Лайк пен контент үшін: Атырауда қыздар жол бойына жатып алып, көлік қозғалысына кедергі келтірді (ВИДЕО)
«Контент деп» жаяу жүргіншілер өткелінде жатқан екі қыз әкімшілік жауапқа тартылды
Атырау қаласында 5 қарашаға қараған түні 18 және 21 жастағы екі қыз жаяу жүргіншілер өткеліне әдейі жатып, көлік қозғалысын бөгеп, осы ісін видеоға түсірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция қызметкерлері олардың жеке басын анықтап, бөлімшеге жеткізді. Тексеру нәтижесінде аталған әрекеттер Жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзу ретінде бағаланып, екі азаматша да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Атырау облысы полиция департаменті ескертеді: «лайк» пен «контент» үшін жасалған мұндай «шоу» жол қозғалысына қатысушылардың өміріне тікелей қауіп төндіреді. Бұл – ойын немесе көңіл көтеру емес, заңға қайшы әрекет, ол үшін жауапкершілік көзделген.
«Полиция жол қозғалысы қауіпсіздігінің талаптары барлық жағдайда сақталуы тиіс екенін еске салады. Жол ережелері мен қоғамдық тәртіпті бұзған әрбір азамат заң алдында жауапқа тартылады», – делінген облыстық ПД хабарламасында.