Сапалы білім қазақ тілінде сабақ беретін мектептерде басымырақ – маман
Биыл елордада 23 580 оқушыға арналған 11 мектеп пайдалануға беріледі
Қазір елордада 149 білім беру мекемесі бар. Оның ішінде 99-ы – мемлекеттік, 43-і – жекеменшік және 7-еуі – республикалық маңыздағы мектеп. Ел астанасында 2020-2021 оқу жылдарында 183 мыңнан астам оқушы болса, 2021-2022 жылдары олардың саны 215 мыңнан асқан. Мұның салдары 3 ауысымдық білім жүйесіне әкеп соғып отыр. Осылайша 15 мектепте бала саны шамадан тыс артқан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Елордада тұрғындар санының күрт өсуі өзекті проблеманы жеделдетіп шешуге итермелеуде. Десе де қалалық Білім басқармасы «әрбір оқушыны біліммен қамтамасыз етуге қауқарлымыз» деп сендіріп отыр.
«Биыл бірінші сыныпқа қабылданып жатқан оқушылар саны өте көп. Кей мектептерде мектеп табалдырығын енді ғана аттап жатқан балалардың саны 300-ден асып кетті, кейбірінде тіпті 400-ге жетіп қалды. Қалай болғанда да біз әр баланы мектепке орналастыруға міндеттіміз. Сол себептен жыл сайын жаңа мектептердің пайдалануға берілуі үш ауысыммен білім беретін мекемелерге түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Мәселен 2020-2021 жылғы оқу жылында үш ауысымды 8 мектеп болса, 2021-2022 жылдары олардың саны төртке қысқарды», - дейді Жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімінің басшысы Асыл Аманкелдіқызы.
Шаһардағы мемлекеттік мектептердің жобалық қуаттылығы 1 200 балаға арналған. Десе де екі ауысымды мектептерде бала саны 3 мыңнан асады. Сондай-ақ, жекеменшік мемлекеттік серіктестік аясында салынған Бином мектептерінің жобалық қуаттылығы 2 мың баланы қамтиды, бірақ олар қазір екі ауысымдық білім жүйесімен 4 мың оқушыны қабылдап жатыр. Жуырда ғана дәл осы мектептің аясында дау туындап, балаларын орналастыра алмаған талай ата-ана басқармаға шағым түсірген еді.
«Бұл мектептің келісімшартында әр сыныпта оқушы саны 25 баладан аспауы тиіс екені көрсетілген. Осыған байланысты 25 баладан артық отырғызуға мүмкіндік болмайды», - деді Асыл Аманкелдіқызы.
Орта білім беру жүйесіндегі тағы бір проблема – кадр тапшылығы. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 600-ден астам мұғалімге сұраныс бар. Оның ішіне колледж мұғалімдері де кіреді. Ал мектептер бойынша 243 кадрға вакансия қарастырылған.
«Көбінде орыс тілінде сабақ беретін бастауыш сынып мұғалімі жетіспейді. Оның үстіне қазір мектепке алу тәртібі де қатаңдатылған. Десе де өзге өңірлерден келіп жатқан кадрлар баршылық. Себебі қазір мұғалімдерге тиісті жағдайлар жасалған. Еңбекақылары артқанымен қоса, жас мұғалімдерге жатақхана да қарастырылған», - дейді бөлім басшысы.
Бүгінде елордадағы 99 мемлекеттік мектептің 35-і – таза қазақ тілінде, 8-і орыс тілінде білім берсе, қалған 56 мектеп – аралас. Елімізде баласын мемлекеттік емес, орыс тілінде оқытқысы келетін ата-аналар әлі де бар.
«Жыл сайын мемлекеттік тілдегі мектептердің санын көбейткеніміз абзал. Көбіне жас ата-аналар балаларын орыс тілінде оқытқысы келеді. Өйткені ата-аналар өздері орыс тілді болғандықтан, әрі «қазақ сыныптарында білім жоқ» деген бұрынғы қалыптасып кеткен түсінікпен орыс сыныбына беруді қалайды. Бірақ сапалы білім мемлекеттік тілде сабақ беретін мектептерде басымырақ. Мәселен оқу жылының қорытындысына зер салсақ, олимпиада жеңімпаздары мен алтын белгі иегерлерінің 80 пайызы – мемлекеттік тілде білім алып жатқан оқушылар. Бұл ретте біз мемлекеттік тілде білім беретін мектептер туралы видеороликтер жасап, әлеуметтік желілерде белсенді түрде таратып жүрміз. Бірақ таңдау – ата-анада», - дейді Асыл Аманкелдіқызы.
Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығы бойынша биыл балаларды бірінші сыныпқа қабылдау 1 сәуірден басталып, 1 тамызға дейін жалғасады. Құжаттарды қабылдау электронды үкімет арқылы жүргізіліп жатыр.
«Бірақ қатып қалған қағида жоқ, мүмкіндігі болмаса, құжаттарды мектепке қағаз түрінде де тапсыруына болады. Егер Egov арқылы 5 күннің ішінде жауап келмесе, ата-ана мектептегі қабылдау комиссиясына баруы тиіс. Бірақ құжат дұрыс болмаса, баланың тұрғылықты мекенжайы сәйкес келмесе немесе сыныпта орын болмаған жағдайда мектептің бас тартуына құқығы бар. Кейбір ата-ана баласын мектепке таңдау құқығымен орналастырғысы келеді. Бұл ретте министрліктің «3+1» деген қағидаты бар. Яғни алғашқы үш бала жергілікті мекенжайы бойынша, ал төртінші бала ата-ананың таңдауы бойынша орналастырылады», - дейді Жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімінің басшысы.
ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРЕТІН МАМАНДАРДЫ ДАЙЫНДАУ
Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептерде инклюзивті білім беру жүйесі де қарастырылған. 2016 жылы қаңтар айында ашылған №83 Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясында қазір ерекше күтімді қажет ететін 104 бала оқиды. Олардың барлығы сау балалармен қатар жалпы білім беру бағдарламасымен оқытылады. Бұдан бөлек, қажет болған жағдайда мұғалімдер психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның шешімімен мүмкіндігі шектеулі балаға жеке оқу бағдарламасын жасайды.
«Мәселен кейбір балаға педагог-ассистент керек болса, ал өзгесі ондай маманның көмегін қажет етпеуі мүмкін. Егер оқушы жалпы білім беру бағдарламасын іліп алып кете алса, ол өз сыныптастарымен қатар білім ала береді. Ал егер де баланың шамасы жетпесе, біздің мектептегі «Бала амандығы» комиссиясы оны бақылап, оған арнайы жеке оқу бағдарламасын әзірлейді. Сондай-ақ, бізде «Жасыл алтын» жобасы бар. Онда балалар табиғаттың тылсым күшін сезінуіне мүмкіндігі бар. Жылыжайда оқушылар бидай, жүгері егіп жатады. Осылайша зерттеу және тәжірибелік жұмыстарды жүргізе алады. Олар білімге өте құштар. Бұдан бөлек бізде эрготерапия бөлімі бар. Ол жерде оқушылар жұмыс істеу қабілеттерін жетілдіреді. Киім үтіктеу, қысқа толқынды пешті қосу деген сынды әлеуметтік дағдыларды үйренеді», - дейді №83 мектеп-гимназиясы директорының бейінді оқыту жөніндегі орынбасары Қымбат Ботабекова.
Мектепте ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы кабинеттер қарастырылған. Бұл баланың санасын дамытуға және ортаға бейімдеуге мүмкіндік береді.
«Бізде инклюзивті қолдау кабинеттері бар. Онда логопедтер, дефектологтар және психологтар жұмыс істейді. Жалпы біздің мектепте 265 мұғалім бар. Айта кететін жайт, ЖОО-ны енді аяқтаған немесе жас мамандар инклюзивті білім беруге дайын емес болады. Мұғалімдер алғашқыда қорқақтайды. Біз оларға ашық есік күндерін, шеберлік сыныптарын өткізіп, курстарға жібереміз. Өкінішке қарай инклюзивті білім беруді үйрететін бюджеттік курстар аз. Сондықтан да кей мұғалімдерді ақылы түрде де оқытуға тура келеді», - дейді мектеп директорының орынбасары.
Қымбат Ботабекованың сөзіне сенсек, мүмкіндігі шектеулі және сау балалардың араласып бір сыныпта отыруы оқушылар арасында еш қиындық тудырмайды. Барлық үрейді тудыратын үлкендер екен.
«Проблеманы үлкен кісілер жасайды. Балаларда ешқандай проблема жоқ. Олар бір-бірін еркін қабылдайды. Бізде бір қиындық тудыратын проблема бар. Ол – лифтің жоқтығы. Арбаға таңылған бір оқушымызды сыныптастары үнемі түсіріп, көтеріп жүретін. Олар оны қиынсынбайтын. Оларда проблема жоқ. Қайта бір-біріне демеу көрсетеді», - дейді Қымбат Ботабекова.
Сонымен қатар, Қымбат Ботабекова мүмкіндігі шектеулі балалардың кей бағытта қабілеттері ерекше екендігін де ескерді.
«Ерекше қажеттілігі бар балалар бір сабақта 45 минут отырмауы мүмкін. 20 минуттан кейін шаршап қалса, оны бөлек кабинетке апарып, онымен жеке жұмыс жүргізіледі. Бірақ олардың білім сапасы жаман емес. Олар қазір пәндік олимпиадаларға да қатысып жүр. Кей баланың миы қатты дамығандықтан, ол математикадан есепті дем арасында шығарып тастауы ғажап емес. Мұнда әр диагноздың өз ерекшелігі бар екенін ескеру керек. Бізде ағылшын тілін жақсы меңгерген, шетелден көшіп келген бір оқушымыз болды. Ол арбаға таңылған еді. Сол оқушымыз ағылшын тілінен химия мен биология пәндерінен өзге оқушыларға үйірме ашты», - дейді Қымбат Ботабекова.
Айта кетерлігі, биыл елордада 23 580 оқушыға арналған 11 мектеп пайдалануға беріледі.