Диплом бойынша жұмыс істемеу, уақытша жұмыс, жалақының аздығы: Қазақстандағы жұмыссыздық мәселесі
Жастар арасындағы жұмыссыздықтың себебі неде?
Елімізде биыл І тоқсанның қорытындысы бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9%-ы құрады. Жыл сайын еңбек нарығына 300 мыңға жуық жас шығады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Тәуелсіз ұйымдардың сауалнамасына сәйкес, 25-29 жас аралығындағы респонденттердің 12%-ның әлі тұрақты жұмысы жоқ. Жоғары білімі бар қазақстандық жастардың 40%-дан астамы өз оқыған мамандығы бойынша жұмыс істейді. Осыған байланысты жұмыс орындарын құруға және жастар тәжірибесіне бөлінетін бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне қатысты сұрақ туындайды. Мысалы, соңғы 10 жылда халықты жұмыспен қамту бойынша 1527 жоба қолға алынып 9,1 трлн теңге жұмсалған. Бірақ оның көбі жол ортаға жетпей тоқтап қалған. Бұған дейінгі бағдарламаларда 212 мың жұмыс орны ашылған. Енді халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама аясында 3 жылда 2 млн жұмыс орны ашылады деп жоспарланған, оның ішінде тұрақты жұмыс орны – 32% ғана.
ЖҰМЫССЫЗ ЖАСТАРДЫҢ НАҚТЫ КӨРСЕТКІШІ АНЫҚ ЕМЕС
Статистикалық мәліметтен Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында жұмыссыз жастар саны жоғары екенін көруге болады.
Елімізде бастапқы капиталдың жоқтығына байланысты өз кәсібін аша алмай отырған жастардың үлесі – 32%, ал жеке іс ашуға білім деңгейі жетпеген жастардың үлесі 18% екен.
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, жастардың жұмыссыздық деңгейіне қатысты шығарылатын ресми статистика шындыққа сәйкес келмейді.
«Қазіргі уақытта 14 жастан 35 жасқа дейінгі жастар саны 5,9 млн адамды, яғни ел халқының үштен бір бөлігін құрайды. Сондықтан жастарды мемлекеттік қолдау елеулі ресурстар мен ойластырылған жүйелі шараларды талап етеді. Оның ішінде жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері басты назарға алынуы қажет. Бізде жалпы жұмыссыз, жұмыс істеуге ынтасы жоқ, сонымен бірге уақытша табыс көздеріне машықтанған жастардың санына үңілсек, республика бойынша жұмыссыз жастардың үлесі – 3,9%, NEET жастарының үлесі – 6,7%-ды құрайды, ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық арасындағы жастардың үлесі – 25% деңгейінде. Аталған көрсеткіштер жастар арасындағы жұмыспен қамтылу процестерінің мүлдем басқа деңгейде екенін, яғни жастар арасындағы жұмыссыздық осы үш түрлі көрсеткішпен «әдемі» жасырылған», - дейді депутат.
Оның айтуынша, былтырғы ақпарат бойынша NEET санатындағы жастардың үлесі өндірістік, туристік потенциалы бар өңірлерде, оның ішінде Қарағанды облысында – 9,1%, Ақмола облысында – 8,9%, Қызылорда облысында 8,1%-ға жеткен.
КӘСІП АШАМЫН ДЕГЕН ЖАСТАРҒА 2,5 ПАЙЫЗБЕН НЕСИЕ БЕРІЛЕДІ
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан экономикасының әртүрлі салаларында 8,8 миллион адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде 6,7 миллион адам жалдамалы жұмыс істесе, 2,1 миллион адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Толық жұмыспен қамтылмағандар саны 254 мың адам.
«Қазір Электронды еңбек биржасында 105 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылған. Сондай-ақ биржада Ұлттық жобалар бойынша бос жұмыс орындарының бірыңғай платформасы іске қосылған. Өткен айда Электронды еңбек биржасында Қазақстандағы алғашқы онлайн еңбек жәрмеңкесін өткіздік. Шара 35 жасқа дейінгі жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталған. Жәрмеңкеге 23 ірі компания, банк және сауда желісі қатысып, 1330 бос жұмыс орнын ұсынды. 3,5 мың резюме келіп түсті. Қазір жұмыс берушілер үміткерлерді іріктеп жатыр. Жәрмеңке тұрақты түрде ұйымдастырылады», - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.
Министрдің айтуынша, 2000 жылдардың басында дүниеге келген буын еңбек нарығына шыға бастаған.
«Алдағы уақытта жыл сайын 300-400 мың жас маман еңбекке араласады. Осылайша жұмыс күшінің құрылымы өзгеріп келеді. Қазір жастар икемді жұмыс кестесін және жеке даму мүмкіндігіне көбірек мән береді. Жастарды жұмыспен қамту бойынша министрлік 8 бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Жастарды жұмыспен қамту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жас кәсіпкерлерді қолдау. Жастарға өз кәсібін бастау үшін жеңілдікпен (2,5%) несие беріледі. Сондай-ақ жастардың бизнес-бастамаларын жүзеге асыру үшін грант бөлінеді», - деді министр.
СҚО-ДА ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН БОС ВАКАНЦИЯ КӨП. БІРАҚ..
КАЗГЮУ университетінің сарапшысы, әлеуметтанушы Айдар Хамиттің айтуынша, жұмыссыз жастарға қатысты елімізде бірқатар зерттеулер жүргізіліп келеді.
«NEET санатына кіретін жастардың сипаты – олар еш жерде оқымайды, жұмыс істемейді және алдағы уақытта өзін дамытуға ниеті жоқ. Қазақстанда осы санатқа жататын жастардың көрсеткіші алдыңғы жылдары 9-8% межесінде болса, бұл соңғы көрсетік бойынша 7%-ға жетіп отыр. Ал ресми мәлімет бойынша жастардың жұмыссыздық деңгейі 3,9% деп айтылып жүр. Бұл жерде ескеретіні, статистика Жұмыспен қамту орталығына барып, тіркелген жастардың есебінен ғана шығарылады. Ал орталыққа бармайтындары қаншама?! Олардың үлесін ешкім білмейді», - дейді А.Хамит.
Оның айтуынша, біздегі еңбек нарығындағы ең үлкен проблеманың бірі – тұрақты жұмыспен қамталғандар үлесінің аз болуында.
«ЖОО-да оқыған мамандығы бойынша қызметке тұрып, еңбек жолын бастаған я жалғастырған жастардың пайызы да төмен екенін көріп отырмыз. Бізде статистикалық мәліметке сәйкес оқыған мамандығы бойынша жұмыс істейтіндер үлесі 40% ғана. Жоғары оқу орынында оқыған мамандығы бойынша жұмыс істемейтіндер санының артуы түйткілді мәселе деп атар едім. Бірақ мемлекеттік грант бойынша оқыса, сол салада қызмет етуге міндетті, ал өз қалтасынан ақша шығарып оқыса, ешкімді міндеттей алмаймыз деген пікір айтылып жүр. Осы ретте мемлекет тапсырыс беруші ретінде грант бөлетін болса, білім алып шыққан маманды кейін сол сала бойынша жұмыспен қамтуы тиіс», - дейді сарапшы.
Оның пікірінше, Солтүстік Қазақстан облысында жастарға арналған бос ваканция көп. Бірақ ол жаққа баруға жастардың құлшынысы жоқ.
«Себебі жалақы мөлшері 80-90 мың теңгенің шамасында ғана. Бұл қаражат бір айға кететін шығындарын жабуға жетпейді. Біздегі Жұмыспен қамту орталықтары ұсынған бос жұмыс орындарының айлығы аз. Өйткені, жас маман болғаннан кейін айлық мөлшері, еңбек өтілі, тәжірбиесі ескеріледі. Сондықтан олар қолма қол төленетін, қысқа мерзімдегі қызмет көрсету саласындағы уақытша жұмыстарды таңдайды. Мұндай ваканцияларға жоғары білім қажет емес. Бұған қоса, деңгейі төмен жоғары оқу орындарында білім беру сапасы өте төмен. Ондай ЖОО тек диплом берумен ғана шектеледі. Бұл ертеңгі күні дұрыс маман болып қалыптаспау, жұмысқа орналаса алмау сияқты мәселелерге әкеп тірейді», - дейді А.Хамит.