$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.02.2020, 12:27
Қоғам

Тегін берілетін қызмет түрін 1,2 млн теңгеге «саудалаған» шымкенттік қызметкер 3 жылға сотталды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірқатар лауазымды тұлғаларға қатысты жемқорлық фактісі бойынша сот үкімі шыққанын хабарлады

Тегін берілетін қызмет түрін 1,2 млн теңгеге «саудалаған» шымкенттік қызметкер 3 жылға сотталды
фото: Батыржан Беспаев

Су ресурстары комитетінің «Су ресурстарын пайдалану және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы» РММ бас маманы У.Алпысбаев алаяқтық жасағаны үшін сотталды. Бұл туралы бүгін брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірінші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бигайдаров айтты.

«Ол алаяқтық жолмен жайылымдарды суландыру үшін ұңғыманы бұрғылауға рұқсат беретін құжатты алуға жәрдемдесу сылтауымен (бұл қызмет түрі тегін беріледі) ЖШС өкілінен 1 млн 275 мың теңге көлемдегі қаражатын иемденді деп күдікке ілінген. Ағымдағы жылдың 11 ақпанында Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының үкімімен У. Алпысбаев 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, өмір бойына мемлекеттік қызметті атқару құқығынан айырылды», - деді ол.

Сондай-ақ Д. Бигайдаров Солтүстік Қазақстан облысы жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы бастығының орынбасары Тасболатовқа қатысты да сот үкімі шыққанын мәлімдеді. Ол тендер алып берем деп бір кәсіпкерден 200 мың теңге алмақ болған. Енді ол 4 млн 500 мың теңге айыппұл төлеп, өмір бойына мемлекеттік қызметке тұру құқығынан айырылатын болды.

Сонымен бірге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «Екібастұз қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ басшысы Ж.С. Ақболинге қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтаған.

«Ол жеке үйге қосымша жер телімін рәсімдегені үшін 50 мың теңге пара алды деп күдікке ілінген. Ағымдағы жылдың 11 ақпанында Павлодар облысы Екібастұз қалалық сотының үкімімен Ақболинге 1 млн 250 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды»,- деді Д.Бигайдаров.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары