«Ешкімге жоқ демейміз»: елордалық ҚХА мұқтаждарға қалай көмектесіп жүр
ҚХА елордалық бөлімінің өкілдері қайырымдылық жобалары туралы айтып берді

Қазақтың кең даласы жүзден астам ұлт пен ұлыстың отанына айналған. Елдегі диаспоралар Қазақстанның азаматтығын ғана алып қойған жоқ, ұлтымыздың салт-дәстүрін, тілін, ділін меңгерді. Мұндай ұлтаралық татулықтың ең негізгі сыры өзара сыйластыққа негізделген. Республиканың барлық өңірінде этномәдени орталықтар, ҚХА филиалдары бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Түрлі қайырымдылық шараларын өткізіп, әрдайым қиналғанға көмек қолын созып келеді. Мұны әсіресе кешегі пандемияның алғашқы уақытында анық көрдік.
Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚХА филиалы да осы игі шаралардан тыс қалған емес. Жыл сайын бұл орталық өзге ұлт өкілдерінің басын қосып, түрлі қайырымдылық шараларын өткізіп келеді.
Елордалық ҚХА-ның жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі – қайырымдылықты дамыту болып отыр. Этномәдени ұйымдардың мүшелері барлық қайырымдылық акцияларына қатысуды дәстүрге айналдырып, көп балалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызілікті адамдарға, мүмкіндігі шектеулі балаларға, соғыс және тыл ардагерлеріне көмек көрсетеді.
Ассамблеяның аясында жасалатын қайырымды істер ұлттарды біріктіретін тиімді құралға айналып, азаматтардың бәрін ортақ мемлекеттілік идеясы аясына тарта алды.
Елордалық ассамблеяның тарихы өткен ғасырдың 90-шы жылдары, алғашқы этномәдени орталықтар құрылған кезде басталып, қазір 21 этномәдени ұйымды біріктіріп отыр.
Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының қызметі этникааралық келісім мен толеранттылықты нығайтуға, мәдениетті байытып, этностардың салттарын, дәстүрін, тілін сақтап, дамытуға бағытталған.
«Ассамблея мәдени-ағарту және шығармашылық жұмысын атқарып, сондай-ақ, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетеді. Қазір бізде 56 шығармашылық ұжым, 10 этнолингвистикалық мектеп, жеті қоғамдық келісім кеңесі, 11 жастар қанаты, делдал кеңсесі, ғылыми-сараптамалық топтар, аналар кеңесі, «Жастар ассамблеясы» қалалық штабы, ақсақалдар кеңесі, «Парасат» қайырымдылық орталығы, «Аналар аманаты» қолөнер шығармашылық орталық, «Мәміле» пікірталас клубы, «Жыр орталығы» жұмыс істейді», - деп хабарлады елордалық ҚХА баспасөз қызметі.
Ассамблеялықтар кәрістің «Будданың бейнесі оның мүсініне байланысты» деген мақалды жиі қайталайды. Сондықтан, елордалық Ассамблеяның жалпы келбетін осындай адамдар қалыптастырып отыр, олардың еңбегі бейбіт өмірде білінбесе де, бірақ, солардың жұмысының нәтижесі арқасында елде бейбіт өмір мен келісім орнайды.
Жалпы, астаналық Ассамблеяның қайырымдылықтағы қызметі кең алуан, яғни, бұл көпбалалы, аз қамтылған отбасыға көмек беру үшін ақша жинаудан бастап үлкен ғимараттардың құрылысына дейін қол ұшын созатын ұйым. Мәселен, 2019 жылдан бастап елордалық ҚХА Нұр-Сұлтанда Қазақстан Халқы ассамблеясының даму бағдарламасын жүзеге асырып келеді, ол бағдарлама аймақтық ассамблеялар үшін үлгі болатындай нормативтерге қол жеткізуге бағытталған.
Елорданың 20 жылдығына орай этномәдени бірлестіктер сыйға тартқан Достық үйі Нұр-Сұлтан қаласының сәулетімен айрықша ерекшеленетін нысан ғана емес, шын мәнінде халықаралық және аймақаралық ынтымақтастықтың этномәдени, әлеуметтік, ақпараттық және әдістемелік орталығына айналды. 2021 жылы бұл жерде 252 шара өткен болатын.
«Қазақстан халқы ассамблеясы мен қайырымдылық жасау деген ұғым бір-бірінен ажырамас ұғымға айналды. Біреуге көмек көрсету, мейірімділік таныту мен өзара сыйластық – халқымыздың бойындағы ғасырдан ғасырға келе жатқан басты құндылық. Қалалық жиналыстың басты бағыты өскелең ұрпақты патриотизм мен толеранттылық рухында тәрбиелеп, этнолингвистикалық мектептің қызметі қандай ықпал бере алатынын көрсету. Елордадағы 10 этнолингвистикалық мектепте 460 адам оқиды», - деп хабарлайды елордалық ҚХА.
Жалпы, елордалық ҚХА жұмысының негізгі бағытының бірі – мемлекеттік тілде сабақ беру. Этномәдени орталықтардың мүшелері Достық үйіндегі қазақ тілі кабинетінде тіл үйренеді.
Достық үйіндегі «Парасат» қайырымдылық қызметін үйлестіру орталығы этномәдени бірлестіктердің оқытушыларымен бірге үнемі көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын созады. Мәселен, «Біз біргеміз!», «Қайырымды істер марафоны», «30 қайырымды іс» атты акциялар аясында жыл басынан бері 50 қайырымдылық акциясы өтіп, 5 800 адамға көмек көрсетілді.
Елордалық ҚХА қайырымдылық қызметіне коронавирус инфекциясының таралауына байланысты енгізілген карантин де кедергі бола алмады. 2020 жылы қалалық Ассамблея онлайн режимінде жұмыс істеді және де төтенше жағдай кезінде материалдық қолдауға зәру болған азаматтарға белсенді түрде көмектесті.
Биыл Ассамблея жұмысы үшін ерекше жыл болды. ҚХА этномәдени орталықтардың кәсіпкерлерімен бірге «Қамқор» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Акция Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 30 жылдығы мен Жеңістің 77 жылдығына арналған болатын. 60 отбасына азық-түлік салынған себет таратылды.
Ұйымдастырушылардың бірі, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Башир Солсанов әріптестерімен бірге жерлестерімізді қолдауға дайын екендерін жеткізді.
«Біз сіздерден достықты, патриоттықты, Отанға деген махаббатты үйрендік. Сіздердің алдыңызда және ерліктеріңіздің алдында бас иеміз. Біз сіздердің ерлігіңізбен мақтанамыз», - деді Башир Уматгереевич.
Айтпақшы, этномәдени бірлестіктің басшысы Башир Солсанов жуырда Қазақстандағы Балалар үйіне арналған іс-шара өткізді. 20 маусым күні «Астана» концерт залында «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің халық ансамблі жеке концерттерін өткізді. Ал, концерттен түскен қаражат балалардың еміне берілді.
ҚХА мүшелері ерекше бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты кісілерге, көпбалалы отбасыларға ерекше назар бөледі. «Көмекке зәру адамдарға қол ұшын соз» атты акцияның аясында биыл Ассамблеяның еріктілері азық-түлік салынған 70 қорап таратты, қораптың ішінде, күріш, ұн, қант, макарон, кондитерлік өнімдер, жеке гигиена заттары бар. Акцияға меценаттар, елордалық ҚХА Кәсіпкерлер кеңесінің өкілдері демеуші болған.
Елордалық Ассамблеяның еріктілері үшін жалғызбасты қарт кісілердің ауласын тазалап беру дәстүрге айналған.
Бұл қайырымды істі этномәдени бірлестіктердің мүшелері үнемі қолдайды. Солардың бірі Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Хасан Шәріпов өзбек этномәдени бірлестігін басқарады.
«Қазақстан көптеген этнос үшін отанға айналды. Қазақстан біздің үйіміз дегенді зор мақтанышпен айтамыз. Мен алтыншы атамнан бері қазақстандықпын, Тараз қаласының тумасымын, алайда қазақ халқының көмек көрсету, өзара көмектесу мен жақынының алдында қарызын өтегендей жақсылық жасайтын қасиетіне таң қалудан жалықпаймын. Ассамблея адамдар үшін қанша акция, марафон, қайырымдылық жобаларын жасағанын санап айту қиын. Және де менің ойымша, біз осы жолдан таймай, көмекке мұқтаж азаматтардың бәріне жәрдемдесу керекпіз», - дейді Хасан Шәріпов.
Ол өзбек этномәдени орталығы қазақ халқының бірде бір мерекесін елеусіз қалдырмайды дегенді айтты. Мереке кезінде қолдауға мұқтаж азаматтарға күлкі сыйлайтын мүмкіндік туады.
«Елордалық өзбек мәдени орталығының негізі 2004 жылы қаланған. Бізге ондаған адам көмек сұрап келеді. Олардың айтып жатқан мәселелері өте көп, мәселен, кейбір адамдарға азық-түлік керек, кейбірі киім, оқу құралдарын сұрайды, кейбірі емдеу ақысын төлеп беруді өтінеді. Баса айта кетерлігі, бізге келген кез келген ұлт өкілі қолдауға ие болады, бұны зор мақтанышпен айтамын. Өйткені, қайғы кез келген адамның басына түсуі мүмкін. Қазақ, өзбек, орыс – бізден көмек сұрайтындар өте көп және оларға жоқ деген жауап айтылмайды. Яғни, қандай да бір этномәдени бірлестік тек сол ұлттың адамына көмектеседі деген жалған сөз», - дейді Хасан Шәріпов.
Орталық Наурыз мерекесіне орай палау пісіріп, оны тегін таратуды дәстүрге айналдырған, сондай-ақ мереке кезінде тегін концерт өткізіп, тіл үйренетіндерді курстарға шақырады, мүгедектер мен ерекше балаларға көмек береді. Хасан Шәріповтің айтуынша, көмек сұраған адамдардың көбін орталық қызметкерлері жақсы танып алған. Бірлестіктің жұмысшылары әрбір адамның мәселесі қандай екенін жақсы біледі.
«Өзара көмек көрсетудің арқасында адамдар ҚХА мен этномәдени қоғамдастықтар туралы жақсы пікірде қалады», - дейді Хасан Шәріпов.
Халықаралық әйелдер күніне орай «Ахыска» түрік этномәдени орталығы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен зағип әйелдер үшін Достық үйінде мерекелік бағдарлама ұйымдастырған.
Орталық төрағасы Әскер Пириев ол әйелдерге сыйлық табыс етті. Зағип әйелдер арасында тағдырдың осы қиындығына қарамастан, мәдениет, шығармашылық, спортта жеңіске жеткен нәзік жандар бар.
ҚХА өкілдері атап өткендей, жыл сайын қайырымдылық акцияларын саны артып келеді. Және олардың бәрі бір-біріне ұқсамайды, әртүрлі. Көмек алып жатқан азаматтар да әртүрлі, бірі бала болса, бірі әйел адам, бірі ерекше қамқорлықты талап ететін қарт кісі.
Біз осындай көмекке зәру әрбір адам елордалық Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауын сезінетіне сенімдіміз. Шын жүрегімен қайырымдылық жасаған әрбір адамға алғысымыз шексіз. Айта кетерлігі, меценаттар мен еріктілер адамдарға көмектесіп қана қоймай, қайырымды істерге түрткі бола білетін жандар, деп қорытындылады елордалық Ассамблея өкілдері.