$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Еліміздегі ЖОО-ларда оқу ақысы 20%-ға дейін көтерілген: ата-аналар оқу ақысының қымбаттап кеткеніне наразы

Елімізде оқу сапасын анықтайтын тәуелсіз ұйым жоқ

Еліміздегі ЖОО-ларда оқу ақысы 20%-ға дейін көтерілген: ата-аналар оқу ақысының қымбаттап кеткеніне наразы
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Алматы облысы Жаркент қаласының тұрғыны Жұмакүл Тұрсынованың төрт баласының екеуі студент, біреуі биыл мектеп бітіріп жатыр. Көпбалалы ана ҰБТ-дан аз балл жинаған қызы Гүлдананың дәрігер боламын деген мақсаты тек арман болып қала ма деп уайымдап отыр. Редакция тілшісімен телефон арқылы тілдескен Жаркент тұрғыны ақылы оқу бағасын белгілерде халықтың табысымен санаспайтынына өкпелі. Azattyq Ruhy тілшісі еліміздегі ЖОО-лардың оқу ақысы, шетелдік тәжірибе барысын анықтап көрді.

«Менің қызым ҰБТ-дан 84 балл жинады, таңдаған пәніміз – биология. Оқу бағасы жылдан жылға қымбаттап жатыр. Үш жыл бұрын ұлымыз оқуға тапсырғанда баға мұндай емес еді. Өзім төрт баланың анасымын, күйеуім екеуміз бар тапқанымызды осы балалардың оқуына жиып-теріп отырмыз. Менің алатын айлығым – 110 мың теңге, жолдасымның табысы 200 мың. Қызым медицина саласына тапсырмақ ниетте еді, бірақ елдегі оқу ақысының бағаларын естіп, жағамызды ұстап отырмыз. Оның үстіне ақылы оқитындарға жатақхана берілмейді, үлкен қалада пәтер бағасының құны шарықтап тұр, тамағы, киімі, жолақысы тағы бар. Осының бәрін біз сияқты орташа өмір сүретін отбасылар қамтамасыз ете алмайын деп тұр ғой. 11-cынып басталғаннан қосымшадан қосымшаға қатыстырдық. Қызым дәрігер боламын деген арманына жете алмай қала ма деп ішім ашиды. Үкімет неге жеңілдік қарастырмайды?!» - деп күрсінді Жұмакүл.

«Қызымды қатарынан қалдырғым келмейді»  деген ана амал жоқ несие алайын деп отырғанын айтты.

«Тұңғыш ұлымның оқуына алған несиемізді әлі жауып келе жатырмыз. Kaspi банктен тағы бір несиені алармыз деп отырмыз. Коронавирус кезінде дәрігер жетпейді деп жыладық. Ал бөліп отырған грант санына қарасаң олай емес сияқты. Сонда престижді университетте тек байдың балалары ғана оқи ма?! «Өзің аз балл жинадың, қайтсең сөйт» деп тағы айта алмайсың. Онсызда ҰБТ аяқталғанша жанымызды шүберекке түйіп жүрдік. Нәтижесін білгеннен кейін қызым бір апта көңілсіз болып, бізден жасырып жылап жүрді. Қазір халық нанға әрең ақша тауып, күнін әзер көріп жүр. Ең болмаса мемлекет бағаны шарықтатпай тұрса болатын еді ғой. Бағасы миллионнан аз университет саусақпен санарлық. Ауылдағы зейнетке күнін әрең көріп отырған адамдар миллионды қайдан тапсын. Өзіміз дұрыс оқу бітірмедік, тым құрыса балаларымыз жақсы оқу оқыса дейсің...Қаншама таныстарым «қайтеміз-ай» деп отыр. Колледждердің құны – 350-500 мың болып тұр. Келесі жылы тапсыр дейін десең, тағы бір жыл тестпен қызымның басын қатырғым келмейді», - деді кейіпкеріміз.

ОҚУ САПАСЫН АНЫҚТАЙТЫН ТӘУЕЛСІЗ ҰЙЫМ ЖОҚ

Биыл қазақстандық жоғары оқу орындарының барлығы дерлік оқу құнын кемі 10%-ға өсірген. Мақаланы жазу барысында республикадағы сұранысқа ие жоғары оқу орындарының сапа көрсеткішін анықтайтын тәуелсіз ұйымдардың нәтижелерін іздедік. Өкінішке орай, елімізде білім саласының сапа деңгейін анықтайтын тәуелсіз ұйымдар жоқ екен. Тек «Жастар рухы» (бұрынғы атауы – «Жас отан») жастар қанаты республикалық «Таза сессия» акциясын өткізеді. Бірақ акция нәтижесі Ғылым және жоғары білім министрлігі мен акцияға қатысқан университеттерге ғана жіберіледі. Яғни нәтижені сіз бен біз біле алмаймыз. «Жастар рухының» баспасөз қызметінен 2021 жылдың нәтижесін сұраған едік, бірақ ол ақпарат журналистер үшін де құпия болып саналады екен.

Аталған акциядан бөлек, Ұлттық палата мен Ғылым және жоғары білім министрлігі ЖОО-лардың білім беру бағдарламаларын бағалау рейтингін жүргізеді. Екі мекеме жүргізген зерттеу нәтижесін алып, тілшіміз 2021 жыл үздік деп танылған университеттерге хабарласып, биылғы жыл оқу құны қанша, студенттерге қандай жағдайда жеңілдік қарастырылатынын сұрап білді.

Көріп отырғандарыңыздай, еліміздегі оқу ақысы ең қымбат ЖОО – Назарбаев университеті. Бірақ мұнда студенттердің 90% грантта оқиды. Сондай-ақ көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан абитуриенттерге жеңілдіктер қарастырылған.

Екінші орында – КИМЭП, бірақ мұнда студенттерге жеңілдік қарастырылмаған екен. Бірді-екілі оқу орындарында ғана болмаса, көп университеттерде ақылы бөлім студенттеріне жеңілдіктер, жатақханадан орын беру жағы қарастырылмағанын байқадық. Тек астанадағы Esil  университетінде биылғы оқу бағасы өзгермеген және ақылы бөлімдегі студенттерге небәрі 20 мың теңгеге жатақхана қарастырылған.

ТҮРКИЯДА БІЛІМДІ БИЗНЕС ҚАРЖЫЛАНДЫРАДЫ

Қазақстанда студенттердің 30%-ы мемлекеттік грант бойынша оқиды, есептесек бұл мемлекет кепілдік берген білім беру несиелері бойынша 1%-ды құрайды. Ақылы бөлімде 69% оқиды. Ақылы бөлімдегі студенттердің тек 1,3%-ын бизнес қаржыландырады. Білім саласындағы сарапшы мамандардың айтуынша, бизнес қаржыландыратын оқу орындарында бәсеке жоғары болады. Мәселен Түркиядағы жоғары оқу орындарының басым көпшілігін жекеменшік холдингтер қаржыландырады екен.

Түркияда білім алғысы келетін студенттерге бағыт-бағдар беретін «Turan Education» компаниясының негізін қалаушы серіктесі, білім саласының сарапшысы Әсел Қайроллақызынан көршілес елдегі оқу жүйесі туралы сұрап көрдік. 

«Түркиядағы оқу жүйесі мен Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесі екі түрлі. Мұнда жоғары білім беру туралы заң болғанымен, универлерде – автономды басқару жүйесі. Яғни әр университет өзін-өзі басқарады, сондай-ақ студенттерді қабылдау ережелері, оқу ақысының құнын өздері шешеді. Жергілікті халық үшін оқу бағасы қандай екенін білмеймін, бірақ шетелдіктер үшін басқаша. Мәселен біздің елден Түркияға оқуға түскісі келетін абитуриенттерге жылдық «оқу ақысы небәрі 120-200 мың теңге» деп жатады. Негізінде ол оқу ақысы емес, мемлекеттік университке оқуға түскен шетелдік студенттің төлейтін салығы (оқу тегін). Қазақстанда ҰБТ-дан ең төменгі шектік балды жинасаң, ақылы бөлімде оқи аласың. Бұл елде ең төменгі шектік балды жинай алмасаң, ақылы бөлімге оқуға өткізбейді. Себебі жергілікті студенттер үшін де, шетелдік студенттер үшін де конкурс өте жоғары. Білім сапасына келсек Түркияда ақша беріп, сессия жабу деген түсінік жоқ», - деді Әсел.

Сондай-ақ, түрік еліндегі тағы бір ерекшелік, кредит санын жаба алмаған мөлшерлі төрт жылдан бөлек, қосымша тағы үш жыл беріледі.

«Қазақстанда студент төрт жылда барлық бағдарламаны меңгеріп, кредит сандарын жауып үлгеруі керек. Жаба алмасаң, келесі жылға қалдырады және грантта оқысаң да, кредиттеріңді ақылы түрде жабасың. Бұл жақта студентке мүмкіндік көп берілген. Мысалы, бір-екі сабақтан емтихан тапсыра алмай қалдың делік, сессияның негізгі мерзімінен өте алмағандар «бүтіндеме» арқылы өздері белгілеп берген күні тағы да сол емтиханды тапсырып көреді. Ол емтиханнан өте алмай қалса да, екінші-үшінші семестрге өте береді де, келесі бір сессияларда сол өте алмаған емтихандарды жабуға және мүмкіндік алады. Cтудентке негізгі 4 жыл мерзімнен бөлек, кредиттік қарыздарды жабу үшін қосымша тағы үш жыл беріледі», - деді сарапшы.

ТҮРКИЯДАҒЫ ОҚУ БАҒАСЫ ҚАЗАҚСТАНМЕН БІРДЕЙ

Ал оқу бағасын әр университет басшысы өзі белгілейді, мемлекеттік оқу орындарында ақылы бөлім жоқ, шетелдік студенттерге ғана салық төлеу жүйесі қарастырылған екен.

«Жекеменшік оқу орындарының бағасы статусқа байланысты. Түркияда ең танымал Коч және Сабанджи деген екі әулет бар. Осы екі әулетке тиесілі холдинг акционерлері қаражат салып, екі университет ашқан. Ең қымбаты осы университеттер. Сондықтан жеке университеттің бағасы нақты мынандай деп біз айта алмаймыз. Құжат тапсыруға барғандағы орташа университеттің бағалары 3500 доллардан басталады, әрі қарай мамандығы, кредит саны, оқытушы-профессорлардың деңгейіне қарай баға өсе береді. Ақылы бөлімде оқитын студенттерге жеңілдік көп қарастырылған. Университетке қарасты холдинг ішінен тағы бір компания келіп студенттер арасында түрлі сайыстар өткізіп, жеңімпаздар мен белсенділердің оқу ақысын, жатын орнын көтеріп алады. Бұл жақтағы тағы бір ерекшелік, жекеменшік университеттер инвесторлар тартып, жарнамаларын жүргізіп, жақсы нәтижеге жетсе – мемлекет тарапынан қаржыландырылуға өтініш жазады. Сосын жоғары білім беру кеңесіндегілер өтінішті арнайы қарастырып, лайықты болса мемлекеттік университет деген арнайы статус береді. Бұл өте жоғарғы көрсеткіш болып саналады. Баға саясатына келгенде түріктерде нарыққа ортақ баға жоқ. Тек мемлекеттік университеттерде акционерлік құрам әр жылдың соңы оқу бағасын өздері белгілейді», - деді орталық өкілі.

БИЫЛҒЫ ТҮЛЕКТЕРДІҢ 51 МЫҢҒА ЖУЫҒЫ ШЕКТІ БАЛЛ ЖИНАЙ АЛМАҒАН

Елімізде 2022 жылы 154 мың талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырды. Оның ішінде түлектердің 76%-ға жуығы қазақ тілінде, 24%-ы орыс тілінде, 0,1%-ы ағылшын тілінде тестілеуден өтті. 

Екінші жыл қатарынан ҰБТ электронды форматта өткізілді.

Тестілеу қорытындысы бойынша 103 мыңнан астам талапкер шекті балл жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының шамамен 67%-ын құрайды. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға артқан. Тестіленушілердің 51 мыңға жуығы немесе 33%-ы шекті балл жинай алмады.

ҰБТ-ның орташа балы 66 балды құрады. Ең жоғары балл – 139 балл. 3179 оқуға түсуші 120 балдан жоғары нәтижеге қол жеткізді. Талапкерлерге тестілеуді екі рет тапсыруға және білім беру грантын тағайындау конкурсына үздік нәтижені ұсынуға мүмкіндік берілді.

2022 жылы 11-сыныпты еліміз бойынша 170 мың оқушы тәмәмдаған. Бұл өзге жылдармен салыстырғанда анағұрлым аз. 170 мың түлекке мемлекет 73 мыңға жуық грант бөлді. Ең көп грант «Машина жасау, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс индустриясы» білім беру бағдарламасына бөлінді. Грант саны – 17 794. Одан кейін «Педагогикалық ғылымдар» – 10 884, «Ақпараттық коммуникациялық технологиялар» – 9103 грант, «Жаратылыстану, математика және статистика»  – 6 288 грант. Биылғы бакалавриатқа қабылдау тізімінің көшбасы осы. Бұдан бөлек магистратураға 13 мың, докторантураға 8 мыңнан астам грант бөлінген.

Серіктес жаңалықтары