$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.09.2022, 17:04
Қоғам

Батыс Қазақстан облысында егін орағының қарқыны жақсы

Облыс әкімдігі шаруаларды қолдау үшін қолдан келгеннің бәрін істейтінін айтты

Батыс Қазақстан облысында егін орағының қарқыны жақсы
Фото ашық дереккөзден

Батыс Қазақстан облысында егін орағы қызу жүруде. Дихандар ауа райының қолайлы сәтін қалт жібермей, бітік шыққан астықты жинап алуға асығулы. Күзгі жиым-терім және өзге де мәселелер облыс әкімі Ғали Есқалиев өткізген кеңесте айтылды.

Жиында БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Наурызбай Қарағойшин биылғы егін оруы науқанының барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл дәнді дақылдар 203,2 мың га алқапқа егіліп, жоспар 95,1%-ға орындалса (213,7 мың га), майлы дақылдар 185,7 мың гектарға егіліп, жоспар 147,3%-ға орындалды (126,0 мың га). Яғни, тиімділігі жоғары майлы дақылдардың алқабы артып отыр.

Күні бүгін облыс бойынша 202 мың га дәнді дақылдар алқабының 182 мың гектары орылып, 16,2 ц/га орташа өнімділікпен 295,5 мың тонна астық алынды. Жедел ақпаратқа сәйкес, майлы дақылдар алқабының 11 мың гектары орылып, 8,3 ц/га орташа өнімділікпен 9,4 мың тонна өнім алынды. Өңірде жалпы сыйымдылығы 504,8 мың тоннаны құрайтын лицензияланған 7 астық қабылдау кәсіпорыны бар (қоймалық - 191,4 мың тонна, элеваторлық - 313,4 мың тонна).

Бүгінгі таңда бұл кәсіпорындарда 215,6 мың тонна астық сақталған. Оның ішінде 45,3 мың тоннасы – арпа, 170,3 мың тоннасы – бидай. Бидайдың 76,6 мың тоннасы үшнші сыныпты болса, 93,7 мың тоннасы –  бесінші сыныпты бидай. Биыл картоп, көкөніс,бақша дақылдары 9430 гектар жерге отырғызылып, жоспар толығымен орындалды. Жалпы сыйымдылығы 7 мың тонна құрайтын 2 көкөніс сақтау қоймасының құрылысы аяқталды. Өсімдік шаруашылығы бағытын субсидиялауға 2022 жылға бюджеттен 2 млрд. 652 млн. теңге қаржы бөлінді.

Жиында «Жаңа Әлем» ШҚ жетекшісі Анатолий Кан, «Baystone» ЖШС құрылтайшысы Станислав Качало, «Асан Ауыл» ЖШС басшысы Бейбіт Асанов, «Мусаева Д.Р.» ЖК басшысы Рамазан Мусаев өз-ұсыныс-пікірлерін айтты. Олардың сұрағына облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов жауап берді.

Өңір жетекшісі Ғали Нәжімеденұлы ауыл шаруашылық саласын дамыту басты назарда болатынын айтып, шаруаларды қолдауға әзір екенін жеткізді және тиісті сала басшыларына егіс алқаптары мен олардан алынған өнім көлемі, дақылдардың өнімділігі туралы ақпаратты уақтылы және сапалы тапсыруды міндеттеді.

Серіктес жаңалықтары