$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Әрекеті көзбояушылық, өзгерген түк жоқ»: Алматы облысында кеден бекетіндегі келеңсіздіктер әлі күнге жойылмай келеді

«Бұрын шекарадан 5-6 машина ғана өтсе, қазір 70-80 машина жүреді деген статистика да жалған...»

«Әрекеті көзбояушылық, өзгерген түк жоқ»: Алматы облысында кеден бекетіндегі келеңсіздіктер әлі күнге жойылмай келеді

Қорғас кеден бекетіндегі жүк тасымалын тәртіпке келтіру түбегейлі шешілген жоқ. Кедендегі бұрынғы қызметкерлер лауазымды орындарын ауыстырып, май шелпекке айналған шекарадағы жұмыстарын жалғастырып жатыр. Осылай деген Панфилов ауданынының тұрғындары Қазақ-Қытай шекарасындағы келеңсіздіктерді айтып, арнайы жиналыс өткізді. Бітпейтін пилоттық жобалардың кесірінен ауыр жүк көліктерінің жүргізушілері тауар тасудан қалған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Бірнеше жылдан бері тауар тасуға қойылған тосқауылдан шаршаған халық «Нұр жолы» шекара өткізу бекетінің басшыларын шақыртып, талап қойды. Олардың айтуынша Қытай мен Қазақстан жүк сақтау қоймаларының арасындағы небәрі 800 метрге жүретін ауыр жүк көліктері 42 мың долларға дейін ақы алған. Өздері билеп-төстеген монополист компанияларға Президенттің арнайы тапсырмасынан кейін тосқауыл қойылған еді. Бірақ халық одан бері жарты жыл өтсе де қарапайым тұрғындардың жұмыс істеуіне мүмкіндіктің әлі жасалмай отырғанын айтады.

«Қазақстан үшін өте маңызды саналатын бұл шекаралық кеден бекеті расымен елге, халыққа пайдалы істермен айналысса екен. Бұрынғы монополист Еуротранзиттің орнына ҚТЖ келгенмен ештеңе өзгерген жоқ. Аттары ауысқанмен, істері, әрекеттері сол қалып қалды. Пилоттық жобалары да түсініксіз. Шекарадан өтететін көліктер республика бойынша электронды кезеке тұрса да, бұл жоба арқылы өздері қалаған тасымалдаушыларды «левый» өткізе береді. Мәселен «Қалажат» кеден бекетінің бұрынғы басшысы сол жерде ҚТЖ-ның директоры болып отыр. Бұрын жоғары лауазымда отырғандар ол маңайдан әлі кеткен жоқ, әлі де бастық. Көбісі солай. Бұл жақтағы қарапайым халықтың 85%-ы осы шекара арқылы күн көреді. Қорғас шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығында да сол бастықтар әлі отыр», - деді Панфилов ауданының тұрғыны, кәсіпкер Ақмарал Иманжанова.

«Нұр жолы» шекаралық кеден бекеті арқылы тауар тасымалы тек Қазақстанға ғана емес, Орта Азия, Еуропаның елдеріне де ауыр жүк көліктерімен үздіксіз жіберіледі. Осы маңда тұратын үш мыңға жуық жүргізуші Қорғас-Алматы арасына көкөніс пен өзге де тұрмысқа қажетті заттарды тасып, күндерін көріп келген. Кәсіпкерлер Қытайдан алған тауарларын тасымалдың ең жылдам түрі – ауыр жүк көліктерімен алдырғысы келеді. Бірақ тапсырыс алған жүргізушілер шекарадан өту үшін айлап емес, жылдап кезекке тұрады. Халық бұл кедергі тауар тасымалынан түсетін есепсіз теңгені алу үшін мемлекеттің атын жамылған монополистер қолдан жасап отыр деп санайды. Қызыл кеңірдек болып тартысқан халық пен кеден басшылары төрт сағат отырғанда бір тоқтамға келе алмады.

«Қытайдың территориясына өтетін көліктердің қарқыны артты және тасымал құны төмендеді. Тасымалдың қымбаттауы ең соңында тұтынушыға ауыр соғады. Наурыз айында Қытай-Қазақстан арасындағы 800 метрге тауар тасудың құны 4,5 мың доллар болса, кейін ол 2050 долларға, яғни 54% төмендеді. Сәуір айында 19 млн адам тұтынатын бірінші кезектегі тауарлардың құнын түсіру үшін тағы да шаралар қабылданды. Нәтижесінде баға бір мың долларға дейін түсті. Бұрынғы «Еуротранзит» кезінде Қытайға қарай күніне 5-6 машина ғана өтсе, қазір тәулігіне 80-ге жуық көлік жіберіледі. Электронды кезекте 13 мыңдай көлік тіркелгенмен, шындығында олардың 6-7 мыңы ғана фуралар. Жүк тасымалына қатысу үлесі аз болса, жүргізушілердің өту көрсеткіші де соғұрлым жоғары болады», - деді «KTZE Commerce» директорының кеден ісі жөніндегі орынбасары Ербол Аринов.

Басшылар кеденнен өтуді «реттеу» үшін 25 сәуірден бастап тағы бір жаңа жоба енгізген. Тасымалдаушылар республика көлемінде электронды кезекке тұрса да, кеденшілер өздері қажет деп тапқан көліктерді кезексіз Қытайға жібере беретін болған. Бұл әрекеттерін кедендегі жауаптылар сұранысты жылдам қамту үшін жасалған қадам деп санайды.

«Қорғас» кеден бекеті жаяу адамдарға жабық. Бірақ ол жердегі бастықтар Еуропаға кететін тауар деп жүк көліктерін Бішкекке жіберіп, ол жақта 0,5 көлемінде ғана кедендік рәсім жасалады. Сосын 5 мың доллар ғана төлеп, әлгі тауарларды Қазақстанның нарығына қайта кіргізеді. Шындығында біздің елдің кедені арқылы тауар өтеді, бірақ таза табыс Бішкекте қалады. Сондықтан кедендегі жағдайды қайта қарау керек. Кеденде бір жүк көлігіне қызмет көрсету құны 1500 доллар, бірақ ол жерде халық жұмыс істеп жатқан жоқ, бұрынғылар әлі қызығын көріп келеді. Ештеңе өзгерген жоқ, сол монополистер атын ғана өзгертті.

«Еуротранзиттің орнына келген «KTZE Commerce» өздерінің мүдделерін қорғап отыр. «KTZE» Қазақстан темір жолына қарайтын мемлекеттік мекеме деп айтқанмен, олар мемлекеттің атын жамылып, өз істерін тындырып отыр. Сендер олай халықты алдамаңдар, осы салада он шақты жыл жүрген соң, құйтырқылықты білеміз. Аты өзгергенмен, кедендегі әрекеттердің заты өзгермеді, көзбояушылыққа барып отыр», - деді Панфилов ауданының тұрғыны, кәсіпкер Ақмарал Иманжанова.

Кедендегі жемқорлық пен кедергілерге көптен қарсылық танытып келе жатқан қоғам белсенділері монополист топ қана емес, жергілікті халық шекараның қызығын көру керек деп санайды. Жүзден астам тасымалдаушы бас қосқан кезекті жиналыста белсенділер тасымал құнымен қатар, тауар бағасының, Алтын Ордаға жеткізілген көкөніс құны төмендеді деген мәліметтің тағы да өтірік екенін ашық айтты.

«Бағаны түсірдік дегеніне сенбейміз. Себебі он жылдан асты Алтын Орда базарына көкеніс тасып жүргенімізге. Өткен аптада тағы бағаны қарап шықтық. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда шабдалы, өрік, алма сынды өзге де көкөністердің құны әлдеқайда қымбаттап кеткен. Былтыр 800 метрге тауар тасығандар 42 мың доллар алғанда да мұндай қымбат баға болмаған.

Министрлік пилоттық жоба енгізген. Ол жоба толыққанды іске аспай жатып, тағы бір пилоттық жобаны тыққылады. Халық бұған да риза емес. Өйткені жүргізушілер кезегін жылдап күткенде, кейбірі кезек сақтамай-ақ кеденге кіре алады. Ең соңында тұрған адамды алдыға шығара салады. Бұл дұрыс емес. Ол үшін көкөніс, азық-түлік тасушыларды жеке, өте ауыр техника, құрылғыларды көтере алатын ашық көліктерді жеке, киім-кешек сынды өзге де тауар тасушыларды жеке-жеке кезекке қойса ешқандай дау болмайды. Бұлар бәрін қосып, айран-ботқа қылып отыр. Заңды түрде реттелген кезек болса, бұл жердегілер «левый движениелерді» іске асыра алмай қалады. Әлі ештеңе өзгерген жоқ», - дейді деді қоғамдық белсенді, кәсіпкер Бақытжан Мұхамеджанов.

Ол сөзін жалғай отырып, жарты жылда ешнәрсе өзгермегенін айрықша айтып өтті.

«Біз алты ай үміт күттік. Осы жарты жылда халыққа жағымды бір іс жасалған жоқ. Әрекеттері халықты қасақана ашындыру. Қазір бізді сығыстырып, басқа компанияларды тартып, өздерінің әрекеттерін іске асырмақ. Халықты жұмыспен қамтамасыз ете алмады. Бұрын шекарадан 5-6 машина ғана өтсе, қазір 70-80 машина жүреді деп жатыр. Бұл сол кезде шекараның ішінде жүріп табыс тапқан мүдделердің саясаты, қолдан жасаған кедергісі болды. Қаңтар оқиғасынан кейін осы жерді бақылауға келген ҚТЖ өздерін оң жағынан көрсету үшін санды асыра сілтеп жатыр. Жалған статистикалар. Жалған мәліметтерді көрсетіп, ҚТЖ-ның атын шығару. Шындығында өтіп жатқан көлік саны олар айтқан саннан екі есеге аз. Бұлардың шындығында мемлекетімізге, болашағымызға қандайда бір пайда әкеледі дегенге көзіміз жетпейді», - деді қоғамдық белсенді, кәсіпкер Бақытжан Мұхамеджанов.

Белсенділердің сөзінше, кедендегі келеңсіздіктері, әрі мүдделі топтардың жымысқы әрекеттерін жиі әрі ашық сынаған соң, үстерінен сан түрлі арыз түсіп, үйлеріне дейін тінту мен тексеру жүргізіліпті. Тергеуге шақырылған белсенді топ Президентке дейін ашық хат жазған.

Серіктес жаңалықтары