Қазақстан-Қытай арасындағы жүк тасымалдайтын көліктер кедергісіз қатынап жатыр
Екі ел арасындағы жолаушылар тасымалдайтын көліктер уақытша тоқтатылғанмен, жүк тасымалдайтын көліктер кедергісіз қатынап жатыр
Қытайдағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты Қазақстан Үкіметі елімізде коронавирустың тарауының алдын алу мақсатында шаралар қабылдады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Осыған байланысты Алматы-Нұр-Жолы-Үрімші, Өскемен-Майқапшағай-Үрімші, Жаркент-Қорғас-Құлжа, Аягөз–Бақты–Зимұнай бағыттары бойынша автобус қатынасы тоқтатылды (екі бағытта күніне барлығы 13 рейс). Алайда, екі ел арасындағы жүк тасымалдайтын автокөліктер кедергісіз қатынап жатыр.
«Екі ел арасында автомобиль көлігімен жүк тасымалы кедергісіз жүзеге асырылып жатыр. Ағымдығы жылдың қаңтар айында 5626 жүк автокөлігі Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасынан өтті. Бұл өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 3% көп. Сондай-ақ, ҚР Үкіметінің шешімімен қазір «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы жабық», - дейді ведомство хабарламасында.
Бұған дейін Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы коронавирустың алдын алу мақсатында 15 ақпанға дейін жабылатынын хабарлаған.