Министр Алматыдағы ТЭЦ-2 тағдыры сәуір айында шешілетінін айтты

Сарапшы ТЭН дайындауға 1 млн. АҚШ доллары қажет екенін айтады

Министр Алматыдағы ТЭЦ-2 тағдыры сәуір айында шешілетінін айтты

Алматының эколгиялық жағдайы туралы қоғамда наразылық күннен күнге күшейіп келеді. Әсіресе, әлеуметтік желілерде қаланың ауасын ластап жатқан ЖЭО-2 экологиялық таза отынға қашан көшеді деген сауал оқтын-оқтын көтеріледі. Бұл мәселеге қатысты соңғы рет Алматы қаласының әкімі былтыр күзде мәлімедеме жасаған болатын. Бақытжан Сағынтаев осы көктемде жылу электр станциясының тағдыры шешіледі деп уәде берген. Ол қоршаған ортаның тазалығыны 27 пайызға дейін жақсартуға болатынын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында көтерді. Қаланы дамытудың арнайы жоспарын таныстарғанда «Самұрық-Қазына» қорынан  техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу процесін жеделдетуді сұраған.

Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурастар министрі Мағзұм Мырзағалиев өзінің Twitter-дегі парақшасында Алматыдағы ЖЭО-2 бойынша ТЭН әзірлемесінің басталғанын жазды. Министрдің айтуынша жылу электр орталығын экологиялық таза отынға ауыстырудың техникалық-экономикалық жобасы 2020 жылы сәуір айында аяқталады.  

«Əлеуметтік желілерде Алматының ауасының ластығы жөнінде қызу талқылау жүруде. Президенттің тапсырмасы бойынша, Алматы қаласының ауасын жақсарту шарасының бірі ретінде, ТЭН əзірлемесі басталғанын хабарлағым келеді. Оның шеңберінде, екі нұсқа қарастырылуда: газбен жабдықтауға көшіру немесе ЖЭЦ-2-ге сүзгі орнату. Жоба ТЭН-і сəуірде аяқталады. ТЭН аяқталғаннан кейін, жобаның құны, техникалық сипаттамасы, шығарындының азаюы, барлығы туралы жұртшылыққа жеткізіледі», - деп атап өтті министр.

Ал Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұқбатында экономист Расул Рысмамбетов стратегиялық нысанның газға көшуіне қатысты техникалық-экономикалық негіздеменің неге дайындалмай отырғанын өзінше түсіндіруге тырысты. Маманның айтуынша, энергетиктердің айтып отырған қоршаған ортаға зиянды заттарды жібермейтін сүзгі құрылғысын орнату және ЖЭО-2 толықтай газға көшіруге мүмкіндік бар. Бірақ мәселе қаражатқа тіреліп отыр. Ең өкініштісі, Алматы қаласы әкімдігінің «Самұрық Энерго» компаниясына тікелей әсер ететін тетіктері қарастырылмаған.  Әкімдіктің үкімет басшысына, Президентке және «Самұрық Қазына» қорының басшысына жүгінуден және өтінуден басқа амалдары жоқ.

Экономистің пікірінше, ТЭН жасау үшін қаражат тапшы. Техникалық- экономикалық  негіздеме дайындаудың өзіне 1 млн. АҚШ доллары көлемінде қаражат қажет. Әдетте мұндай құжаттар инвестордың ыңғайына қарай дайындалады. Ал табылған инвесторлар бұл шығынды өз мойындарына алғысы келмеуі мүмкін. Расул Рысмамбетов ойдағы жоспарларды нақты жүзеге асыруға келгенде, жауапкершілікті мойнына ешкім алғысы келмей отыр. Бірақ бұл проблеманы биылдан бастап шешуге кірісу керектігін айтады.

«Менің білуімше жоба қатысуға 3-4 инвестордың ниеті бар. Бірақ оларға қойылған талаптардың өз қиындықтары да жеткілікті. «Самұрық-Энерго» басшылығы да қол қоюға құлықсыз. Себебі мұндай ірі жобалардың соңынан міндетті түрде былық шығады. ЛРТ-ның тағдырын қайталамауына кім кепіл?! Жобаның минималдық құны- 80-100 млн АҚШ доллары аралығында. Бұл сүзу құрылғысына орнататын шығын. Ал табиғи газға көшіру кем дегенде 500 млн долларды қажет етеді»,- дейді экономист.

Алматыдағы ЖЭО-2  көмірмен және мазутпен жұмыс істейді. Қаланы жылумен және электр энергиясмен қамтамасыз ететін орталық 1989 жылы пайдаланылуға берілген. Осы орталықты табиғи газға көшіру туралы бастама 2011 жылдан бері талқыланып келеді. Қазір нысан «Самұрық Энерго» компаниясына қарасты «АлЭС» акционерлік қоғамына қарайды. Жылу электр орталығы шаһардағы 7000 қоғамдық және әлеуметтік нысандар және 20 кәсіпорынды қамтамасыз етеді. Алматы әкімдігінің дерегінше қаладағы экологиялық ақуалға ЖЭО-2 шығатын лас қалдықтардың 27%, ал көліктерден шығатын улы газдардың 60-64% әсер етіп отыр.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.