«ҚазМұнайГаз» қарызы 4 трлн теңгеге жуық»: компанияның табысы, басшылардың сыйақысы, дивиденд мөлшері
Акционерлерге дивиденд түрінде беру үшін 300 млн АҚШ долларын үш жыл мерзімге қарызға алған
Қазақстандағы ірі мұнай компаниясы «ҚазМұнайГаз» биыл өндірістік саладағы жұмысшыларының жалақысын 10%-ға арттырған. Ал өткен жылдың қорытынды есебі бойынша компанияның директорлар кеңесінің мүшелеріне тұрақты айлықтан бөлек 180 млн теңге, басқарма мүшелеріне 228 млн теңге сыйақы ретінде берілген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Айта кетерлігі өздеріне сыйақа тағайындаған «ҚазМұнайГаз»-дың басқарма құрамына бес адам кіреді: Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, Экономика және қаржы жөніндегі төрағаның орынбасары Дәурен Қарабаев, стратегия, инвестициялар және бизнесті дамыту жөніндегі төрағаның орынбасары Дастан Абдулгафаров, барлау және өндіру жөніндегі төрағаның орынбасары Құрманғазы Есқазиев және ірі мұнай-газ жобалары жөніндегі төрағаның орынбасары Мұрат Мунбаев.
Сол сияқты Ұлттық компанияның директорлар кеңесі сегіз адамнан тұрады: төраға, тәуелсіз директор Уолтон Кристофер Джон, «Самұрық-Қазына» АҚ мүдделерінің өкілі Ұзақбай Қарабалин, қоғаммен байланыс және өзгерістерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, Миллер Тимоти Глен, Мырзағалиев, Ернар Жанәділ, Филип Холланд және Әсел Хаирова.
Таяуда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Дәурен Қарабаев компанияның бірінші жарты жылдықтағы есебін жариялады.
Онда әлемдік нарықта мұнай бағысының қымбаттауына байланысты түсім өткен жылмен салыстырғанда 64,1%-ға артып, 1 957 млрд теңгені (4 279 млн АҚШ доллары) болды. Компанияның табысы артқанымен басшылық биылға шығынымыз шаш етектен деп отыр. Өңірлердегі жұмысшылардың айлығы көтеріліпті.
«ҚазМұнайГаз» компаниясының жұмысшылары айлығының өсуі әртүрлі межеде болды. Мысалы өндіріс саласындағы қызметкерлердің айлығы 10-20%, тіпті кейбіреуінде 30%-ға дейін көтерілді. Бұл айлық мөлшері өте төмен қызметкерлерге қатысты. Былтыр еңбекақы қорына жұмсалған қаражат 470 млрд теңге болса, биыл бұл көрсеткіш 530 млрд теңгегі құрайды. Жалпы және әкімшілік шығындар қызметкерлер еңбекақысының өсуіне байланысты 26,2%-ға, яғни 33 млрд теңгеге дейін (71 млн АҚШ доллары) өсті», - дейді Д.Қарабаев.
Компанияның табысы артқанымен, Үкіметті кепілге қойып, 4 трлн теңге қарыз алған «ҚазМұнайГаз» басшылығы берешектен құтылуға асығар емес.
«2022 жылдың бірінші тоқсанындағы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қарызы – 4 трлн теңгеге жақын. Қарыздың негізгі бөлігі еуро облигация негізінде алынған. Одан бөлек, халықаралық банк пен қаржы ұйымдары және қазақстандық банктерден қарыз алынды. Бізде қарыз қайтару уақыты жоспарлы түрде жүргізіледі. Түсетін қаржы ағымына сәйкес қарыз қайтару мерзімі 2048 жылға дейін жоспарланып отыр. Бұрынғыға қарағанда бағалы қағаздар нарығындағы мөлшерлеме әлдеқайда жоғары екенін көріп отырмыз», - дейді компанияның басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары.
ДИВИДЕНД ТӨЛЕУ ҮШІН ДЕ ҚАРЫЗ АЛҒАН
Кезінде Сенат депутат Нұрлан Бекенов 2017 жылы дивиденд ретінде «ҚазМұнайГаз» АҚ еншілес ұйымының өз қаржысы бола тұра 2017 жылы акционерлерге дивиденд түрінде беру үшін 300 миллион АҚШ долларын үш жыл мерзімге қарызға алғанын айтады. Яғни бұл қарыз дивидендтер төлеу үшін алынған. Осы ретте, компанияның басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасарына «Компания дивидендтің өзін қарыз алу арқылы төлейтін болса, жағдайы соншалықты мүшкіл ме?» деген сауал жолдаған едік. Жауабы мынадай болды:
«Қарыз алған «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы. Бұл компанияның 50%-ы бізге тиесілі. Қалған жартысы Қытайдың CNPC E&D компаниясына тиесілі. Бұл компания тұрақты түрде дивиденд төлеп отыр. Иә, рас айтасыз, осыдан 5 жыл бұрын «Маңғыстаумұнайгаз» дивиденд төлеуге алған қарыз көлемі 300 млн доллар болды. Оның 130 млн доллары игерілді. Бұл соманы компания толығымен өтеді. Займ корпоративтік мақсатқа алынған болатын. Осыған қатысты компания неге бір уақытта қарыз алып, бұған қоса дивиденд төлеп отыр деген сауал қойылды. Бұл әлемдік практикада бар құбылыс», - деді Д.Қарабаев.
«ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ӨЗ ТАРИХЫНДА АЛҒАШ РЕТ 200 МЛРД ТЕҢГЕ ДИВИДЕНД ТӨЛЕДІ
Д.Қарабаевтың айтуынша, компания өз тарихында алғаш рет биыл 200 млрд теңге мемлекетке дивиденд төлемекші.
«Былтыр 56 млрд теңге болған. 2020 жылы 86 млрд теңге дивиденд төленді. 2016 жылдан бері жалпы сомасы – 540 млрд теңге. Биыл дивидендті көп төлеуіміздің себебі әлемдік мұнай бағасы қымбаттап жатыр. Егер таза табысты негізге алатын болсақ, биылғы жарты жылдықта таза табыс 284 млрд теңгені құрады. Былтыр компанияның таза табыс мөлшері 3 трлн теңгеге жақын болған еді. Сонымен қатар, таза табыстан түскен пайда инвестициялық жобаларға, қарызды қайтаруға жұмсалады. Осындай шығынның бәрін есепке алып болған соң ғана дивиденд төлеу мөлшері бекітіледі. Биыл компанияның шығыны көп. Соған сай, қаржы ағыны да төмен болады», - деді ол.
Оның сөзінше компания болашақта мұнай нарығы үшін ірі жобаларды қолға алуға асықпайтын көрінеді.
«Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі талқыланып жатқан жоқ. Алдын ала қандай да бір мәлімдеме жасай алмаймыз. Соған сай зауыт салуға ешқандай қаржы қарастырылып отырған жоқ», - дейді Д.Қарабаев.
Белгігі болғандай, Президент тапсырмасына да қарамастан «ҚазМұнайГаз» ҰК биыл да IPO-ға шығуға дайын емес екендіктерін айтты.
Сапарбай Жобаев, экономика ғылымдарының кандидаты:
Компанияға түсетін 1 трлн теңге таза табыстың тек бестен бірін ғана – 200 млрд теңге «Самұрық-Қазынаға» төлейді. Одан «Самұрық-Қазынаның» бастықтары, директорлар кеңесі сыйақы алады. Қысқасы бюджетке 200 млрд-тың жартысы түссе де қуанамыз. Дивиденд беру мәселесін компанияның акционерлері шешіді. Былтыр жыл бойы түскен пайданың қаншасын дивиденд ретінде, қаншасын басшыларға сыйақы ретінде беру, қаншасы акционерлік қоғамның дамуына бөлінеді, ол жағын өздері шешеді.
Дивиденд – кез келген акционерлік қоғамның бір жылдық табысының сыйақы ретінде алатын ақшасы. Бізде «ҚазМұнайГаз»-дың үлкен үлесі мемлекетке тиесілі. Өткен жылдары компанияның негізгі пайдасы мұнай бағасына байланысты болатын. Мысалы 2020 жылы дивиденд көлемі аз болған. Оның себебі сол жылы мұнай бағасы төмен еді. Былтырғы дивиденд көлемінің көп болуы расымен мұнай бағасының артқанына байланысты болып отыр. Биыл 1 баррелі 120 долларға дейін көтерілді. Бірақ компанияның ең ірі акционері – мемлекет келер жылы «түскен пайдадан ешқандай қаражат төлемей-ақ қойыңдар» деуі мүмкін. Бізде АҚ көбі осындай шешім қабылдайды. Мысалы кезіндегі «Цеснабанк» қазіргі «Jusan Bank» мемлекетке 10 жылдай ешқандай дивиденд төлеген жоқ. Бұл қаражатты қаржы ұйымының модернизациясына жұмсаған.
Айта кетерлігі, бұған дейінгі төленген дивидендтер «Самұрық-Қазына» АҚ шешімі бойынша берілді. Бәріміз білеміз «Самұрық-Қазына» – мемлекет ішіндегі мемлекет. Оның басшыларының жасаған жұмысының бәрі өз қалтасына кетеді. Себебі басшылық мемлекет атынан өздеріне арнап өте үлкен көлемде сыйақылар жазған. Сөйтіп, мемлекетке көк тиын да төлемей-ақ қояйық деп шешім шығарған. Десе де, «ұят болмасын деп» азғантай тиын-тебен төлеп отыр. Қазір «Самұрық-Қазына» АҚ былтырғы табысын қайта қарайтын болсақ, шетелдік компаниялар жылына 1 трлн теңге шамасында салық төледі. Бірақ «ҚазМұнайГаз» дәл солардың көлеміндей мұнай өндірсе де, салық көлемі 4-5 есе аз. Себебі бұл компанияның басшылары өз айлығын көтеріп, тіпті мемлекеттік бюджет есебінен де өз кірістерін арттырып отыр. Бұл біздің биліктегілердің қалтасына жұмыс істейтін жүйе болып отыр. Табыстың қаншасын қалай жұмсау керегін Үкімет емес, «Самұрықтың» басшылары шешіп отыр. Егер «ҚазМұнайГаз» бен «Самұрық-Қазына» екеуара келісіп ешқандай дивиденд төлемейміз десе де, оған ешкім ештеңе дей алмайды.
Асылхан Андашов, GSB UIB бизнесті талдау орталығының маманы:
«ҚазМұнайГаз» компаниясының өндірісі артқан жоқ, бірақ табыс көлемі 64%-ға көбейген. Оның жалғыз себебі – әлемдік мұнай бағасы 67%-ға өсті. Бірақ таза табыс 0,5 % ғана. Өткен жылы 1 трлн 882 млрд теңге болған. Биыл 1 трлн 957 млрд теңге. Аталған компания рекордтық деңгейде дивиденд төлеп жатыр деген мәлімет айтылуда. Десе де, қазір әлемдегі барлық мұнай компаниялары осы жылдың бірінші тоқсанында ірі көлемде дивиденд төлеп отыр. Мысалы Ресейдің «Лукойл» компаниясы 400 млрд рубльден аса қаражат төлеген.
Компанияның осы жылдың бірінші жарты жылдығындағы таза табысы – 287 млрд теңге, бұл 683 млн доллар. Компаниядағы жұмысшылар саны – 60 мың адам. Италияның ірі Eni мұнай компаниясында 33 мың адам жұмыс істейді. Табысы 5 млрд 820 млн долар. Бұл компанияның табысы «ҚазМұнайГаз» жұмысшыларына қарағанда 2 есе аз екенін көріп отырмыз ал табысы, 8 есе артық. Тағы бір мысал, Ұлыбританияның BP мұнай компаниясы. Онда жұмысшылар саны 65 мың, табысы – 7,5 млрд доллар. Яғни біздің мұнай компаниямыздан 11 есе көп. Бұл дегеніміз «ҚазМұнайГаздың» жұмысшылары BP-мен бірдей бола тұра, табысы 11 есе аз болып отыр деген сөз.
Chevron мұнай компаниясында әр жұмысшыға шаққандағы өндіретін мұнай көлемі 73 баррелді құрайды. Exxon Mobil Corporation компаниясында әл жұмысшыға шаққандағы мұнай көлемі 59 баррель, Eni компаниясы 53 баррель, BP-де 50 баррель, Shell компаниясында 39 баррель, Ресейдің «Лукойлында» 21 баррель болып отыр. Ал «ҚазМұнайГаз» компаниясынң өндірген мұнайын әрбір жұмысшыға шаққанда 10 баррелді құрайды. Бұдан компанияда тиімділік төмен екенін көреміз. FinReview.info аналитикалық-ақпараттық ортылығының мәліметінше, былтыр Қазақстан бюджетіне түскен салық көлемі – 10 трлн 700 млрд теңге. «ҚазМұнайГаз» соның 1%-ы ғана яғни, 85 млрд теңге салық төлеген. Бұл қаражат өте аз.