«Кегенге кел»: Алматы облысында аудан атқамінерлері жерді қалай бөліске салған?

Алматы облысында шалғай жатқан аудандардың бірінде шенеуніктер ауылшаруашылық жерлерін талан-таражға салуы мүмкін деген күдікке ілінді

Кеген ауданыдағы бір топ шаруа атқарушы билік өкілдері жерді конкурс арқылы бөлу кезінде тамыр-таныстық пен заңсыздыққа жол берген деп есептейді. Комиссия мүшелері мен оның жақындары жеңімпаздар қатарынан көптеп көрінген соң, жергілікті тұрғындар заңсыздыққа жол берілген деп наразылық танытты. Өңірде қалыптасқан жағдаймен танысып қайтқан   Azattyq Rýhy тілшісіне атқамінерлер  тексеру басталғанын айтты. Ал шабындық жерлерге қолы жетпеген халық жер бөлу комиссиясын таратуды талап етіп жатыр.

Алматы облысының Кеген ауданы 2018 жылы Райымбек ауданынан бөлініп, қайта құрылды. Аудандық әкімдік былтыр ауылшаруашылық жерлерін түгендеп, бос жатқан телімдерді шаруаларға байқау арқылы үлестіруге шешім қабылдайды. Ревизия кезінде анықталған 238 гектар шабындықты жалға беру үшін арнайы комиссия құрылған.   

Мемлекет меншігіндегі жерлерді жалға алу үшін халық  былтыр 7 желтоқсанда Кеген аудандық әкімшілігінің ресми сайты мен аудандық «Қарқара» газетінде жарияланған байқауға сәйкес құжаттарын жинай бастаған.  Ал конкурстың өтетін күні 2020 жылдың 20 қаңтары деп белгіленеді. Жерді бөлу комиссиясының төрағалығы аудан әкімі орынбасарларының біріне жүктеледі. Оның құрамы шенеуніктерден тыс қоғам белсенділері  және депутаттардан жасақталған.

«2020 жылы көктемде шаруалар жұмыс жасасыншы деп осы конкурсты өткізуді өзім басшылыққа алдым. Комиссияға айтып едім, халыққа жағдай жасайық, қай жер болса да бос жатпасын дедім. Негізі менің ниетім түзу, осы азаматтарға таратып берсінші дедім. Ары қарай жұмыс жасау комиссияға жүктелген болатын. Оның құрамында мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері бар. Солар ақылдаса отырып, кімнің құжаты дұрыс, келешекте шаруа жүргізуге кімнің мүмкіндігі бар, соған қарай шешім қабылдауы керек болған», - дейді Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов.

Аудан орталығына іргелес орналасқан Қарқара ауылдық округі мен Тұйық ауылының шаруалары 29 қаңтарда конкурс қортындысы жария болғанда, өздерін тізімнен таппаған. Байқаудың қорытынды хаттамасында 58 лот бойынша жеңімпаздардың есімдері көрсетілген. Ауыл тұрғындары жарияланған құжатты сараптай келе, аудандағы ондаған лауазымды тұлғаның туыстарының лоттар бойынша жеңімпаздар сапына кіргенін анықтайды. Аудандық прокуратураға дереу жазылған хатта жерді комиссия қорытындысына сәйкес жалға алғандар сапынан аудан әкімі орынбасарының ұлы, аудандық полиция басшысының әкесі, ауылдық округ әкімдерінің туыстары табылған.

«Жеңімпаздар санатында Күнесбай Азамат Кеңесұлы Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кабылбеков Кеңес Күнесбайұлының баласы, Уркимбаев Стамшал аудандық полиция бөлімінің басшысының әкесі, Молдабаев Сағат Қарқара ауылдық округі әкімінің әкесі және Суатаев Жұмаш Құрманжанұлы есімді осы комиссия мүшесі жеңімпазы Кушекбаев Серик Торебекович. Бұл кісінің баласы Жер кадастрлық мекемесінің қызметкері Кушекбаев Мурат екені бәріне таныс. Жер бедерін және жердің орналасу аймағын білетін қызметкердің әкесі «жабық» режимде өткен шаруа немесе ауыл шаруашылғы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру бойынша конкурсында жеңімпаз болуы қалай?

29 –шы  лоттың жеңімпазы Такабаев Марат мемлекеттік қызметкер Такабаев Олжастың әкесі. Ол шаруа немесе ауыл шаруашылы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру бойынша конкурсын «жабық» режимде өткізгенде жеңімпаз болып отыр.

41-ші лот бойынша Ибижанов Амантай Алдамбергенович Жер кадастрлық мекемесінің қызметкері Ибижанова Айманның әкесі. 52-ші лот бойынша жеңімпаз Исаев Шайытқан Жумадилович Кеген ауданы әкімшілігінің аппарат басшысы Исаев Медеттің әкесі. 54-ші лот бойынша жеңімпаз болған Токушова Эльмира Кайратовнаның күйеуі Желденбаев Еркебұлан Баймырзаұлы мемлекеттік қызметкер, Тұйық ауылдық округінің бас маманы. Сонда бұл жағдайлар жәй кездейсоқтық дегенге сену қиын. Егер осы кісілердің шаруа немесе ауыл шаруашылы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру бойынша конкурсында балдары жоғары болса неге конкурс «жабық» режимде өтті», - делінген құзырлы органға жолданған хатта.

Аудандағы ауыл шаруашылығы үшін жалға берілетін жерлердің заңдылығына күмәнданған бірнеше тұрғын дүйсенбі күні әкімдік алдына жиналып, қалыптасқан жағдай туралы Алматыдан барған БАҚ өкілеріне айтып берді. Қарқара ауылынан келген шаруалар әрқайсысында 50-60-тан ірі-қара мал барын, бірақ шабындық үшін ұлтарақтай жерге зар болып жүргендерін айтады. Ауылдың айналасындағы жерлерге мал өткізбейді, үлкен-үлкен фирмалар қоршап алып, тіпті айналасын қазып тастағандары да бар. Шұңқырға малдар түсіп өлген жағдайлар халықты ашындырып отыр.

«Жұмаш деген азамат комиссия мүшесі. Жерді алдын ала қоршап, дайындап, пайдаланып, конкурсқа түсуге қамданды. Бұл әділеттілік пе? Сондай-сондай мысал көп, жері барларға, 90 гектар бір адамға неге беріледі, соны он адамға 9 гектардан бөліп берсе, болмай ма?!», - дейді Қарқара ауылының тұрғыны Азамат Нұрсапаев.

«Біздің ауылдан үш лот түсті 52,53 54 номерлі лоттар. Соның 53-54 лоттарына қатысып, ала алмадық. Біреуін әкімшілік қызметкерлігіндегі ауылдағы бас маман алды, екіншісін осы Кеген ауданындағы әкімдіктің аппарат басшысы Медет Исаевтың әкесі алды», - дейді Марат Қыдырбай есімді тұрғын.

Байқауға құжат өткізіп, бірақ жерді ала алмаған шаруалардың саны 50 адамнан асады. Олар енді аудандағы осы конкурсты ұйымдастыру жөніндегі комиссияны таратып, қайтадан әділ байқау өткізуді талап етеді. Даладағы халықты кеңсеге шақырған аудан басшылары шаруалардың сұрауы ескерусіз қалмайтынын айтты. Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов аталған комиссияның жұмысы уақытша тоқталығанын мәлімдеді. Енді Алматы облысының орталығынан арнайы келген жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы мамандары құжаттарды тексермек.  

«Комиссияға сенімсіздік танытсаңыздар, өзім өткен жұмада облыстық жер инспекциясына хат жолдадым. Құрылған комиссияға да хат жолдадым. Халықтың наразылығының туындауына байланысты комиссия жұмысы уақытша тоқтайды. Енді жер инспекциясы келеді. Осы комиссияның ақ-қарасын анықтайды. Соған сәйкес шешім қабылдаймыз. Мені дұрыс түсініңіздер,өз басым осы аудандағы жер сіздерге тисін деп ойлаймын», - дейді аудан әкімі.

Облыс орталығынан 500 шақырым қашықтықта жатқан Кегендегі жағдайдан облыс әкімінің де хабары бар. Амандық Баталов жауапты басқармаларға тапсырма беріп, шаруалардың арызын жіті тексеруді сұрады. Бір аптадан соң, тиісті қорытынды жарияланады деді, Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалмұрат Жүкел.

«Ауданда лоттар бойынша тексеру жүргізіледі. Заңдылыққа сәйкестігін тексеру үшін прокуратура да тартылды. Егер заңсыздық анықталса, бұл комиссияның шешімдері толығымен жойылып, арнайы қайтадан комиссия құрылады. Сонымен қатар комиссия жұмысында ағаттықтар анықталатын болса, тәртіптік немесе қылмыстық жауапкершішліктер қарастырылады», - дейді облыс әкімдігінің өкілі.

Дерек үшін:

Кеген ауданының  құрамына 11 ауылдық округ пен 20 елді мекен кіреді. Халқының саны - 32 мың.

Ауыл шаруашылық жерлері – 291 мың га, жайлымдық жерлер – 226 мың га, шабындық жерлер – 29  мың га, егістік жерлер – 35 мың га.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы облысы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.