«Кәсиби журналистика қоғамды алға тартатын локомотив болуы керек»: отандық БАҚ-ты қалай бәсекеге қабілетті етеміз?
Медиа-мамандар отандық журналистиканың проблемасы мен перспективаларын айтты

Қазақстандық журналистер ойын еркін айта алатын маман болуы керек. Биыл наурызда Қазақстан халқына арнаған жолдауында Мемлекет басшысы осылай деген еді. Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ, отандық БАҚ саласының проблемаларын айта келе, оның бәсекеге қабілетті боуына да назар аударды.
Президенттің бұлай деуіне негіз бар. Соңғы уақытта қазақстандықтар дәстүрлі БАҚ-тан көрі әлеуметтік желідегі жазбаларға, блогерлер мен өнер жұлдыздарының айтқанына көбірек сенетін болған. Бұл кешегі пандемия кезінде, сол сияқты «Қаңтар» оқиғасында анық байқалды. Жалпы, күнделікті өмірде де фэйк-ақпараттармен жиі кезігеміз. WhatsApp мессенджері арқылы чаттан чатқа тараған жалған мәліметтерден «аяқ алып жүру» мүмкін емес. «Онда тұрған не бар» деуіңіз де мүмкін. Бірақ қазіргі заманда теріс ақпараттың суық қарудан да қауіпті екенін ұмытпағаныңыз жөн. Оның салдары қоғамдағы дүрбелеңге дейін алып баруы мүмкін.
Ендеше халық арасында дәстүрлі БАҚ-тың, яғни журналистердің беделі неге төмендеп кетті? халықтың сенімін ояту үшін не істеу керек? Отандық БАҚ саласына реформа қажет пе? Мұны білу үшін Қазақстанның журналистика саласына еңбегі сіңген мамандардың пікірін тыңдап көрдік.
Еркін Қыдыр, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы:
– Салыстырмалы түрде толық еркіндік қай қоғамда да болуы мүмкін емес деп ойлаймын. Қазақ журналистикасын тұсап отырған үш-төрт мәселе бар. Соның бірішісі – мемлекеттік тапсырыс. Мемлекет арнайы тапсырысты тек мемлекеттік басылымдарға ғана емес, барлық басылымдарға бере алады. Ондағы тақырыптар есеп бойынша белгілі бір шеңберден шықпайды. Берілген тақырып аясынан тыс мақала қабылданбайды. Осылайша, баспасөзде жалтақтық пайда болды. Сондықтан мемлекеттік тапсырыстың қағидаларын қайта қарап, басқаша құру керек.
Қазақ тілді журналистердің сауаты ешкімнен кем емес. Шетелде білім алып келіп жатқан небір жас журналистер бар. Тілдегі кейбір кемшіліктерді айтып, журналистика дамымай қалды деп ойлау қате. Қазіргі жастардың көзі ашық, көп тіл біледі.
Ал қазақ журналистикасындағы ең басты проблемалардың бірі – маман даярлау. Қазір әр облыс орталығында журналист дайындайтын факультеттер пайда болды. Облыс орталығында бар дегеннің өзінде бір-екі ғана басылым болады. Ол жерде практикалық сабақ өткізетін білікті, белгілі журналистердің табылуы қиын. Біздің кезімізде бүкіл Қазақстан бойынша екі жерде ғана – Алматы мен Қарағандыда журналистика факультеті болатын. Оған түсудің өзі қиын еді. Осы мәселе кезінде үкіметте қаралды. Ұсыныс та айттық. Қазір бізге маман даярлау мен тілшілерге қоятын талаптарды күшейту мәселесін реттеп алуымыз қажет.
Бибігүл Жексенбай, Бас редакторлар клубының төрайымы:
– Елімізде азаматтық қоғамды дамыту үшін БАҚ-тың белсенділігі және жауапкершілігі жоғары болу керек, яғни бәсекеге қабілетті болуы қажет. Бәсекеге қабілеттілік дегенде тек өз елімізде ғана емес, қазіргідей геосаяси жағдай шиеленіскен кезде халықаралық деңгейде қабілеттілікті жоғарылату керекпіз. Соңғы бірнеше онжылдықта қазақстандық БАҚ тоқырап, тұсауланып қалғаны рас. Әрине, технологиялық тұрғыдан дамыдық. Түрлі сериал, фильмдер түсіріп, ақпаратты әрлеу, графикамен өңдеу жағынан біраз тәжірибе жинадық. Десе де, контенттің мазмұнына, қоғамды, мемлекетті дамыту тұрғысынан қарасақ, бұқаралық ақпарат құралдары өзінің жетекшілік рөлінен айрылып қалды.
Кәсиби журналистика қоғамды алға тартатын локомотив болуы керек еді. Аудитория бірінші кезекте бұқаралық ақпарат құралдарының салмақты, салиқалы сөзіне көбірек назар аударуы тиіс болатын. Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза сияқты журналистиканың заманауи тұлғаларын қалыптастыра алмадық. Халық та, билік те бірдей құлақ асатын мықты журналистер жоқтың қасы. Есесіне, соңғы жылдары әсіресе әлеуметтік желінің дамуымен халық көбіне желідегі жел сөздерге, әртүрлі мақсаттағы негізсіз әңгімелерге еріп кетті. Оны кешегі пандемия кезіндегі оқиғалардан көруге болады. Мысалы, «аспаннан вирус жауып жатыр», «мемлекет халыққа қарсы қадам жасап отыр» деген сияқты мүлде адам санасына сыймайтын дүниелерге халықтың сеніп кеткені рас. Халық кәсіби БАҚ-та жұмыс істейтін тілшілерге қарағанда әлеуметтік желі жұлдыздарының айтқанына сенетін болды. Әлеуметтік желінің мүмкіндігін біздің дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары кеңінен пайдалана алмай жатыр.
Тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елінде сөз бостандығы туралы әңгіме көп. Саяси экономикалық үлкен топтардың бұғауымен сөз бостандығында шектеу болатыны рас. Соңғы жылдары дәстүрлі БАҚ өкілдерінің тісін көрсетпек түгілі, аузы буылып қалғанын мойындауымыз керек. Медиа-жоспар, әртүрлі деңгейдегі шенеуніктердің нұсқауымен жазылатын материалдар көп болды. Арнайы жоспармен жасалған дүниелер халықтың жүрегіне жетіп, көңілінен шықты деп айта алмаймын. Бұл да БАҚ-тың беделінің түсуіне әсер етті.
Дәл қазіргі саяси өзгерістерге байланысты сөз бостандығына мүмкіндік кеңінен ашылып келе жатыр. Дегенмен толыққанды өзгерген жоқ. Бұрынғы форматта жұмыс істеп үйреніп қалған түрлі деңгейдегі билік өкілдері өте көп. Олар әлі де өздері, жұмыстары туралы материалды, шындықты халыққа тезірек жария етуге асықпайды. Екінші жағынан журналистер қауымының кәсіби тұрғыдан фактілермен жұмыс істеуі ойдағыдай емес. Кейбір ақпараттарды журналистік тұрғыдан ішкі цензурадан өткізуіміз керек. Цензура мемлекеттік, билік деңгейінде емес, журналистердің өзінің ішкі цензурасы жоғары болу керек. «Мен бұл ақпаратпен халыққа пайдам тие ме, әлде зиян тигіземін бе» деген негізгі сұрақты өзімізге қоюымыз керек.
Қазіргі жаңа медианың дамуымен әлеуметтік желінің дамуы бұқаралық ақпарат құралдары үшін аса қиынға соғып жатыр. Оның үстіне, әлемдік деңгейдегі және Қазақстанның ішкі экономикалық жағдайындағы қиындықтар табыс табуды қиындатып отыр. БАҚ әлі де мемлекеттің қолдауына зәру. Оқырмандар арасында ақпарат алу үшін ақша төлеу мәдениеті енді қалыптасып келе жатыр (донат – авт.). Бұл болашақта кәсиби журналистердің өз аудиториясын тауып, еркін, тәуелсіз болуына мүмкіндік ашады деп ойлаймын. Ал әзірге дәстүрлі БАҚ-тың 80 пайызы мемлекеттің қолдауына зәру.
Бәсекеге қабілетті БАҚ болу үшін бірінші кезекте кәсіби журналистердің білімін жетілдіруіміз керек. Қазір журналиспін дейтіндер көбейді, бірақ сапасы бұрынғыдай емес. Бұрынғы журналистер санаулы болғанымен әрқайсысы өз алдына тұлға болатын. Журналист ұсыныс айтып, халықтың көкірек көзін ашатындай болуы керек. Жас журналистер осы мәселелерге көбірек көңіл бөліп, білімін жетілдіруі қажет. Осыған орай біз қазір Қазақстан Парламенті Сенатының жанынан арнайы медиа мектеп ашуды жоспарлап отырмыз.
Медиа мектептің негізгі мақсаты – елімізде жыл сайын шығып жатқан жүздеген заңның халыққа әсері, негізгі мақсаты, дайындалу жолын тілшілерге үйрету. Ең бірінші кезекте тілшілер елдегі заң шығару жүйесін дұрыс түсінуі керек. Шығарылған заңның халыққа қаншалықты әсері болатынын біліп, көпшілікке дұрыс жеткізуі қажет. Сондықтан осы бағытта журналистердің білімін жетілдіретін курс ашу ойымызда бар.
Кешегі қаңтар оқиғасы кезінде дәстүрлі БАҚ-қа халық назар аударды. Біз тек сондай төтенше жағдайларда ғана емес, күнделікті өмірде де дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарына деген сұранысты күшейтуіміз керек. Ол айналып келгенде кәсіби деңгейімізге тіреледі.
Айта кетейік, наурыз айындағы Жолдауда Президент БАҚ туралы заңды қайта қарауды үкіметке тапсырған болатын. Қазіргі таңда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі аталған заң жобасын Парламентке ұсынуға әзірлеп жатыр.