«Бізге қысым көрсетті». ҚазҰУ-де тәртіп бұзды деген 10 озат студент оқудан шығарылды
Олардың барлығы дерлік грантта оқыған
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры курстастарымен жаға жыртысқан 10 студентті оқудан шығарды. Бұзақылық жасаған шәкірттер филология факультеті деканының өтінішімен жазаланған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Әлімжеттік оқиғасы филология факультеті студенттері арасында болған. Университет басшыларының сөзінше, 30 қаңтар күні түнгі сағат үште 2 курстың 10 студенті 1 курста оқитын балаларды 304-бөлмеге шақырып, сол жерде ұрып соққан. Таңға жуық студенттердің аталған кабинеттен ақсаңдаған күйі шыққандарын ұстаздар дәліздегі бейнекамералар арқылы байқаған. Бірақ, қос тарап тек шәй ішіуге жиналғандарын, төбелес болмағанын айтыпты.
«Студенттерді оқудан шығару керек деген ұсынысымнан қайтпаймын. Олар университет пен жатақхананың тәртібін бұзды. Оқудан қуылған студенттердің ата-аналары шырылдап тұр. Түсініп тұрмын. Ал бірақ 1 курстағы балалардың жағдайын кім түсінеді? Екі жақтың балаларымен де кездесіп, сөйлестім. Басында бәрі істі мойындаған жоқ. Кейін түсініктеме жазды. Сол кезде оқиғаның рас екені анықталды», - деді филология факультетінің деканы Өмірхан Әбділманов.
Ал білдей 10 жігіттің оқудан шығарылғанын естіген филология факультетінің студенттері университет басшыларының әрекетіне жаппай наразылық танытты. Жүздеген студент оқудан қуылған курстастарын жақтап, ректордың шешіміне «қарсымыз» деп ұрандатты. Айтуларынша, оқудан шығарылған жігіттер шетінен өнерлі, оқу үздіктері, әрі бір-бір ұйым, клуб жетекшілері болған дейді.
«Менің тобымдағы Ертай Біләловтың «Көкжиек» атты әдеби клубы бар. Театрда да ойнайды, ұйымдастырушы. Жаңғарай Әдебаев әдеби сайыстардың бірнеше рет жеңімпазы атанған. «Студенттік көктем», «Ана тілі аруы» сынды көптеген байқауларды ұйымдастырып жүреді. Атымтай Бейбарыстан бастап барлығы оқу үздіктері, университеттің бетке ұстар студенттері. Ұлдар төбелесті, біреуді жарақаттады дегенге сенбейміз», - деді өзінің атын атамауды өтінген 2 курс студенті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіннің филология факультетінде екі мыңға жуық студент білім алып жатыр. Олардың 90%-ы грантта оқиды екен. Ал жатақханада 450 астам студент тұрады. Басым бөлігі төменгі курс студенттері. Болған жағдайға байланысты қабылданған шешімнің дұрыс екенін департмент директоры түсіндірмек болды.
«Бұларға (студенттер - ред.) түсіндірсем, біржақты ғана жақтап тұр. Біз таяқ жеген балаларды тексерттік, аяқтарының көгергенін, оқтаумен ұрғанын білдік. Жарайды, оқтау жоқ болсын жатақханада. Төбемде құдай тұр. Немеге күлесіңдер? Мен сосын сендерге күлгенді көрсетем. Керек десеңдер видеоны көрсетейік. Бірақ, одан кейін мен сендермен басқаша сөйлесем. 1 курс студенттері арыз жазып берді. Хаттама бар. Ата-аналарының да түсініктемесі бар. Сендер өйтіп менің намысыма тимеңдер. Оқудан шығарылған балалар енді қайтып осы университетте оқи алмайды», - деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тәрбие жөніндегі департаментінің директоры Жұлдыз Есімова.
Оқудан шеттетілген студенттер республикамыздың түрлі өңірлерінен. Шығыс Қазақстан облысынан келдім деген Баян Байназарова немересін кінәсіз деп санайды. Алматыға арнайы араша түсу үшін келген зейнеткер әжейге зардап шеккен студенттер ешкімге ренішіміз жоқ деп қолхат жазып берген көрінеді.
Ал оқудан қуылған 2 курс студенті Ертай Біләлов университет басшылығы мәжбүрлеп, мойындатқанын айтады.
«126 балмен грантқа түскен едім. Ақтөбе облысынан осында грант ұтып алғам. Ия, түнде жиналдық. Жатақхана тәртібін бұздық. Бірақ ол үшін оқудан шығару дұрыс па? Төбелес болған жоқ. Анонимді арыздар ғана. Нақты біреудің атын атап көрсеткен арыз қайда? Жоқ. Бізді жатақханадан шығармай жатып, орнымызға адам алып үлгеріпті. Осыған дейін оншақты рет түсініктеме жаздым. Мәжбүрледі. Мойындаңдар деді. Біреуің мойында деген әу баста. Енді оның саны көбейіп кетті. Нақты кімнің кімнен таяқ жегені туралы қағазды көрсетпей отыр», - деді Ертай Біләлов.
Ал №17 жатақхананың күзетшісі іште «қорқып отыр» деген 1 курс студенттерімен кездестірген жоқ. Айтуынша, жатақхана дәлізіндегі оқиғаларды бақылап отыратын камералар да істемейді.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы