$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жыл сайын 1,5 млн текше метр ағаш кесіледі: СҚО-да ормандар оталып жатыр

Көпшіліктің айтуынша соңғы жылдары тұтас ормандар жойылып жатыр

Жыл сайын 1,5 млн текше метр ағаш кесіледі: СҚО-да ормандар оталып жатыр

Қазақстанда жыл сайын 1,5 млн текше метр ағаш кесіледі. Оның 70 пайызға жуығы отын, қалғаны өндірістік мақсатқа пайдаланылады. Әсіресе қысы қытымыр, көгілдір отынмен қамтылмаған солтүстік халқы осы бастан жылыту маусымына қамдануда. Шал ақын ауданындағы Ақсу ауылының тұрғындары елді мекен іргесіндегі қайыңның 15 жылдан бері жөн-жосықсыз кесіліп жатқанына шағымданды. Көпшіліктің айтуынша соңғы жылдары тұтас ормандар жойылып жатыр. Ал Жамбыл ауданындағы Сәбит ауылының тұрғындары қыс мезгіліне отын дайындай алмай отыр, деп хабарлайды  Azattyq Ruhy тілшісі.

«ЖЫЛЫНА БІРНЕШЕ ШОҚ ЖОҚ БОЛАДЫ...»

Шал ақын ауданындағы Ақсу ауылының маңындағы қайыңды ормандар бірнеше жылдан бері жаппай оталып жатыр. Тұрғындардың айтуынша мұндай үрдіс жақын маңдағы елді мекендерде де байқалады. Жарты ғасыр өскен ағаштар қас-қағым сәтте отынға айналуда.

«Ауыл маңындағы ағаштарды жаппай кесу шамамен осыдан 10-15 жыл бұрын басталды. Бұл алаңдатарлық жағдай. Ертеңгі ұрпаққа не қалдырмақпыз? Мені осы мәселе ойландырады. Кесілген ағаш шықпайды деуге тағы болмас. Бірақ оған бір адамның ғұмыры керек. Құзырлы органдар бұл мәселені реттеп отырған жоқ. Жыл сайын бір шоқ жоқ болады. Ал шіріген ағаштар тұр. Оны ешкім кесіп жатқан жоқ. Және қазір отынға кетіп жатқан қайыңдар шіріген дегендермен де келіспеймін. Бәрі сап-сау, жайқалып өсіп тұр», - дейді Ақсу ауылының тұрғыны Асхат Жылқайдаров.

Ақ қайыңдар өлкесі аталып кеткен Солтүстік Қазақстанда 546 мың гектар орманды алқап бар. Орта есеппен 6 мыңнан астам гектары жыл сайын отынға және өндірістік мақсатқа кесіледі. Ал егілетіні 1 мың гектарға жетпейді.

ОТЫН САТУ ТИІМДІ КӘСІПКЕ АЙНАЛДЫ

Қазір заңды тұлғалар бір текше метр қайыңды жаздырып алу үшін 2900 теңге төлейді. Отын дайындаушылар оны кем дегенде 10 мың теңгеге сатады. Тіпті бұдан қымбат бағаға басқа өңірлерге апаратындар бар. Яғни, еселеп пайда табады. Жаман бизнес емес. Сондықтан отын кесіп сатушылар аз емес.

«92 текше метр жаздырып алдым. Күніне бір тіркемеден сатып жатырмыз. 55 мың теңгеге. Біздің әрекетте ешқандай заңсыздық жоқ. Қай жерде берді, сол жерден кесеміз. Ортасы шіріген ағаштарды алып жатырмыз», - дейді Ысқақ Ыбыраев ауылының тұрғыны Жанболат Қожақпаров.

ҚАРАПАЙЫМ ТҰРҒЫНДАР ҚЫС МЕЗГІЛІНЕ ОТЫН ДАЙЫНДАЙ АЛМАЙ ЖҮР...

Жамбыл ауданында да ағаш кесу үрдісі бар. Бірақ қарапайым тұрғындар қыс мезгіліне отын дайындай алмай жүр.

«Басқа жақтан келіп, ауыл іргесіндегі ағаштан отын дайындап сататын кәсіпкерлер бар. Олар қайыңды емін-еркін кесіп жатыр. Ал біз бірнеше текше метр жаздырып алайық десек, тамызға дейін ағаш кесуге болмайтынын айтады. Ақылға сыймайтын нәрсе. Бұны аудандық орман шаруашылығы әдейі жасап отыр деп ойлаймын. Себебі олар отын дайындаушылармен келісіп алған болуы мүмкін. Осылайша халық күзге дейін отын дайындап үлгермейді де амалсыздан сатып алады. Ал тамыз кезінде мал азығын дайындау науқаны қызады. Ол кезде отын әзірлеуге уақыт болмайды. Олар осының барлығын ескеріп, өз тауарын өткізу үшін жасап отыр», - дейді Сәбит ауылының тұрғыны.

Мәселенің мән-жайын білмек мақсатта Жамбыл аудандық орман шаруашылығы мекемесінің диекторын сөзге тарттық. Айтуынша биылға транш 100 пайыз игерілген. Сондықтан әзірге ағаш жаздыру тоқтатылды. Бұл да сала жұмысының дұрыс реттелмегенін аңғартады.

«7 мың текше метр ағаш жазылды. Аудан тұрғындарына бұл жетпейді. 7 ауылдық округ бар.  Екінші траншқа облыстық басқармаға сұраным жібердік. Қазір қаралуда. Шамамен бір айда дайын болады. Жекеменшік тұлғалар да жаздырып алған. Кім қанша алғысы келсе де шектеу жоқ», - дейді «Жамбыл орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Ерлан Есімбаев.

17 МЫҢ ГЕКТАР ОРМАННЫҢ ҚАЙЫҢЫ ШІРІП КЕТТІ

Қазақстан ағаш қоры аз мемлекеттердің қатарында. Ел аумағының 5 пайызы ғана орманды алқап. Сондықтан оны бей-берекет отау кім-кімді болсын қынжылтады.

«Орман шіри бастағанда талап бойынша оны кесу керек. Орманшылар тұтынушыларға өздері қалаған жерден ағаш бере алмайды. Шал ақын ауданындағы жұмыс жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Биыл өңірде 55 мың текше метр ағашты игеру жоспарланған. 30 пайызы орындалды», - дейді СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бөлімінің бас маманы Қайроллла Байтеңізов.

ЖЫЛ САЙЫН 1,5 МЛН ТЕКШЕ МЕТР АҒАШ КЕСІЛЕДІ

Соңғы үш жылда теріскейде жерасты суларының көтерілуінен 17 мың гектар алқап қайың шіріп кеткен. Құзырлы органдар бұл үрдісті қолмен тоқтату мүмкін емес екенін айтып, әзірге шарасыз отыр.

«Мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 30 552,5 мың гектарды құрайды және республика аумағының 11,2 пайызын алып жатыр. Орманмен қамтылған жерлер 13 635,3 мың гектарды немесе орман қоры жерлерінің жалпы ауданының 44,6 пайызын алып жатыр. Оның ішінде қайың 1047,6 мың га алқапта, көлемі 92 519,9 текше метр. Бұл кесулердің нәтижесіндегі ағаштар отындық, сондай-ақ өндірістік мақсатта пайдаланылады. Жыл сайынғы мемлекеттік орман қоры учаскелерінде сүректі түбірімен босатудың көлемі орта есеппен 1 500 000 м3, ал оның ішінде ағаштары өндірістік мақсатта қолданылатын, басты мақсатта кесудің көлемі орташа есеппен 450 000 текше метр», - дейді Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Айнұр Жасұланова.

Серіктес жаңалықтары