейін күшіне енеді
Соңғы үш жылда 708 адамға 99 млн теңге сыйақы берілді
Жемқорлық жайлы хабарлаған азаматтарға берілетін сыйақы мөлшері енді пара сомасына қарай артып отырады. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, әкімшілік-құқықтық департаментінің бас сарапшысы Ерік Бишібеков хабарлады.
«Егер келтірілген залалдың сомасы 1000 АЕК-тен асатын болса, онда сыйақы мөлшері осы соманың 10%-ын құрайды. Мысалы, 5 млн теңге пара берілейін деп жатқанын хабарлаған адамға 500 мың теңге төленеді. Бұрын қолданылып келген ереже бойынша сыйақының ең жоғарғы сомасы 265 мың теңге (100АЕК) болған. Дәл осындай қылмыс бойынша бұрынғы жүйемен адамдар 132 мың немесе 185 мың теңге алып келген»,- деді Е.Бишібеков.
Яғни, пара көлемі немесе келтірілген залал көлемі 1000 АЕК-тен аспаса, ол туралы хабарлаған адамға бұрынғыдай 30 бен 100 АЕК арасында сыйақы беріле береді. Бірақ ең максималды берілетін сома- 4 мың АЕК немесе 10 млн 604 мың теңге. Қазір қазақстанда бір айлық есептік көрсеткіш 2651 теңгені құрайды. Сарапшы азаматтарға сыйақы ақпараттың растығы анықталып , жемқорлық толық дәлелденіп, сот шешімі шыққаннан кейін 15-20 күн ішінде берілетінін нақтылап кетті. Ал хабарлаған азаматтың жеке бас ақпараты құпия сақталады.
Агенттіктің мәліметіне сәйкес, соңғы үш жылда жемқорлық жайлы хабарлаған 708 адамға 99 млн теңге сыйақы берілген. Ең көп ақпарат жеткізген Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Түркістан облыстары.
«Ол жақтардан көбіне пара беру туралы ақпарат келеді. Қылмыстың ауырлығына қарай көбіне 40-50 АЕК сыйақы алады. Қылмыстық кодекске сәйкес қылмыс ауырлығы төрт категорияға - ауыр емес, орташа, ауыр, аса ауыр болып бөлінеді. Ескі жүйе бойынша, орта деңгейдегі қылмысты хабарлағаны үшін бекітілген сыйақы - 40 АЕК-ті құрайды. Аса ауыр қылмыс үшін- 100 АЕК»,- деді ол.
Айтпақшы, жалған ақпарат берген адам әкімшілік және қылмыстық кодекстер бойынша жауапқа тартылады.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан