$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Соңғы 10 жылда жәрдемақы алушылар саны 528,6 мың адамға өскен: елімізде ана капиталын енгізу керек пе

Ана капиталын енгізуге бюджеттің «шамасы» жете ме?

Соңғы 10 жылда жәрдемақы алушылар саны 528,6 мың адамға өскен: елімізде ана капиталын енгізу керек пе

Елімізде шамамен 1 млн бала немесе әрбір алтыншы бала Қазақстанда кедейшілікте өмір сүреді. ЮНИСЕФ ұйымының 2018-2019 жылдары жасаған «Қазақстан Республикасындағы балалардың жағдайын талдау» зерттеуінде қазақстандық балалардың 15,6%-ы табыс деңгейі ең төмен отбасында тұратыны анықталған. Отандық зерттеушілердің айтуынша, соңғы жылдары елімізде көпбалалы болу кедейлік факторына айналған. Кедей санатына жататындардың 80%-дан астамы 5 және одан да көп адам бар отбасында тұрады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Статистика бойынша елімізде 340 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Сонымен қатар, толық емес отбасылардың түйткілді проблемалары да жылдан жылға аса өзекті болып отыр, мұнда балаларды тәрбиелеудің барлық ауыртпалығын ата-аналардың бірі – анасы немесе әкесі көтереді. Бір, екі немесе үш бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана немесе жалғызбасты әкенің шешілмеген әлеуметтік мәселелері жетіп артылады. Сөйте тұра олар елімізде әлеуметтік қолдауды қажет ететіндер санатына кірмейді. Зерттеу мәліметіне сәйкес, бізде мұндай отбасылардың 500 мыңнан астамы жалғызбасты аналар екен.

Осы ретте, мемлекет ана мен баланы қорғауға бағытталған әлеуметтік салада бірқатар қадамдар жасауда. Десе де, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің көбі дерлік – қысқа мерзімде жасалып жатқан қадамдар. Бұл елдегі аналар мен балалардың өмір сүру сапасын жақсартуда және әлеуметтік-экономикалық, білім беру, медициналық, мәдени және сандық теңсіздік мәселелерін шешуде ешқандай маңызға ие емес.

АНА КАПИТАЛЫН ЕНГІЗУГЕ БЮДЖЕТТІҢ «ШАМАСЫ» ЖЕТЕ МЕ?

Әлеуметтанушы, Батжан Ақмолдинаның айтуынша, қазір мемлекет төлеп отырған жәрдемақыдан бөлек, көпбалалы отбасылардың болашақта туындайтын баспана, ЖОО-да оқу сияқты мәселелелерін шешу үшін ана капиталын енгізу керек. 

«Ана капиталын енгізуге бюджеттің «шамасы» жетпейді. Өйткені, онсыз да әлеуметтік осал топтарға төленетін төлем көлемі жоғары. Елде ана капиталын Ұлттық қорға бөлінген қаражат есебінен төлеуге болады деп ойлаймын. Оның өзінде ана капиталы арқылы жас отбасы мен көпбалалы аналардың тұрғын үй мәселесін шешуге, балалардың болашақтағы ЖОО-ға түсу, оқу ақысын төлеу, медициналық көмек алуға жұмсау сияқты негізгі әрі маңызды мәселелерді шешуге бағыттау керек. Қазір де баспана мәселесін шешуге арналған түрлі бағдарламалар бар. Десе де, Қазақстан бойынша барлық көпбалалы аналар мен жас отбасылардың 100% баспана мәселесін шешіп беру мүмкін емес. Сондықтан, ана капиталы арқылы алдағы он жылдықтарда қордаланып қалуы мүмкін түйіткілді мәселелерді шешуге болады деп ойлаймын», - дейді Б.Ақмолдина.

Оның айтуынша, негізгі отбасындағы үшінші бала ғана халықтың өсіміне қосылады. Сол себепті ана капиталы үшінші, кей елдерде екінші баладан кейін ғана беріледі.

«Ана капиталы қалай жұмыс істейді? Бала 1 жасқа толғанға дейін шотына белгілі мөлшерде қаражат аударылады. Бұл қаражат мақсатты түрде жұмсалуы тиіс. Оған күнделікті шығындар емес, капиталды шығындар ғана жатады. Бұл қаражат мемлекеттің ішінде «жұмыс істейді». Яғни, ана капиталы арқылы жиналған қаражат инвестиция ретінде бағалануы тиіс. Бұған дейінгі статистикадан ана капиталына көбіне көпбалалы аналар мұқтаж екенін көріп отырмыз. Өйткені, 4-5 баласы бар аналардың кірісі төмен, табысы аз. Бұл санаттағы отбасылардың табысы бүгініне ғана жетеді. Балаларының болашағы туралы ойлауға шамалары жоқ. Үкіметтің қазіргі ұстанған бағыты – қанша бала болса да, әкесі мен шешесі оларды асырай алатын жағдайда болуы керек», - дейді әлеуметтанушы.

Оның айтуынша, елімізде былтырдан бері бала туу көрсеткіші өскен. Оның ішінде жас бойынша 1980 жылғылардың үлесі басым. Жасы 40-тан асқан әйелдерде төртінші, бесінші баласын туу жағдайы жиі кездеседі.

«Былайша айтқанда, 80 жылдары бала туу көрсеткіші жоғары болды. Енді міне, сол кезде туғандардың көрсеткіші де соған сай жоғары болып отыр. Салыстырмалы түрде айтатын болсам, 1999 жылғы балалардың туу көрсеткіші 80 жылмен салыстырғанда 2 есе аз. Сәйкесінше, олардың да бала туу көрсеткіші төмен болады. Ана капиталы осы кезеңді қамтитын, яғни бала туу көрсеткіші төмен толқынды ықталандыру үшін қажет деп есептеймін», - дейді сарапшы.

СОҢҒЫ 10 ЖЫЛДА ЖӘРДЕМАҚЫ АЛУШЫЛАРДЫҢ САНЫ 528,6 МЫҢ АДАМҒА ӨСКЕН

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, мемлекеттің көпбалалы аналарға көрсетіп отырған қысқа мерзімді көмегі – жәрдемақы төлемі. Биыл жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы төлемі орта есеппен 498,5 мың отбасыға берілген, оның ішінде мамыр айында 509,1 мың отбасыға 28,3 млрд теңге жәрдемақы төленді. Соңғы 10 жылда балалары бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы алушылардың саны – 528,6 мың адамға (2011 жылы – 1 358 551 адам, 2020 жылы – 1 887 179 адам), осы бағытқа жұмсалған мемлекеттік қаражат сомасы 4 есеге жуық өсті (2011 жылы – 160,9 млрд теңге, 2020 жылы – 635,3 млрд теңге). Сонымен қатар, статистикалық деректерге сәйкес 2011 жылдан бастап туған балалардың саны 14,2%-ға артып отыр (2011 жылы – 372 690 бала, 2020 жылы – 425 625 бала). Министрлік, бала туу көрсеткішінің өсуіне байланысты ана капиталын енгізу үшін қаражат жеткіліксіз екенін айтады.

Айта кетерлігі, біздің елде бала туғанда берілетін жәрдемақының мөлшері бес рет қайта қаралып, нәтижесінде соңғы 15 жылда жәрдемақының орташа мөлшері 9 есе (13 814 теңгеден 121 348 теңгеге дейін) өскен.

АНА КАПИТАЛЫН ЕНГІЗУ – УАҚЫТША ШАРА

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов ана капиталын енгізуге қатысты өз ойын білдірген болатын. Оның айтуынша, жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша ана капиталы бала тууды ынталандыру және «табиғи кему» сияқты құбылысты еңсеру жөніндегі уақытша шара.

«Ресей Федерациясында туудың жалпы коэффициенті 1,4 болған. Ал осы бағдарлама іске асқан соң (13 жыл ішінде) туудың жиынтық коэффициенті 0,1-ге өскен немесе 1,5-ке жетті (Ресей Федерациясының статистика деректеріне сәйкес), бұл оның тиімсіздігін көрсетеді. Қазақстанда туудың жиынтық коэффициенті 2007 жылы 2,47 болды және 2020 жылы 3,13-ке дейін өсті», - дейді Е.Тоғжанов.

Оның сөзінше, Қазақстанда жүктілігі мен босануы бойынша әлеуметтік төлем (орташа айлық жалақының 40 пайызға жуығы), бала туғанда берілетін (бірінші, екінші, үшінші бала тууына – 110 846 теңге, төртінші және одан көп бала туғанда – 183 771 теңге), бір жасқа толғанға дейінгі бала күтімі үшін (16 802 теңгеден 25 962 теңгеге дейін), мүгедек баланы бағып-күтумен айналысатын ата-аналар үшін (48 023 теңге) берілетін жәрдемақы бар. Бұдан басқа, бір жасқа толғанға дейін бала күтімімен айналысатын әйелдерге орташа айлық табыстың 10%-і мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналары есептелетінін де айтады.

БАЛА ТУУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ҮЛКЕН КӨЛЕМДЕ ТӨЛЕМ ЖОҚ, ТЕК ЖӘРДЕМАҚЫ ҒАНА

Үкімет ана мен баланы қолдауда барлық шаралар қабылданып жатқанын айтудан жалықпағанымен Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров бұл шаралардың жеткіліксіз екенін айтады.

«Елімізде әрбір туған бала үшін қазақстандықтарға 4,2 миллион теңге мөлшерінде мемлекеттік төлем түрінде ана капиталын енгізу орынды. Осы қаражатты мақсатты пайдалану арқылы тұрғын үй сатып алуға және отбасының тұрғын үй жағдайын, балаға білім беруге, анасының зейнетақы жинақтарын жақсартуға болады», - деді депутат.

Депуттаттың сөзінше, «ана капиталы» еліміздің демографиясына түрткі бола отырып, көпбалалы жанұяларды әлеуметтік қорғаудың инструментіне айналады. Осы орайда Саиров мұнайдан түскен қаржының бір бөлігін «Қазақстан халқына» қорына жіберуді ұсынды.

Әлеуметтанушы Айдар Хамиттің айтуынша, елімізде ана капиталын енгізуде барлық тәуекелдерді қарастырған жөн.

«Алдымен қазіргі жағдай бойынша елдегі туу көрсеткішін зерделейік. Қазір туу көрсеткіші 7% шамасында. Егер туу көрсеткіші артсын десек, мемлекеттің әлеуметтік қолдау шаралары жалғасуы қажет. Бірақ оған тиісті ресурстар бар ма? Мемлекеттен бөлінетін бюджет қаражаты жете ме? Ол үшін қаржы-экономикалық талдауларға сүйену керек. Менің пікірімше, Үкімет қазіргі барлық бағдарламаларды зерделеп, тиімділігін қайта қарастыруы тиіс. Өйткені қазіргі бюджеттен бөлінетін қаражаттың 40-50%-ы әлеуметтік төлемге бағытталады. Басқа дамушы елдерде әлеуметтік төлем көлемі бізбен салыстырғанда төмен. Ана капиталын енгізу айналып келіп тағы да бюджеттік шығындарды арттырады. Осы ретте ана капиталын зейнетақы қоры капиталымен байланыстырып, отбасындағы ерлі-зайыптылардың зейнетақы қоры есебінен төлеуге болады деп ойлаймын», - дейді ол.

Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова Қазақстанға да ұзақ мерзімге бағытталған ана капиталы қажет екенін жеткізді.

«Ана капиталы отбасындағы, әсіресе жас отбасылардың тұрмыстық-әлеуметтік мәселесін шешеді. Тіпті, туған бала санына байланысты отбасының баспаналы болуының тетігі жасалуы тиіс. Яғни, кез келген отбасында бала санына байланысты мемлекеттен алынатын тұрғын үй ипотекасының пайызы азайтылып отырғаны абзал. Бір балаға 10%, екі балаға 20%, үш балаға 30% жеңілдік жасаса деймін. Бүгінгі таңда елімізде бала тууға байланысты ана капиталы немесе тағы басқаларына қатысты үлкен көлемде төлем жоқ. Әр бала туғанда төленетін жәрдемақы бар», - дейді А.Молдабекова.

Серіктес жаңалықтары