«Суды сағатымен құйып аламыз»: елорда маңындағы ауылдарда ауызсу проблемасы шешілмей тұр
Ақмолы облысының әкімдігі астана маңындағы ауылдарды сумен қамтуға қаражат таппай отыр ма
Нұр-Сұлтан қаласының аумағы аяқталып, қала сыртындағы пост-бекеттен шыға бере Ақмола облысының Шортанды ауданы басталады. Ауданда 10-нан астам ауыл мен селолық округ бар. Бірнеше жылдан бері осы аудан халқының басты проблемасының бірі – кран мен құдықты аңдуға айналды. Себебі аудан бойынша ауызсу жиі өшеді, сондықтан күніне бірнеше сағат келетін суды бос ыдыстарына толтырып алмаса, халық келесі күнге дейін сусыз отырады.
БОЗАЙҒЫРДАҒЫ СУ МӘСЕЛЕСІ ОН КҮННЕН КЕЙІН ШЕШІЛЕ МЕ?
Елордадан 30 шақырым жердегі Бозайғыр ауылы да Шортанды ауданының құрамында. Ауыл тұрғындары әлеуметтік желідегі әртүрлі топтарда су тапшылығы туралы мәселе көтеріп, шаршадық дейді. Бізге анонимді түрде аудиожазба жіберген ауыл тұрғыны ызасын айтты. Кішкентай баласы бар ана үшін су қашан келеді деп аңду қиынға соғып жүр.
«Иә, бізде су болмайды. Бір күн су келсе, бес күн жоқ. Әкімдік тарапынан порыв болды деп түсіндіреді. Жазда да, қыста та көретін күніміз осы – ауылда су жоқ», - дейді Бозайғыр ауылының тұрғыны.
Ал ауыл әкімі Бауыржан Шаймұратұлы бұл мәселенің басты себебі – халық санының көбеюінде дейді. Әкім аудан халқын сумен қамтамасыз ету «Шортанды су» коммуналдық мекемесінің мойнындағы мәселе екенін атап өтті.
«Ал жергілікті әкім ретінде осы мәселеге қатысты мынаны айта аламын, қазір ауылға ұңғымадан екі насос арқылы су беріліп тұр. Аудандағы су құбырының салынғанына 10 жыл болды. Сол кезде Бозайғыр ауылында 2000 адам тұрса, қазір ресми түрде тіркелген азаматтардың саны – 3980 адам. Қалаға қатынап жұмыс істейтін, ауылда ресми тіркелмеген адамдарды қоссақ, халық саны 5000-ға жуықтайды», - дейді Бауыржан Шаймұратұлы.
Яғни әкімнің айтуынша, халық саны көбейіп, ауыл маңындағы шаруашылықтар да бір құбырдан су алып отырған соң 10 жыл бұрынғы құбырдағы су қысымы жетпей жатыр.
«Бұл жылда жазда білінетін мәселе. Бірақ қазір қосымша резервуарды іске қосу бойынша жұмыс атқарып жатырмыз», - деген ол резервуар бір апта немесе он күн ішінде іске қосылады деп сендірді.
ОБЛЫС ӘКІМДІГІ ҚОСЫМША ҚАРАЖАТ БӨЛУГЕ АСЫҒАР ЕМЕС
Аудан орталығы – Шортанды кентінің халқы қазір суды кестемен алады. Демалыс күні де, жұмыс күні де ауылда су екі уақыт – түсте және түнде өшіп тұрады. Azattyq Ruhy тілшісіне телефон арқылы сұхбат берген аудандық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Айбек Керімбаев Бозайғыр мен Шортандыдағы су проблемасының себебін түсіндірді.
«Бозайғыр ауылының халқы көбейіп кетті. Үйлердің саны да өскен. Облыс жаңа су құбырын салуға 53 млн теңге бөлген. Біз тиісінше, Бозайғырға жаңа су құбырын сала бастадық. Бірақ тоқтап қалдық, себебі облыстан қосымша қаражат бөлінген жоқ. 53 млн теңгеге салына бастаған жаңа су құбырлары тұр», - дейді Керімбаев Бозайғырдағы мәселеге тоқтала отырып.
Ал Шортандыны сумен қамтамасыз ететіндей жаңа желі салу үшін облыс тиісті бюджет қарастырмай отыр, дейді Айбек Керімбаев.