Серік Шәпкенов: Жалғансай ауылында көпті толғандырған жол мәселесі шешіледі
Ауылішілік жол салу үшін 1 млрд 900 млн теңге бөлінген
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов жұмыс сапарымен Махамбет ауданына барып, Жалғансай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Серік Шәпкенов жұмыс сапарын Жалғансай ауылындағы су тазарту қондырғысының нысанын аралады.
Су тазарту қондырғысы Таңдай және Жалғансай ауылдарын таза сумен қамтиды. Ұзындығы 14 875 текше метр қондырғы тәулігіне 1150 текше метр су айдайды. Мұндағы бір қондырғыда жеті су тазарту сүзбесі бар. Бүгінде нысан су тазарту қондырғысының қуатын арттыру, қосымша суды сүзетін және тұндыратын қондырғы қою, сүзгіштерін тазалау және мұнарасын орнату сынды жұмыстарды талап етеді.
Кейін аймақ басшысы Серік Шәпкенов Жалғансай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Облыс әкімі округте атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, ұсыныс-пікірлерді тыңдады.
Қазіргі таңда Жалғансай ауылдық округінде ауылішілік жолды салу мәселесі өзекті болып отыр.
«Ауылға кіргеннен бастап ұзын тас жол бар. Қалған ауылдың іші қара жол. Ауыл тұрғындарын көптен толғандырып жүрген мәселені шешу үшін бүгінде Жалғансай ауылдық округіне ауылішілік жол салу үшін ЖСҚ жасақталып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, мердігер мекеме анықталды. Биылға 1 млрд 900 млн теңге қаржы бөлінді. Оған құрылысқа қажетті материалдар сатып алынуда. 2023 жылы қаржы толық бөлініп, тас жол салу жұмыстары басталады», - деді Серік Шәпкенов.
Кездесу барысында тұрғындар ауыз сумен қамту, балалар ойын алаңын салу, интернет желісін жүргізу сынды мәселелерді талқыға салып, электр жарығының жиі сөнетініне шағымданды.
Серік Шәпкенов тұрғындардың сауалы заң аясында кезең-кезеңімен шешімі табылатынын айтты.
Бұдан бөлек, облыс әкімі азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Жалғансай ауылдық округінде 1 248 тұрғын бар. Мұнда 1 емхана, 1 мектеп, 1 балабақша, 1 полиция бөлімшесі жұмыс жасайды.
Облыс әкімінің Жалғансай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуі Махамбет ауданы әкімдігінің «Facebook» желісіндегі ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.