$ 523.2  594.3  6.38
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.02.2020, 16:38
Қоғам

Көлік дауы: Қазақстанда утилизациялық алым мөлшері неге қымбат

Ресей мен Қазақстанда утилизациялық алым мөлшері бірдей 

Көлік дауы: Қазақстанда утилизациялық алым мөлшері неге қымбат

Шетелден әкелінген көлікті алғашқы мемлекеттік тіркеу кезінде төленетін алым төңірегінде сұрақтар әлі ашық күйінде қалып отыр.  Ол  Армения, Қырғызстан және Ресейден көлік әкеліп, ақырында көлік құралдарын тіркеуді дауға айналдырған отандастырымыздың наразылығынан басталған болатын. Бұл мәселеге Президент араласып, тіркеу мерзімін біршама ұзартқанымен мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына сабылып жатқан жүргізушілер байқалмайды. Қазақстан аумағына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден әкелінген көліктерді уақытша тіркеудің  басталғанына 10 күн өткенімен, «сары номер» алушылардың саны тым аз екенін жазған болатынбыз.  

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда екі аптада 5-ақ жүргізуші сары нөмір алды

Айта кету керек, ҚР Салық кодексінде дифференциялық шкала бойынша автокөліктің жаңа немесе ескі екендігі ескеріледі. Алым өндірілген жылына қарай есептеледі. Сол сияқты утилизациялық төлемдерге қатысты да заңмен бекітілген тәртіп бар. Үш жарым жыл бұрын қабылданған әдістеме (ҚР Инвестиция және даму министрінің  2015 жылғы 25 желтоқсандағы № 762  бұйрығы- автор ) аясында жұмыс істеп жатқан  «Оператор РОП» ЖШС-ін айыптап, қаражаттың жеке адамдардың қалтасына кетіп жатқаны жайында қоғамда қызу талқылау жүріп жатыр. Бұл ретте серіктестік басшылары ресми мәлімдеме жасауға асығар емес. Десе де  ӨКМ Операторының Azattyq Rýhy ақпараттық агенттігінің ресми сауалхатына берген жауабынан ЕАЭО елдерінен келген көліктерге қатысты алымдардың соммасында өзгерістердің болмайтынын аңғардық. Жоғарыдағы серіктестік мамандарының айтуынша кәдеге жарату төлемдерінің мөлшерін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұсынады. Ал оны бекіту құзыры бұрынғы Энергетика министрлігінен бөлініп шыққан Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде.

Алдыңғы айда наразылық шараларына өткізіп, шетелден әкелінген көліктерді тиімді жолмен тіркеуде талап еткендер негізінен көнерген көлік иелері. Тиісінше оларға көлік құралдарына және өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасына қатысты кәдеге жарату төлемақысы қымбатқа шығады. ЕАЭО елдерінен жеткізілген көлік иелері 2021 жылғы 1 наурызға дейін ӨКМ Операторының  сайты арқылы утилизациялық алым төлеуге міндеттеледі. Айта кету керек, төлемдер мақұлданған әдістемеге (Жаңа редакцияда – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 05.12.2019 № 95 бұйрығы -автор) сәйкес қозғалтқыш көлеміне қарай белгіленген.

Утилизациялық алымның базалық мөлшерлемесі айлық есептік көрсеткішпен белгіленеді. Демек оның көлемі де жыл өткен сайын өсіп отырады. Биыл 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш 2 651 теңге болып бекітілді.  Алымның базалық мөлшерлемесі 50 АЕК. 2020 жылы ол 132 550 теңгеге тең.

Қозғалтқыш көлеміне байланысты мысалы 2.5 литрлік Toyota Camry Қазақстанға кіргенде төленетін утилизациялық алым мөлшері 1 325 000 теңге болады.

Шетелден автокөлік әкеліп, оны тіркеуге келгенде жұртты ашындырғаны осы утилизациялық төлемдердің қымбаттығы. Төмендегі графикада қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды, пайдалануды және кәдеге жаратуды ұйымдастырғаны үшін төлемақыны есептеу әдістемесі өзге елдерде қалай жүргізілетіні көрсетілген. Еуразиялық экономикалық одақ елдері ішінде Ресей Федерациясы мен Белорусь республикасы утилизациялық алымдар бойынша ұлттық заңнамалар аясында жұмыс істейді.  Ал Қырғызстан мен Армения бұл нормаларды әлі енгізбеген. Соңғы екі елде сырттан келетін көлікті тіркегенде мұндай төлемдер міндеттелмеген.

«ӨКМ Операторы» баспасөз қызметі ұсынған төмендегі графикада Ресейде зауыттан шыққан мерзімі 3 жылдан асқан көліктерге алынатын утилизациялық алымдар көрсетілген.

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ішінде Ресейде Қазақстанмен салыстырмалы түрде қарағанда өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелеріне сәйкес алымдар анағұрлым  жоғары. Белоруссияда да ең арзан төлем қазақстандық валютаға шаққанда 1,5 млн теңгеден басталады. Кәдеге жаратудың төлемдерін қымбатсынған жүргізушілер жаппай нарызылық кезінде Еуропа елдерінде көліктің утилизациясы үшін төленетін қаражаттың анағұрлым төмен екенін мысалға келтірген болатын.

Ашық дереккөздерінде Германияда утилизациялық алым 100 еуро, Голландияда - 45 еуро, ал Украинада 500 еуро деген деректер кездеседі. Еуро Одақ елдерінде 2000 жылы кәдеге жаратудың бірегей төлемдері енгізілген. Оны көліктің алғашқы иесі төлейді. Оның орташа құны 100 еуродан аспайды. Осыған ұқсас заң 2005 жылы Жапонияда қабылданған. Онда утилизациялық алымдар көлемі $70-$180 аралығында. Дамыған елдерде қолданыстағы ескі көліктерді қайта өңдеуге өз еркімен өткізгендерді ынталандыратын тетіктер жақсы жұмыс істейді.  

Қазақстанда өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері қағидасы 2016 жылы енгізілгенін айттық. Алғашында ол автокөлік және оның компоненттеріне таралды. 2017 жылы тауар қаптамаларына нөлдік мөлшерлеме қолданылды (өндірушілер мен импорттаушылар қайта өңдеу үшін төлем жүргізген жоқ). Осы күнге дейін ӨКМ Операторы тұрмыстық және автокомпонент қалдықтарын қайта өңдеуге 12 млрд теңгеге жуық қаражат бөлген.

Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің қазақстандық моделі отандық және импорттық өнім қалдықтарын жинаудың, тасымалдаудың, қайта өңдеудің және кәдеге жаратудың кешенді жүйесін кезең-кезеңімен құруды көздейді. Қазіргі уақытта бүкіл әлемде шамамен 400-ге жуық ӨКМ моделі әрекет етеді. Олардың көбі мемлекеттік емес. Басым бөлігі экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінде қолданылады. 

Қазақстанда өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері енгізілмей тұрғанда қайта өңдеу деңгейі 2,7% болса, ӨКМ енгізілгеннен кейін оның көлемі 13,2%-ға дейін өскен. «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу көлемін кемінде 40% жеткізу межесі қойылған.

«Оператордың 3,5 жыл ішінде атқарған нәтижелі қызметінің бірі – көлік құралдарын қайта өңдеу саласын жаңадан құруы. 2017 жылы Қарағанды облысында Орталық Азияда теңдесі жоқ жоғары технологиялы зауыт салынды. Жаңа технологияларды қолдану арқылы істен шыққан көлік құралдарын 90%-ға дейін кәдеге жаратуға жол ашылды. Ескі көліктерді қайта өңдеуге қабылдау бағдарламасы (құнын төлеу және жеңілдік сертификаты) бойынша 121 477 көлік қабылданды. Соның 102 000 зауытта қайта өңделді. Жеңілдік сертификаты бағдарламасы аясында отандық автокөлік өндірушіден 20 646 жаңа көлік сатып алынды. Ескі көлік тапсырғандарға 11,5 млрд теңге қаражат аударылды, делінген «ӨКМ Операторы» баспасөз қызметінің мәліметтерінде.

Оператордың қолдауымен 75 мың тонна шина кәдеге жаратылады. Пайдаланылған аккумуляторлардың 95 % қайта өңдеуге жіберілді. Сондай-ақ  12 782 тонна пайдаланылған көлік майлары қайта өңделді. ӨКМ тетігі  арқасында автокомпонент қалдықтарын жинау және қайта өңдеу саласында 11 жаңа кәсіпорын құрылып, 440 жаңа жұмыс орны ашылды деген жоспар бар.

«ӨКМ Операторының қолдауымен 2017-2018 жылдары 120 364 тонна қаптама қалдығы, 15 060 тонна полимер, 279 тонна метал ыдыс, 28 406 тонна шыны,  76 619 тонна қағаз және картон қаптама қалдығы жиналды және қайта өңделді. Барлық автокомпоненттер мен қатты тұрмыстық қалдықтарды жинап, оларды қайта өңдеуге 11,475 млрд теңге қаражат бөлінді. Оның 5,275 млрд теңгесі автокомпонент қалдықтарына жұмсалса, 6,2 млрд теңге ҚТҚ бағытталды»,- деген деректер келтіріледі.

Қазақстанда да қолданыстан шыққан көлік құралдары иелерін ынталандыру жүйесі жұмыс жасайды. Өз еркімен ескі автокөлікті өткізгендерге 150 000 теңге өтемақы қарастырылған. Одан тыс  315 мың теңгеден 750 мың теңге аралығында жеңілдік сертификаттарымен Қазақстан аумағында құрастырылған жаңа автокөліктерді сатып алуға мүмкіндік беріледі. Бұл мақсатқа 2016 жылдан бері 114 млрд теңге жұмсалған. Оның ішінде 76 млрд теңге отандық автомобиль өндірушілерге, 3,4 млрд теңге қолданыстан шыққан көлік иелеріне бағытталды. Ал утилизацияға өткен көлік құралдарын республика аумағында тасымалдауға 11,5 млрд. теңге кеткен.  

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары