Жалғыздық па, жетіспеушілік пе: Қазақстанда ерлер әйелдерге қарағанда 5 есе көп суицид жасайды
35-54 жас аралығындағы ер адамдар өзіне қол жұмсауға бейім келеді
Қазақстанда жыл сайын мыңдаған адам өз-өзіне қол жұмсайды. Қазақстан жылда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының рейтингі бойынша суицид деңгейі ең жоғары жиырма елдің қатарына кіреді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ranking.kz сайтының жазуынша, Құқықтық статистика комитеті мен ДДСҰ мәліметтерінде ер адамдар арасында әйелдерге қарағанда өзіне қол жұмсайтындар саны 4-5 есе көп кездеседі.
Сондай-ақ Қазақстанда жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау дерегі жиі тіркеліп жатады. Соңғы бір жылда барлық суицидтің 4%-ын 18 жасқа толмағандар жасаған.
Жалпы, 18-75 жас және одан жоғары жастағы адамдар өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларының 76 пайызын ер адамдар құрайды.
«Ер адамдар неге өз-өзіне қол жұмсайды деген сұраққа жауап беру қиын. Қазақстанда суицидке байланысты факторлар туралы зерттеулер аз. Сондықтан әлеуметтанушылар көбінесе болжамды деректерге сүйенуге мәжбүр. Өзіне қол жұмсауға шешім қабылдаған жандарға биологиялық, экономикалық, психологиялық және басқа да көптеген факторлар әсер етеді», - дейді мамандар.
Нұр-Сұлтанда жүргізілген алты жылдық зерттеуге сәйкес, суицидтің көбеюіне тіптен, ауа температурасының жоғарылауы да әсер етуі мүмкін. ҚР Құқықтық статистика комитеті «өзіне қол жұмсар алдындағы факторлардың» тізімін жасаған. Осылайша, суицид көбінесе жалғыздықтың, ақшаның жетіспеушілігінің немесе, ажырасып кетудің «салдары» екенін анықтаған.
Дегенмен, денсаулық проблемалары мен психикалық ауытқушылықтар туралы көп айтыла бермейді. Мысалы, ДДСҰ өзін-өзі өлтірудің қауіпті факторы санайтын депрессия ешқашан комитет есептерінде кездеспеген.
Көбінесе өзіне қол жұмсау факторларын анықтау мүмкін емес. Мысалы, 2021 жылы суицидтердің шамамен 28%-ының себебі анықталмай қалды. Көп жағдайда - 60% дейін - «себебі белгісі» делінеді.
2021 жылы құқық қорғау органдары ерлер арасындағы 377 суицидтің ғана себебін анықтай алды. Ал бұл осы кезеңдегі ерлер суицидінің 12 пайызы ғана.
Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, 2021 жылы ең көп тіркелген факторлар жалғыздық (27%) және қаржылық қиындықтар (28%) болған.
Samaritans агенттігінің талдауына сәйкес, ер адамдар әйелдерге қарағанда жалғыздықты көбірек сезінеді екен.
Қазақстанда өз-өзіне қол жұмсаудың тағы бір жиі кездесетін факторы - қарым-қатынастың үзілуі. Көбінесе ажырасу факторы орта жастағы ер адамдарды өз-өзіне қол жұмсауға итермелейді.
Суицидке әкелетін тағы бір маңызды фактор – экономикалық жағдай. Әлеуметтік-экономикалық жағдайы кедей ерлер жағдайы ауқатты ерлерге қарағанда он есе көп күйзеліске түседі.
Жалпы, Қазақстанда 35-54 жас аралығындағы ер адамдар өзіне қол жұмсауға бейім. 2015 және 2021 жылдар аралығында осы жас аралығындағылар барлық суицидтің үштен бірін құраған.
«Бұл жаста ер адамдар жұмысқа өзінің еркектік болмысын қалыптастырудың тәсілі ретінде қарайды. Өмірдің осы кезеңіндегі жұмыссыздық ер адамдарға қатты әсер етеді, өйткені ол ерлердің тұрақтылық пен қауіпсіздікке деген үмітін жоққа шығарады. Жұмыссыз ерлер отбасын асырау және бос жүрмеу деген екі маңызды парызын атқара алмағанда, өзін ешкімге қажетсіз жан сезінеді», - дейді мамандар.