«Қытайдан келгендердің бәрін бірдей тексере алмаймыз». ДСМ елді сабырға шақырды
Қытайдан эвакуацияланған студенттердің ешқайсысынан коронавирус табылмаған
Қауіпті коронавирус тарағалы бері Қытайдан Қазақстанға келген адамдардың саны 30 мыңға жуық. Оның 29 мыңы қазақстандықтар. Соңғы екі апта (14 күн – авт.) ішінде Қазақстанға келген 10 мың адам тиісті министрліктің бақылауында екен. Қазір оларды тұрғылықты жері бойынша тексеріп жатыр. Мұндай ақпаратты БАҚ өкілдеріне Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтып берді.
Министрдің айтуынша, егер ауру белгілері болмаса, адамдардың бәрін арнайы тестілеуден өткізудің қажеті жоқ.
«Басқа елдерден, тіпті Қытайдан келген азаматтардың бәрін жаппай коронавирус бойынша лабораториялық тестілеуден өткізудің қажеті жоқ. Тексеру адамда ауру белгілері болғанда ғана жүргізіледі. Жөтелгендердің, қызуы көтерілгендердің 90%-ы кәдімгі тұмау болып шығады. Ал 18 млн халықтың бәрін коронавирусы бар-жоғына қатысты тексере алмаймыз ғой», - дейді министр.
Министр халықты сабырға шақырды.
«Мысалы, сіз Пекиннен келдіңіз делік. Сізден коронавирус таппады. Сосын екі-үш күннен кейін сыртқа шығып, дүкенге барып, кез келген инфекцияны жұқтырып ауырып қалдыңыз. Міне, осы кезде қайтадан коронавирусқа тексерілу қажет емес. Коронавирустан да басқа инфекция көп қой. Сондықтан халықтан дүрлікпеуді сұраймыз. Анализдер де өте қымбат тұрады»,- деді Елжан Біртанов.
Сондай-ақ, жақында Қытайдан эвакуацияланған студенттердің ешқайсысынан коронавирус табылмаған.
«Нұр-Сұлтан қаласындағы студенттердің жағдайы жақсы. Бәрі арнайы инфекциялармен күресетін ауруханаға жатқызылды. Кеше арнайы тексеруден өткізіп, бәріне телефондары мен басқа да заттарын қайтарып бердік. Коронавирус ешқайсынан табылмады. Бірақ, халықаралық стандартқа сәйкес, олардың бәрі 14 күн карантинде болады», - деді министр.
Студенттерден бөлек, еліміздің басқа қалаларында жалпы саны 33 науқас жатыр. Әзірге олардан коронавирус белгілері табылмаған. Соңғы мәліметтер бойынша, әлемде коронавирустан көз жұмғандар саны 425 адамға, инфекция жұқтырған адамдардың саны 20 мыңға жеткен.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан