«Прокуратурада таныстары көп»: астаналық келіншек күйеуінен екі баласын ала алмай жүр
Әлия Түлкібаева ажырасу кезінде күйзеліске ұшырап, басында ісік пайда болған

Нұр-Сұлтанда тұратын Әлия Түлкібаева жолдасы Жасұлан Балтабековпен заңды некеге тұрған. Бірақ қазір ажырасып жатыр. Алайда, күйеуі оған екі баласын бермей, өзін үйінен қуып шығыпты.
Әлияның айтуынша, ерлі-зайыптының арасына енесі мен қайын әпкесі от салған екен.
«Бәрі аяқасты болды. Күйеуіммен 2017 жылы заңды некеге отырып, тату-тәтті өмір сүріп жаттық. Бір күні жолдасым ашуланып, мені кінәлап, екі кішкентай баламызбен қосып үйден қуып шықты. Қызым бір жарым жаста, ұлым екі жарым жаста еді. Сөйтсем, оның әпкесі Әлия Досанова мен анасы Фатима Балтабекова мен туралы жала айтыпты, яғни анам екеуміз күйеуімнің отбасын дуалап тастаппыз», - дейді Әлия Түлкібаева.
Осыдан кейін жолдасы Әлияға екі пәтер ұсынып, өзін өмір бойы ақшамен қамтамасыз етемін деген келісімге қол қоюға көндіргісі келген көрінеді. Есесіне, Әлия балаларынан бас тартып, құжатқа қол қою керек болған.
«Мен әрине үзілді-кесілді бас тарттым. Ол бұрынғы прокурор, Ақкөл ауданының прокуроры. Өзінің байланысы мен ақшасын айтып қорқытып, балаларды бәрібір тартып аламын деді. Осылайша, 2022 жылдың наурызынан бері артыма адам салып, менің құпия мәліметтерімді біліп алып жүрген. Оның жалдаған адамдары мен тұратын, туыстарым тұратын орындарға барады. Ол әдейі жол апатын ұйымдастырып, көлігіме видеокамера орнатқан. Бұны маған детективтің өзі айтып берді, аудиожазба қолымда», - дейді Әлия.
Келіншектің сөзіне сенсек, ол ауруханаға түскенде балалардың әкесі де, оның ата-анасы да немерелеріне ақшалай қолдау көрсетпеген, жағдайларын біліп, хабарласпаған.
«Балаларымның әкесі осылайша бес айдан бері өмірімді тозаққа айналдырды. Ол да, оның ата-анасы да балалар туралы естігісі келмеді, қаржылай қолдау көрсетпеді. Қатты күйзелістен басыма ісік шыққан, жедел түрде операция жасату керек болды. Шілденің 15 күні бас ісігі диагнозымен ауруханаға жатып, операция жасаттым. Сол сәтті пайдаланған Жасұлан Балбатеков балаларымды алып кетіп, енді өзіме қайтармай отыр», - дейді келіншек.
Әлия ауруханадан шыққан соң, тамыздың бесіне ұлын туған күнімен құттықтайын деп, ары қарай үйіне алып кетпекші болған. Өйткені, күйеуі балаларды егде жастағы ата-әжесінің қолына тастап, өзі таңертең-кешке дейін жұмыста болады екен.
«Қайын атам мені босағасынан сығалатқан да жоқ. Ұлымды тіпті көруге мүмкіндік бермеді. Полиция шақырып, тіл тигізді. Мені «маскүнем, балаларын тастап кеткен келіншек» деп айыптады. Менің халық алдында мәселені ашық айтудан басқа амалым жоқ. Балаларыма барынша қамқор болдым, балабақша мен бассейнге апарып жүрдім. Қызым әлі омырау еметін еді, ананың махаббаты оған ауадай қажет. Қазір олар бүкіл таныстарын қосып, менен баларымды тартып алғысы келеді. Бірақ, мен өз балаларыма өзім қамқор бола аламын», - дейді келіншек.
Azattyq Ruhy тілшісімен сөйлескен ол қазір оның мәселесіне қатысты асырап алу органдары мен сот байланысқа шыққанын айтып отыр. Біз осы істі назарда ұстаймыз.