Мектептегі зорлық-зомбылық: министрлік пен директорлар бала құқығын қорғауда дәрменсіздік танытып отыр ма
«НеМолчи KZ» қорына жарты жылдың өзінде ұл балаларды зорлау ісі бойынша 3 арыз-шағым келіп түсті
Таяуда Қызылордада 5 бала бірлесіп, 8 жасар ұл баланы 1 жыл бойы зорлап келгені туралы ақпарат тарады. Полиция департаменті аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдесе, Оқу-ағарту министрлігі істі бақылауда ұстап отырғанын айтты. Бірақ зорлық көрген баланың әкесі Azattyq Ruhy тілшісіне берген сұхбатында мектеп директоры істі жабатын ниеті барын хабарлап, барлығынан күдер үзгенін айтты.
АТА-АНА ӘДІЛ ШЕШІМ ШЫҒАТЫНЫНА КҮМӘНМЕН ҚАРАЙДЫ
«Маған тергеушілер іс сотта қаралып жатқанын айтты. Болатын іс болды. Бірақ мен ешкімге сенбеймін. Мектеп директоры істі жаба салады. Бәрі сонымен аяқталады. Құрсыншы, енді ешкімнен де қайыр жоқ. Баламның жағдайы қазір қалыпты. Мектептегі психолог қана келіп сөйлесті. Басқа құзырлы органдарға бәрібір. Министрліктің көмектесіп жатырмыз дегені – өтірік. Балама жеке психолог жалдайтын ақшам жоқ. Сондықтан дәрменсіз күйде отырмыз», - дейді Қызылордадағы зорлық көрген баланың әкесі.
Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне осы мәселе бойынша ресми сауал жолдағанымызда мынадай жауап алдық:
«Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Құқық қорғау органдары аталған қылмыс бойынша тергеу жүргізіп жатыр», - деп мәселені жылы жауып қоя салды.
Таяуда сұмдық жағдайлардың тағы бірі анықталды. Алматы қаласындағы жекеменшік мектептердің бірінде 7-сынып оқитын үш оқушы 1-сынып оқушысын бірнеше күн бойы сабақ үстінен алып шығып, дәретханаға апарып зорлаған. Бұл сұмдықты баланың әкесі біледі. Кейін оқиға БАҚ беттерінде жарияланып, жауапты министрлікке қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті оқиға орнына барады.
«Биыл 12-13 мамырда Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері осы оқиғаға барлық қатысушылардың құқықтарын сақтай отырып, зардап шеккен балаға қажетті көмек, оның ішінде психологиялық қолдау көрсетті. Бұдан басқа, комитет өкілдері осы жылдың 12 мамырында балаға кешенді медициналық тексеруден өтуге көмек берді, оның қорытындысы бойынша тиісті емдеу тағайындалды», - делінген комитеттің ресми жауабында.
Бірақ зардап шеккен баланың әкесіне хабарласқанымызда баласына ешқандай көмек көрсетіп жатпағанын және бұл мәселеге қатысты ешқандай да пікір білдірмейтінін айтты.
Зорлық көрген балалардың ата-аналары істі соңына дейін жеткізуге, баласының құқығын қорғауға, кінәлілерді жазалауға келгенде осалдық танытып отырғанын айтты. Оның себебін психолог Айбек Сыдықов былай түсіндіріп берді:
«Егер ата-ана баласының зорлық көргенін білсе, ең алдымен оның сөзін сөйлеп, істі соңына дейін жеткізуі тиіс. Ешкім көмек бермеді екен деп, баланың өміріне бей-жай қарау дұрыс емес. Алдағы уақытта зорлық көрген бала бұл азаппен қалай өмір сүреді? Болашағы не болады? Батыс елдерінде тәуелсіз психолог және әлеуметтенушы психолог дейтін мамандар бар. Егер мектеп писхологының білімі мен қабілеті жетпесе, психологиялық соққы алған балаға қоғамдағы тәуелсіз психологтар көмекке келеді. Бұл қызмет тегін. Ал бізде баласы зорлық көргенін білсе де, ата-ана оған ешқандай шара қолдана алмайды. Мектеп психологының жағдайы белгілі, ал жекеменшікке апаруға ақшасы жоқ. Содан келіп «не болса, ол болсын» деп қолын бір-ақ сілтейді», - дейді психолог.
Оның айтуынша, ұстаздар балалардың білім алуымен қатар, қауіпсіздік мәселесіне де жауапты. Осы ретте, оқу орнында қандай да бір келеңсіз жағдай болса, біздегі мектеп директорлары оны жауып тастауға тырысады. Оның себебі, мектептегі ұстаздардан бастап, психолог мамандар балалармен дұрыс коммуникация жасай алмайды. Жекеменшік мектептер ата-аналардың ырқына жығылса, ал мемлекеттік мектеп жоғарғы бағынышты құзырлы органдардың бұйрығын орындаумен шектеледі.
«Қазір біздің қоғамда балалар интернеті қосулы телефонмен жалғыз қалып отыр. Оларды бақылауда ұстап отырған ешкім жоқ. Ең өкініштісі, балалардың қабылдайтын ақпарат ағыны өзгерді, соған сай олардың психологиясында да өзгеріс болды. Ал мектеп баяғы қалпында қалып отыр. Біздегі мектептер балаларды осыдан 20 жыл бұрын қалай тәрбиеледі, қазір де сол қалыптан тайған жоқ. Қазіргі заман ағымына ілесе алмай отыр. Балалардың бей-берекет өсуіне ата-аналардың да «үлесі орасан». Өйткені қазіргі ата-аналар баланың материалдық жағдайын жасауға, барлық қажеттілікпен қамтамасыз етуге мән береді де, тәрбие ісі, рухани байланыс, отбасылық құндылық деген дүние ұмыт қалады. Интернеттегі әлімжеттікті көрген бала күндердің бірінде соны сыртқа шығады. Өйткені, балалар көзі көріп, үйренген дүниесін басқаларға қолданып көргісі келеді. Мектептегі оқушылар арасындағы зорлық-зомбылықтың басы осыдан басталады», - дейді А. Сыдықов.
Оның пайымдауынша, қазір бұзақылық жасаған балалар жазаланбайды. Мұны білген оқушы айуандық әрекетін бірнеше рет қайталайды. Ал қандайда бір зорлыққа бірнеше баланың қатысы болса, онда ешкімді жауапкершілік алмайды. Сонымен қатар маман біздегі мектептер балаларға қатысты жасалған күш көрсету, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық сияқты оқиғаларды жасырып қалуға тырысатынын жасырмайды.
«Мұндай жағдай болмаған мектептерді білім басқармалары «мақтайды». Ешқандай қылмыстық жағдай болмаған мектеп «үздік мектеп» санатына жатады. Яғни баланың психикасынан бұрын мектеп директорының қызметі мен мектептің атағы маңызы болып отыр. Батыс елдерінде мектептің «мақтаулы» болуы маңызды емес. Маңыздысы – бала психикасының бұзылмауы, өмірінің талқандалмауы. Себебі бүгінгі мектеп оқушысы – ертеңгі қоғамның бір мүшесі», - дейді психолог маман.
«ОҚУ ОРНЫНДА БАЛА ЗОРЛАНСА БӘРІ БІРЛЕСІП ІСТІ ЖАУЫП ТАСТАЙДЫ...»
Қазақстанда балалардың құқығын қорғаумен айналысып жүрген қоғамдық қорлар санаулы ғана. Дина Таңсәрі жетекшілік ететін «НеМолчи KZ» қоры солардың бірі. Оның айтуынша, оқу орнының басшысынан бастап, министрлікке дейін мектепте зорлық-зомбылық көрген балалардың жағдайы туралы мәліметті жасырады.
«Мұндай жағдай бола қалса, мектеп директорынан бастап ұстаздарға дейін бұл жағдайды жасыруға тырысады. Себебі оларды ең алдымен «жұмысымнан айырылып қаламын ба?» деген ой мазалайды. Сол себепті мектеп директорын балалар емес, өзінің қамы, атағы, қызметі ғана мазалайды. Егер бұрын зорлыққа қытысты қылмыс саны аз болатын болса, қазір ондай ақпаратты жиі естиміз. Біздің қордың өзіне биыл жарты жылдың өзінде кішкентай ұл балаларды ғана зорлау ісі бойынша 3 арыз-шағым келіп түсті.
Қазір қоғамда бұл мәселенің жүгенсізденіп кеткені сондай, балаларды зорлау балабақшадан басталып отыр. Яғни балаға қол көтеру, ұрып-соғу, айғайлау қалыпты жағдайға айналған. Меніңше, балаларды буллингке алдымен мұғалімдер итермелейді. Мектепте зорлық көрген балалардың ісіне қатысты өз бетінше ешкім шешім қабылдай алмайды. Алдымен мектеп директоры не айтады соны жасайды. Ал директор білім басқармасына тәуелді. Басқарма Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығынан аса алмайтынын бәріміз жақсы білеміз», - дейді ол.
Оның айтуынша, жалпы алғанда қандай да жағдай болмасын зорлыққа қатысты іс жоғарыдағы бір адамның бұйрығына, оның істі жапқызуына, жәбірленуші мен қылмысты жасыру үшін берген тапсырмаға байланысты болып отыр. Негізгі мақсат – проблеманы қоғамның талқылауына түсірмеу, бүгіп қалу.
«Бұл жағдайдың залалы мен обалы – ертеңгі ұрпаққа. Сондықтан дербес шешім қабылдап, еркін жұмыс істеу үшін мектеп психологын және кезекшілік ететін полиция қызметкерін, Балалар құқығын қорғау комитетін Оқу-ағарту министрлігінің қарамағанын босату керек. Өйткені «қарға қарғаның көзін шұқымайды» демекші, бір өңірде бала зорланса, бәрі бірлесіп, істі жауып тастайды. Ең сорақысы, мектеп директоры қызмет орнын сатып алғаннан кейін жұмысына өзінің жекеменшігі сияқты қарайды. Адамдарды да жеке қарамаңындағы өз айтқанын істететін «меншік» көреді. Біз мұндай жағдайдың талай рет куәгері болғанбыз. «Бұл менің мектебім, менің қызметкерім, менің ата-анам! Не істесем де өзім білемін» дейтіндер бар. Бұл жемқорлыққа апаратын ой, әрекет», - дейді Д. Таңсәрі.
БИЫЛ БАЛАЛАРДЫҢ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ КӨРУІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ 63 ІС ҚОЗҒАЛҒАН
Дина Таңсәрінің айтуынша, «Жаңа Қазақстанда» балалардың болашағына, қазіргі мектептегі зорлық-зомбылыққа тереңірек үңілу керек.
«Алматы облысындағы М. Әуезов атындағы мектепте қызды ұл бала аямай басынан ұрады. Бұл жағдай видеоға түсіп қалған. Бұл мектептен біздің қорға 3 шағым келіп түсті. Негізгі мәселе – балалар арасында ұлтараздық жанжалдың жиі туындауы. Оның себебі, ұйғыр мектебі болғандықтан қазақ және ұйғыр балалар арасында жиі төбелес болып тұрады екен. Осыны біле тұра, мектеп директоры мәселені іште жауып тастауға тырысады. Ата-аналардың айтуынша, олар мектептегі жағдайды ешқандай органға ашық айта алмайды», - дейді ол.
Белгілі болғандай, мұндай оқиғалар саны жыл өткен сайын артпаса, кеміген емес. Оның сөзінше, Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бүгінге дейін «НеМолчи KZ» қоры көтерген істерге ешқандай реакция танытқан емес.
«Біздің мәлімет бойынша 50 педофил сотталған. Бес жылда балалар бойынша 88 іс қозғалды, биыл 63 іс қозғалып отыр. Әртүрлі жағдайға тап болған азаматтарға барлық жағынан қолдау көрсетуге тырысамыз. Әр істі соңына дейін жеткіземіз. Бір ғана мысал, зардап шеккен баланы емханаға жатқызу керек болса, бұл мәселе біздің көмегімізсіз шешілмейді. Қандай да болсын мәселені қоғамның назарын аудару арқылы бір күннің ішінде шешеміз. Біздің «аузымызды жабу» үшін құзырлы органдардың бәрі қолдарынан келгенін жасайды. Ол кезде ереже де, хат толтыру да жайына қалады. Себебі шу көтергеннен кейін басшылықтың өзі қорқады. Егер осы мәселені Оқу-ағарту министрлігіне тапсыратын болса, ешнәрсе шешілмес еді.
Жалпы мемлекеттік органдар қандай да бір шұғыл жағдай туындағанда бірден әрекет етуге құлықсыз. Бюрократиясыз іс шешілмейді. Талай жағдайда менің соған көзім жетті. Президент «Жаңа Қазақстанда» болашаққа жанашырлықпен қарайтын болса, ең алдымен балалардың құқығы мен олардың алаңсыз білім алуына назар аударса екен деймін. Мектептен қатыгездік көрген балалардан ертен қандықол қарақшы шықпасына кім кепіл?!» - дейді қор жетекшісі.
БАЛА ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУҒА АРНАЛҒАН ЗАҢ ДҰРЫС ІСКЕ АСПАЙ ОТЫР
Осыдан 3 жыл бұрын «баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметіне байланысты заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Онда балалардың құқықтарын қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартын әзірлеу және білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыреті кеңейтілген. Бұған қоса, әлеуметтік сала қызметкерлері (білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау) қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық болған жағдайда құқық қорғау органдарына дереу хабарлау міндеттелген.
Заң қабылданғанмен іс жүзінде «солқылдақ» болып шықты. «НеМолчи KZ» қорының жетекшісі біздің республикадағы әр мектепте балаларға қатысты зорлық-зомбылық болып отырғанын, оның ішінде сексуалдық сипаттағы қылмыстың саны басым екенін айтады. Бірақ осы мәселені саралап отыратын жауапты министрлік ашық негізде жұмыс істеуге құлықсыз.
«Заңда балаларға зорлық көрсетілсе, мектеп мұғалімдері бірден құқық қорғау органдарына хабарлассын деп анық жазылған. Бірақ іс жүзінде баланың зорлық көргенін тек ата-анасы ғана хабарлайды. Сонда ұстаздар қайда қарап отыр?! Мектептің басшылығы оқу орнының қабырғасында не болып жатқанынан неге бейхабар?! Керісінше, зорлық, мектеп оқушысының аяғы ауыр болып қалуы сияқты мәселелерді мектеп басшылығы жасырып, істі жауып тастайды. Бұл жүйенің құрамында мұғалімдер, психолог мамандар, мектептерде кезекшілік ететін полиция қызметкері бар. Оларға ешнәрсе айтқызбайды. Олар ешқандай шешім шығара алмайды. Бұл жүйе Қазақстанды зорлық-зомбылық жайлаған елге айналдырды», - дейді Дина Таңсәрі.
Айта кетерлігі, Оқу-ағарту министрлігіндегі балалардың құқығын қорғаумен айналысатын комитет осы уақытқа дейін мектептегі зорлық бойынша қандайда бір статистика жүргізіп, талдау жасамаған.
«Кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар мәселелері бойынша Оқу-ағарту министрлігі статистикалық алым жүргізбейтінін хабарлаймыз», - делінген министрліктің берген ресми жауабында.