$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Ресейдің химияға толы, арзан шұжығымен бәсекелесе алмай қалдық»: СҚО-да ет өңдейтін кәсіпорындар жабылып жатыр

Өңірде 15 ірі ет өңдеу зауытының тек жартысы ғана жұмыс істеп тұр

«Ресейдің химияға толы, арзан шұжығымен бәсекелесе алмай қалдық»: СҚО-да ет өңдейтін кәсіпорындар жабылып жатыр
Көрнекі фото: ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстанда ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар жабылып жатыр. Өңірде жұмыс істеп тұрған 15 нысанның тең жартысы жұмысын тоқтатты. Оған отандық өнімнің импорттық тауарға бәсекелес бола алмауы себеп. Тұтынушылардың таңдауы көршілес Ресейден келетін шұжық өнімдеріне түседі. Себебі бағасы әлдеқайда арзан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

ЖЕРГІЛІКТІ ӨНІМ ИМПОРТТЫҚ ТАУАРҒА НЕГЕ ТӨТЕП БЕРЕ АЛМАЙДЫ?

«Жергілікті тауарға сұраныс жоқ. Соның салдарынан кәсіпкерлер еселеп пайда табудың орнына шығынға батып жатқанын айтып отыр. Солардың бірі – Петропавлдағы ірі ет комбинаттарының бірінің директоры Серік Ілиясов. Ол бизнесте мұндай кедергілерге тап болуының бірнеше себебін атады. Ең бастысы – нарықты Ресейдің бағасы арзан, сапасы күмәнді тауарының жаулап алуы.

«Қазір бөлшек сауда желілерінің айы оңынан туып тұр. Олар біздің шығарған өнімді сату арқылы ақшаны бізден көп табады. Әрине, сауда-саттықтың да мақсаты сол. Біз сияқты кәсіпкерлерден тауар алғанда 25%-ға дейін жеңілдік сұрайды. Бағасын түсірмесек, өнім сөреге қойылмайды. Өзім басқарып отырған кәсіпорында шамамен 150-ден астам тауар түрі шығарылады. Оның 3-4 түрі ғана қаладағы ірі супермаркеттердің сөрелеріне қойылған. Олар бізді мазақ етіп отыр. Ал қалғанын өзіміздің дүкендерде ғана сатуға мәжбүрміз.

Ресейдің арзан шұжығымен бәсекелесе алмай қалдық. Олардың бізге жіберіп жатқан өнімдерін шұжық деп айтуға келмейді. Толған химия. Сәйкесінше бағасы біздің өнімге қарағанда әлдеқайда арзан. Халық арзан дүниені алады. Бүгінгі күні үлкен өзгеріс болмаса, жағдайымыз оңалмайды. Бұрын отандық өнімге басымдық берілетін. «Қазақстанда жасалған» деген бренд қалыптасып келе жатты. Бірақ ғұмыры ұзаққа бармады.

Қаладағы ең ірі «Магнум» супермаркеттер желісімен де жұмыс алға баспай қойды. Оларда қызмет көрсету сапасы төмен. Тауарлары көпшіліктің көңілінен шықпайды. Сондықтан көпшілік оған нан мен сүт алу үшін ғана барады. Өзім ол дүкендерге бас сұқпаймын. Осының барлығы жалғыз мен басқаратын ғана емес, барлық өндіріс орындарының жұмысына кері әсер етіп жатыр», - дейді Солтүстік Қазақстандағы ірі ет өңдеу кешенінің директоры Серік Ілиясов.

ҚАЗАҚСТАНДА ҚАПТАМА ДА ШЫҒАРЫЛМАЙДЫ

Нарық заңы қатал, тұтынушы тауарды бөліп жатпай көңіліне ұнағанын, қалтасы көтергенін алатыны заңдылық. Алайда отандық тауарөндірушілер бағаның қымбаттауына әкелетін бірнеше фактор барын айтады. Басты себептердің бірі – өнім шығаруға аралған тауарлардың сырттан әкелінуі. Мысалы, Қазақстанда шұжыққа арналған заттаңба мен қабық тапсырыс беруге болатын полиграфия жоқ. Осының бәрін көрші Ресейде жасатуға тура келеді. Рубль бағамының тұрақсыздығы жағдайды тіптен ушықтырып тұр.

«Қазіргі нарықты супермаркеттер билеп тұр. Олармен ешқандай әріптестік орната алмай отырмыз. Ірі сауда нүктелері ресейліктермен жұмыс істейді. Бүгінгі күннің басты саясаты – бағаның төмендігі. Сондықтан біз ең мақтаулы деген өнімдерден бас тартуға мәжбүр боламыз. Себебі бұрынғыдай сапа емес, бағаға жұмыс істейтін болдық. Бәрін тауардың өзіндік құнын төмендету үшін жасаймыз. Сонда сапа қайда қалмақ? Біз қалай болса солай жұмыс істей алмаймыз. Нарықта жылдап жинаған беделден бір күнде айырылғымыз келмейді», - дейді петропавлдық кәсіпкер Светлана Меденникова.

ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ҚЫСҚАРЫП ЖАТЫР

5 жыл бұрын импорттық тауарға бәсекелес болған өнім сапасы бүгінде ешкімге қажет емес болып шықты. Сондықтан кәсіпорындардың өздері де қалмады. Өңірде 15 ірі ет өңдеу зауытының тек жартысы ғана жұмыс істеп тұр. Кәсепкерлер осындай қиын жағдайда өндіріс көлемін азайтуға және жұмыс орындарын қысқартуға мәжбүр. Ал жергілікті бюджетке түсетін салық кеміді. Мәселе өңірлік кәсіпкерлер палатасында да айтылып жатыр. Әзірге нәтиже жоқ.

«Бұл тек Солтүстік Қазақстанда ғана бар проблема емес. Республика бойынша зардап шегіп жатқан кәсіпорындар баршылық. Сондықтан мәселе республика деңгейінде қаралуы тиіс. Біз кәсіпкерлердің шағымдарын жазып алдық. Тиісті құжаттар әзірленді. Оны жоғары жаққа жолдаймыз. Проблеманы шешуге қауқарымыз жетпейді. Және қазір жүріп жатқан үрдіс таза бәсекелестік емес дер едім. Бұл мәселені жан-жақты зерттедік. Қалыптасқан жағдай бізді де алаңдатып отыр», - дейді Солтүстік Қазақстан облыстық Кәсіпкерлер Палатасы директорының орынбасары Марат Ысқақов.

Жергілікті ет өнімдерін қайта өңдеуші кәсіпкерлер тағам өндірісінің қысқаруы – елдің азық-түлік қауіпсіздігіне кері ықпал ететініне шүбә келтірмейді. Ал отандық өндірушілерді қорғап, импортқа шектеу қоятын жүйелі тәсіл жоқ. Сырттан әкелінген тауардың сапасы да бақыланбай отыр.

Серіктес жаңалықтары