Елімізде балалар жылы қанша оқушы мектеп формасын тегін ала алады?
Биылдан бастап қаржылай көмек көрсету ережелеріне өзгерістер енді
Биылғы оқу жылында «Жалпыға міндетті білім беру» қоры аясында республика бойынша 300 мыңнан астам оқушыға мектеп формасын сатып алуға қаражат қарастырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Қаржылай көмек 475 мың балаға көрсетіледі. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, төлемдер бүгін, яғни 23 тамызда аяқталады.
Биылдан бастап қаржылай көмек көрсету ережелеріне өзгерістер енді. Егер бұрын өңірлерде бөлінген сома 17 мыңнан 40 мыңға дейін болса, биыл бұл сома ұлғайтылып, кемінде 37 389 теңге болды.
Қызылорда облысы Шиелі ауданында тұратын көпбалалы ана Сарагүл Ташматованың 8 баласы бар. Оның алтауы биыл мектепке барады. Көпбалалы ананың айтуынша бірер аптада 1-сыныпқа баратын баласына ешқандай көмек көрсетілмепті.
«Бұған дейін «Мектепке жол» акциясы арқылы кәсіпкерлер көмек беріп, балаларыма мектеп формасын алғанмын. Онда да бір балама ғана жетті. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғаннан кейін балаларыма тегін мектеп формасы берілді. Бірақ өздеріңіз де білесіздер, тегін бердік екен деп балаларға өлшемі үлкен, матасы нашар, арзанқол формаларды береді. Осыдан 3 жыл бұрын берген туфлилері қыздарымның аяғына әлі үлкен. Бір жақсысы әйтеуір, сабаққа ұстайтын сөмкесі мен қағаз-қаламсаптары бар. Биыл мектепке баратын алты балама да құжат өткіздім. Бірақ қайсына берілетіні белгісіз. Әр балаға 35 мың теңге аударылады деп естідім. Былтыр балалардың мектеп формасын қаңтар айында алғанбыз. 1 қыркүйекке шамам келгенше не бар, соны кигізіп жіберемін», - дейді Сарагүл Ташматова.
Бұған дейін де ата-аналар Үкіметтен берілген мектеп формаларының сапасына және өлшеміне қатысты шағымдарын жеткізген болатын. Осыны ескерген Оқу-ағарту министрлігі көмек беру тетігін де өзгертіпті.
«Енді ата-аналарға қаржы балаларымен бірге мектеп формасын, аяқ киімін, кеңсе тауарларын және т.б. өз бетінше таңдай алуы үшін банктегі шотына аударылады. Бұған дейін мұның бәрін әкімдіктер сатып алатын және тауардың өлшеміне, сапасына, т.б. қатысты мәселелер туындайтын. Қазір әкімдіктер қаражат аударуды аяқтап жатыр. 37 389 теңге – ең төменгі сома. Жергілікті атқарушы органдар көрсетілген көмек көлемін көбейте алады, бірақ оны азайтуға құқығы жоқ. Кейбір әкімдіктер бұл сомадан артық қаржы бөліп жатыр, мысалы Алматы 43 мың теңгеден. Біз мұны тек құп көреміз», - деді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев.
«Жалпыға міндетті білім беру» қорынан атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ АӘК алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, төтенше жағдайға тап болған оқушыларға және т.б. көмек көрсетілмек.
Айта кетерлігі, жаңа оқу жылында 900 мыңға жуық бала тегін бірмезгіл тамақпен қамтылады. 7 өңірде 1-4 сыныптар оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Ақмола және Маңғыстау облыстарында барлық 1-сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беріледі.
«Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында түрлі ұйымдар, бизнес және белсенді азаматтар 500 мыңға жуық баланы мектепке даярлауға көмектесуде. Биыл Жалпы білім беру қоры есебінен өңірлер 475 мыңнан астам оқушыны қолдауды жоспарлап отыр. Бөлінген қаражаттың жалпы көлемі 49 млрд теңгені құрайды. Осы уақытқа дейін материалдық көмек көрсету орталықтандырылып, жергілікті атқарушы органдармен мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша жүзеге асырылды.