Жамбыл облысында басқарма басшысы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді
Соңғы дереккөздерде Жамбыл облысының кәсіпкерлік басқармасының басшысы деп 2019 жылы тағайындалған Жеңіс Сариев көрсетілген
Жамбыл облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен «Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.
«Ол көрсетілмеген қызмет үшін жеке кәсіпкерлік арқылы жүйелі түрде қаржы аударып, кейін оны қолма-қол ақшаға ауыстыру арқылы, сондай-ақ іс жүзінде жұмыс істемеген тұлғаға заңсыз жалақы төлеу арқылы бюджет қаражатын жымқырды деп күдікке ілінді. Ағымдағы жылдың 1 ақпанында күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілді», - деп хабарлайды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 24 шілдесінде Жамбыл облысы әкімінің өкімімен облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы болып Жеңіс Сариев тағайындалған. Алайда, агенттік таратқан ақпаратта күдікке ілінген лауазымды тұлғаның аты-жөні көрсетілмеген.