Қытайда 10 мың қазақстандық жүр – министр
Отандастарымыз аптаның соңына дейін қайтарылады
Қазіргі таңда жаңа коронавирус түрі тарап жатқан Қытайда 10 мыңнан астам қазақстандық азамат жүр. Оларды Қазақстан үкіметі чартерлік және жоспарлы рейстермен қайтармақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Қазір ҚХР-да көптеген азаматымыз бар. Қазақстан СІМ мәліметтері бойынша, 10 мыңнан астам адам. Сондықтан біз оларды әуе рейсімен қайтарамыз. Бұрын Қытайдан Қазақстанға билеттер алған қазақстандықтар, әрине, міндетті түрде қайтып келуі тиіс. Біз оларды ұшудан шектемейміз, олар қайтарылады. Бұдан басқа, қажет болған жағдайда Қытайдың басқа өңірлерінен азаматтарды көшіру үшін Үкімет қазір чартерлік рейстердің көмегімен қайтару мәселесін пысықтаып жатыр. ҚХР-дың басқа қалаларынан қазақстандық азаматтарды қайтаруға ешқандай шектеу жоқ. Сондықтан олар рейс ұшақтарымен де, чартерлік ұшақтармен де оралуы мүмкін», –деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ОКҚ-да өткен брифинг барысында.
Министрі сондай-ақ, Қытайда қалған азаматтардың осы аптаның соңына дейін қайтарылатынын айта келе, бұл мәселенің Үкімет бақылауында екенін атап өтті.
«Біздің азаматтарымыздың барлығымен байланыс бар. Біз олардың жағдайын бақылаймыз. Бүгінгі таңда қазақстандық азаматтар арасында ауырғандар жоқ. Оларды қалауы бойынша қайтарамыз, яғни барлығы қайтып оралғысы келмейді. Бұл жұмыс жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр», - деді ол.