Имидждік шараға 225 млн, бала тәрбиесіне 84 млн. Қазақстан әлемдік рейтингте неге соңғы орында?
Қазақстан бала тәрбиесі бойынша 73 елдің ішінде соңғы орында
Аzattyq-ruhy тілшісіне осы сұраққа қатысты пікірін телефон арқылы айтқан Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин бұл рейтингтің сауалнамасына басқа елдің азаматтары жауап беруі мүмкін дейді.
«Осы зерттеудің бірінші дереккөзі қайда екенін іздеп көріп, тапқан ақпаратыма қарасам, сауалнамаға қатысқандар нақты қандай сұрақтарға жауап бергенін, нақты қандай тәсілмен таңдау жасалғанын түсінбедім. Менің түсінгенім, сауалнамаға 20 мыңдай адам қатысқан. Сауалнамада әртүрлі елдердің азаматтары жауап берген, яғни, Қазақстанда тұрмаған, Қазақстанның қандай ел екенін және халқы қалай өмір сүретінін білмейтін адамдар жауап берген шығар деген болжам жасадым», - дейді Аружан Саин.
Естеріңізге сала кетейік, «Бала тәрбиесі жөнінде ең үздік елдер» рейтингісінде Қазақстан 73 елдің ішінде 73-інші орын алды. Жаһандық сауалнама адам құқықтарын сақтау, отбасын құрметтеу, гендерлік теңдікке қол жеткізудегі қоршаған орта, бақыт деңгейі, табыс теңдігі, қауіпсіздік деңгейі, мемлекеттік білімнің дамуы және денсаулық сақтау жүйесі сияқты сегіз түрлі индикатор бойынша жасалды. Осы рейтингтегі үздік бестіктің қатарында - АҚШ, Британия, Канада, Германия, Франция мемлекеттері тұр.
Ақша көп, тиімді пайдалану жоқ
Дегенмен, Аружан Саиннің пікірінше, бұл рейтингсіз-ақ Қазақстанда бала тәрбиесі мен оларға білім берудегі мемлекеттік саясат өзгерісті талап етеді. «Елімізде ақша бар, тек тиімді пайдалану жоқ», - дейді Аружан Саин
«Мойындау керек, біз балаларды тәрбиелеп, дамыту бойынша өзге елдерге үлгі болатын деңгейге жеткен жоқпыз. Себебі, бізде осы мәселедегі мемлекеттік саясат айтарлықтай өзгерістерді талап етеді. Мен бұны жұмысымның жеке бағыты ретінде айқындап, осы бағытта жаһандық өзгерістерге қол жеткізгім келеді», - деген уәкіл осы мақсат жалғыз адамның қолынан келмейтінін, сондықтан, әкімдер мен меморгандардың, қоғам мен БАҚ-тың көмегі керек деп отыр.
Мемлекеттік қаражаттың тиімсіз пайдаланып отырғанын айтқан Аружан Саин басты екі қала – Нұр-Сұлтан мен Алматы әкімдігінің тиісті басқармалары өткізіп жатқан мемлекеттік сатып алу лоттарын мысалға келтірді. Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алу сайтындағы миллиондаған қаражатты тиімді пайдаланса, Қазақстанның мектеп оқушыларын тегін үйірмелермен қамтып, терең білім беруге болар еді. Сондықтан, бала құқықтары жөніндегі уәкіл бүкіл облыс пен қалалардың әкімдеріне хат жазып, ақшаны тиімді жұмсауға шақырған.
«Балаларды үйірме, мәдениет, ғылым, өнер секцияларына тегін қамтамасыз етуге кепілдік беру үшін жан басына қаржыландыру жүйесі әзірленіп, енгізілгенше, өз өңіріңіздің бюджетінен алдын ала өңірдегі бүкіл баланың тегін үйірмеге баруын қамтамасыз етуге әрекет етіңіз», - деп ұсыныс жасаған ол.
Ол үшін кез келген облыс, кез келген қаланың мәдениет басқармалары бюджеттерінің көбін балаларды өнер мен шығармашылыққа тартуға, спорт бөлімдері бюджеттің басым бөлігін тегін спорт секцияларын ашуға жұмсауы керек деген пікірде.
«Сонымен қатар, әкімдіктің балансындағы ғимараттарды спорт, өнер, ғылымның әр бағытын дамыту үшін жалға бергенде ақша алуға тыйым салу керек. Сонымен қатар, имиджі көтереді деген шаралардың, яғни, концерт, мереке, көз бояуға ғана қажетті спорттық шаралардың санын өте тез азайту керек. Оған бөлінген қаражатты балалардың дамуына бағыттау керек», - делінген Аружан Саиннің хатында.
Имидж аз қамтылған отбасылардың мүддесінен екі есе артық
«Экономист» сайтының сарапшысы Қуаныш Оңалбаевтың жазуынша, Қазақстандағы еріктілер жылына мемлекеттік бюджеттен 1,5 млрд теңге қаралған.
Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласы «Астана жастары» мемлекеттік коммуналдық мекемесі еріктілердің қызметін қамтамасыз ету үшін 23 самокат, 2 дрон және 20 сымсыз құлаққап сатып алмақ. Жалпы, еріктілерді керек құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, олардың жұмысын үйлестіру үшін мекеме 36 млн теңгені шығындағалы отыр дейді. Мемлекеттік сатып алулар сайтында осы мекеменің 20 млн 535 мың теңгеге жариялаған «конференциялар, семинарлар, форумдар, конкурстар, корпоративті, спорттық, мәдени, мерекелік және басқа да баламалы шараларды ұйымдастыру» лоты тағы шыққан. Жеңімпаз әлі анықталған жоқ.
Ал, Алматы қаласы әкімдігінің спорт басқармасы имиджік шаралардың кейбіреуіне жүздеген миллион теңгеге жуық ақша бөліп отыр. Бірнеше мысал келтірсек. Мәселен, Алматы қалалық спорт басқармасы жаппай конькимен сырғанау шарасын ұйымдастыру үшін 225 млн теңгенің лотын ойнатылып отыр. Ал, қаладағы Наурызбай ауданында тұратын аз қамтылған отбасылардың балаларына спортпен шұғылдану үшін әлеуметтік қолдау көрсетуге бюджет екі есе аз қаражат, яғни, 84 млн теңге қарастырған.
Сонымен қатар, Алматы қаласының әкімдігі тамыз айында Almaty Urban fest атты спорт фестивалін ұйымдастырмақ. «Жалпы қалалық спорт фестивалін ұйымдастырып, толтырып, өткізу үшін» әкімдік 67 млн теңгеге жуық қаражат қарастырады. Балалар арасында сұранысы аз гольф ойынын дамыту үшін спорт басқармасы 80 млн теңге жұмсасақ. Айта кетейік, бұл спорт басқармасының мемлекеттік сатып алуындағы бірнеше тармақ қана. Кәсіби футбол командасын дайындау үшін спорт басқармасы 892 млн 857 мың 143 теңге қарастырып отыр. Бұның барлығы – қаланың бюджетінен алынатын қаражат.
Бес адам, үш бала, бір бөлме
Аружан Саин әлеуметтік желі арқылы сауалнама жүргізіп, ата-анаға балаңыз қандай тегін үйірмеге барады деп сұрақ қойған. Сауалнамаға арналған пост астында 1200-ден астам ата-ана пікір қалдырған. Пікір қалдырғандардың көбі тегін үйірме «көрмегенін», ал ақылы үйірмелер үшін отбасылық бюджетке біраз салмақ түсетінін жазып отыр. Бірнеше пікірді назарларыңызға ұсынамыз:
Үш баланың анасы Жаңагүл: «Балаларым үйірмелер мен секцияларға бармайды, өйткені, қаражат жоқ. Бесеуміз ипотекаға алған бір бөлмелі пәтерде тұрамыз. Мемлекет еліміздің болашағын дамытуға ақша бөлсе, қуанар едім».
Юлия, үш ұлы бар: «Үшеуінің біреуі де еш үйірмеге барсмайды, өйткені, тегін үйірме жоқ. Алматы, 117 орта мектеп».
Дана Жарылқапова: «Егер үйірмелерді мемлекеттік бюджет есебінен ұйымдастырса, мемлекеттік мектептерде орын жетпей қалуы мүмкін. Ондай жағдайда мемлекет жекеменшік ұйымдардағы үйірмелердің ақысын субсидиялай ала ма?».
Венера, Алматы қаласы: «Екі балам бар. Бір ұлым мектептегі волейбол үйірмесіне тегін барады. Бірақ, топтағы баланың саны өте көп, сондықтан, көп үйрене алмайды. Сонымен қатар, балам Алматы Аренада еркін күреске қатысады. Қызым би үйірмесіне барады, айына 15 000 теңге төлейміз».
Ирина, Алматы қаласы: «17 және 14 жастағы екі ұлым бар. Алматы қаласы, Ақжар кентінде тұрамыз. Үлкен ұлым жеті жыл бойы «таэквондоға» қатысты. Кейін дағдарыс, төлеу қиынға соқты. Кіші ұлымды сол қалпы үйірмеге қатыстыра алмадық. Біздің тұратын ауылда тегін секциялар жоқ, болған да емес».
«Ресурс таусылады, ұрпақ қалады»
Аружан Саиннің пікірінше, Қазақстан табиғи ресурсқа бай, солай бола тұра, дәл қазір сол ресурсқа тәуелді болып отыр.
«Тәрбие дегеніміз – сапалы адами капиталдың ең маңызды фактор деп санаймын. Ал, осы зерттеуге қатысты менің жеке пікірімді айтсам, алдымен біз бала тәрбиесіне қатысты не істеп отырған ел екенімізді айқындап алу керек. Мойындау керек, ресурсқа тәуелді елміз. Біздің экономикалық жетістігіміз – газ бен мұнайдың арқасы. Ол ресурс таусылады, болашақта біз мүлде басқа жағдайда өмір сүреміз. Жерасты ресурстары жоқ ондаған елдер өте жемісті дамыған. Өйткені, олар өздерінің адами капиталын дамытып, идея, өндіріс сату арқылы дамып отыр. Қазақстан осыған үйренуі керек», - дейді ол.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан