«Мектепке жол» акциясы аясында тағы 12 мың балаға оқуға қажетті құрал-жабдық сыйланды
Акция еліміздің барлық аймағында жалғасып жатыр
«Мектепке жол» жалпыреспубликалық акциясы аясында «Самұрық-Қазына» АҚ 12 мың балаға оқуға қажетті құрал-жабдық сыйлады деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі. Атап айтқанда, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан мен Павлодар және Абай облысының жергілікті атқарушы органдарының ұсынған тізіміне сәйкес халықтың әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларынан шыққан балаларға сый жасалған.
Әр өңірде мектеп табалдырығын аттағалы отырған жас өрендерге кеңсе заттары салынған қоржын-сыйлықтардың жиынтығы 19 тамыздан бастап таратыла бастады. Акция 1 қыркүйекке дейін жалғасады. Осы аралықта волонтерлар мен қызметкерлер тынымсыз еңбек етеді. Мұндай маңызды жоба «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.
«Самұрық-Қазына» АҚ биыл балаларға қатысты бірнеше жобаны қатар жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, спорт нысандарын тұрғызып, кей өңірлерде ерекше қажеттілігі бар бүлдіршіндерді оқытатын орталықтар ашты.