$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«70-тен аса қарт кісіге жүйелі көмек көрсетіледі»: Алматыдағы волонтерлік қызмет, қайырымдылық іс-шаралары туралы

Алматы қаласында 28 ірі волонерлік ұйым жұмыс істейді

«70-тен аса қарт кісіге жүйелі көмек көрсетіледі»: Алматыдағы волонтерлік қызмет, қайырымдылық іс-шаралары туралы

Алматы қаласында 28 ірі волонерлік ұйым жұмыс істейді. Жалпы қала бойынша ерікті түрде жұмыс атқаратын волонтерлердің саны 50 мыңнан асады. Ондаған мың студентті волонтерлік жұмысқа тарту қалай жүзеге асып келеді? Еріктілер тобындағы жастардың бастауымен қандай ірі жобалар қолға алынды? Қайырымдылық шарасына қатысқысы келетін жастар, олардың қоғамға көрсетіп отырған көмегі жайлы Azattyq Ruhy тілшісімен болған сұхбатта Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы, ақпараттық-талдау бөлімінің басшысы Мөлдір Оңдасынова айтып берді.

– Мөлдір Убайдуллақызы, биыл елде өте күрделі оқиғалар болды. Сын сәтте ерікті жастар қандай қайырымдылық істерге ат салысты?

– Алматы қаласының еріктілері үнемі белсенді жұмыс істейді. Мысалы, жыл басында қаңтар оқиғасы кезінде қала еріктілері қиын жағдайда қалған отбасыларға, кәсіпкерлерге, мемлекеттік мекемелерге көмектесті. «Жастар қанаты» еріктілерінің күшімен 2000-нан астам әскери қызметкер, тәртіп сақшылары мен коммуналдық қызметшілер ыстық тамақпен қамтылып, ЖОО-лардың 1000 студентіне гуманитарлық көмек көрсетілді.

«Biz Birgemiz» қалалық штабының волонтерлері мұқтаж жандарды 500-ден астам азық-түлік себетімен қамтамасыз етіп, қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен қала ғимараттарын қалпына келтіруге 200-ден астам белсенді қатысты. Жоба аясында Алматы қалалық Жастар қанаты еріктілері, жеке кәсіпкерлердің қолдауымен көпбалалы және жағдайы төмен 80-нен астам отбасыға азық-түлік себеттерін таратты. Қасиетті Рамазан айында «Жастар қанаты» филиалдарымен бірлесіп 3 пансионатқа, 1 қарттар үйіне көмек көрсетілді. 60-тан астам отбасыға азық-түлік себетін тарту етті және Жастар қанаты еріктілерінің ұйымдастыруымен, қала тұрғындары мен қонақтарына тегін су мен құрма 1 ай ішінде күнделікті қаланың 8 ауданында таратылып, қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.

«Бақытты отбасы» жобасы аясында «AMANAT»  партиясымен бірлесе отырып, әлеуметтік аз қамтылған, копбалалы отбасыдан шыққан балаларға арнап мереке ұйымдастырды. Алматыда жүзге жуық бала дельфинарий мен хайуанаттар бағына тегін барып, тәттілер мен шырындардан дәм татты.

– Еріктілер қаладағы қанша қарт немесе мүгедек адамдарды өздерінің тұрақты қамқорлығына алды?

– Қала еріктілері жүйелі түрде қарт кісілерге және мүмкіндігі ерекше жандарға қамқорлық көрсетеді. Жыл басынан бастап 70-тен аса қарт кісіге жүйелі түрде көмек көрсетіліп келе жатыр.

– Белсенді жастардың бойы күш-жігерге толы. Осы ерікті топтардың құрамында жүрген жастардың идеясымен қандай ірі жобалар қолға алынды?

– Жылдың басынан бастап «QAMQOR CHARITY» қоғамдық қоры әлеуметтік шеберхана және Ulagat жобаларын бастады.

Әлеуметтік шеберхана – ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалардың әлеуметтік дамуына, балалармен кәсіптік бағдарлау жұмыстарына бағытталған. «Әлеуметтік шеберхана» жобасының негізгі міндеттерінің бірі – өзекті қысқа мерзімді курстарды оқыту және кәсіби дайындық меңгерту.

Ulagat – жалғызбасты зейнеткерлерге тұрақты түрде көмек көрсету, жүйелі түрде қолдау және көңіл бөлу. Бұл жоба аясында волонтерлер қарттарға барып көмектесіп тұрады, ардагерлер үйінде және пансионаттарда ата-әжелеріміздің бос уақытты қызықты өтуі үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Осындай қызықты іс-шаралардың бірі – апта сайын пансионатта өтетін кинокөрсетілім.

Сонымен қатар, AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты «Өрлеу» жобасын іске қосып жатыр. Бұл жоба қазіргі таңда бастапқы кезеңінде. Ауыл жастарының сапалы білім мен өзі қызығатын сала бойынша ақпараттық білім алуы – күн тәртібінен түспеген маңызды мәселелердің бірі. Сонымен қатар ауыл жастарының үлкен қалаларға әлеуметтік тұрғыда үйренісуі маңызды. Әрі  NEET (Оқу және жұмыспен қамту процесінен тыс қалған жастар) категориясындағы жастардың әр түрлі сала бойынша қолжетімді ақпарат алуы – жобаның өзектілігі. Өрлеу жобасы ешқандай қаржылық ресурсты талап етпейді, жастарға білім бере аламын, бөлісетін ақпараттарым бар дейтін азаматтар болса менторлардың тобына қосылуына болады. Ол үшін «Жастар Рухы» Жастар қанатының әр өңірдегі филиалдарына хабарласуға болады, есігіміз ашық. Немесе jastar_ruhy_almaty Instagram парақшамызға жазсаңыздар болады. Қазір әр саланың ең мықты деген үздіктерінен менторларды іріктеу жүріп жатыр.

– Алматы көшелеріне жыл сайын жүздеген мың көшет отырғызу жобасы басталған. Күз бен көктемде отырғызылатын ағаштарың санын 350 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Осы жобада еріктілердің белсенділігі қалай?

– ТазаLike жобасы аясында жыл басынан бері 15 сенбілік өткізіліп, 60-тан астам ағаш отырғызылды, оның барысында 300-ден астам волонтер қамтылды.

Бұл жобаның мақсаты – Алматы қаласы ірі урбанизацияланған қала болғандықтан әрі экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуына байланысты, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Сонымен қатар жоба аясында Алматы қаласы «Жастар Рухы» Жастар қанаты және Алматы қаласының жоғарғы оқу орындарының белсенді студенттері бірігіп, 5 әлеуметтік қызмет орталығында, жалғызбасты 15 қарт кісінің ауласында тазалық жұмысын жүргізді.

Одан бөлек, ТазаLike жобасы аясында «Айналаңа махаббатпен қара» ұранымен республикалық сенбілік өткізілген болатын, аталған іс-шараға 50-ден астам ерікті қатысып қала көшелеріне көшет ағаштары отырғызылды.

Альфа академия білім орталығының идеясымен «Тілдер саябағы» жобасы бастау алды. Бұл жоба аясында қала саябақтарында жүйелі түрде еркін форматта тегін тілдер курсы өтеді.

Биыл тұңғыш рет «Qaisar» әскери-патриоттық жобасы басталды. Мамыр айында өткен бұл жоба тұрақты түрде жыл сайын ұйымдастырылатын болады. «Qaisar» әскери-патриоттық жобасының мақсаты – жастар арасында Отан сүйгіштікке, жоғары моральдық-психологиялық қасиеттерге тәрбиелеу және әскери қызметтен жалтару үрдісін жою.

– Құмар ойындарға тәуелді жастармен де жұмыс істейтін, жасөспірімдердің жаман жолға түсіп кетпеуінің алдын алатын да еріктілер тобы да бар. Олардың жұмысына тоқталып өтсеңіз.

– Иә, ғаламтордың шырмауына түскен жастармен де жұмыс істейтін еріктілер тобы бар. Бұл – «Жастар Рухы» жастар мен балалар арасында Интернет және YouTube-тәуелділіктер мен құмар ойындардың алдын алу бойынша шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» жобасы.

Бұл жоба аясында тұрақты түрде жастар мен балалар арасында интернетке тәуелділік, құмар ойындар және кибербуллинг деңгейі жоғары аймақтарды анықтау үшін фокус-топтық талқылаулар өткізілді.

Бұл пікірталасқа қатысушыларға негізінен әлеуметтік желілердің пайдасы мен зияны жөнінде жеке пікірі сұралады. Осы арқылы ойынқұмарлықтан қалай арылу және оны қаншалықты жеңу мүмкін деген сұрақтарға жауап беріледі. Қазіргі кезде жоба аясында @galamtop Telegram арнасы іске қосылды, онда кибербуллинг, лудомания, интернет-тәуелділік және т.б. қатысты ақпарат бар.

– Алматы жастардың қаласы. Елдегі ең көп жоғары оқу орындары да осында, сәйкесінше студенттердің саны жағынан да алда. Алматыда қанша ЖОО волонтерлік жұмыспен белсенді түрде айналысады?

– Алматы қаласы бойынша 20-дан астам ЖОО студенттері еріктілік шаралармен белсене және тұрақты түрде айналысады. Онда волонтерлік ұйымдардың филиалдары ашылып, жүйелі түрде жұмыс атқарады.

Серіктес жаңалықтары