$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

2 млн жұмыс орнының 600 мыңы ғана тұрақты: халық табысын арттыруға арналған бағдарлама нәтиже бере ме

Өзін жұмыспен қамтығандардың 85%-ы 100 мың теңгеден аз табыс табады

2 млн жұмыс орнының 600 мыңы ғана тұрақты: халық табысын арттыруға арналған бағдарлама нәтиже бере ме
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Таяуда Сенатта 2025 жылға дейінгі халық табысын арттыру бағдарламасы қаралды. Бұған дейін Мәжілісте талқылаудан өтіп, БАҚ-та таныстырылған бағдарламаны Сенат депутаттары жан-жақты қамтып, басы ашық түйіткілді мәселелерге жекелей тоқталды. Сенат қабырғасында өткен жиында Azattyq Rýhy тілшісі бағдарламаға қатысты қоғамның талқылауын тудырған тұстарға тоқталып, сенаторлардың сауалына құзырлы органдардың жауабын, халық табысын арттыруға арналған басым бағыттардың шикі тұстарын шолып шықты.

ӘЛЕУМЕТТІК ТЕҢСІЗДІК МӘСЕЛЕСІ ҚАЛАЙ ШЕШІЛЕДІ?

Сенатқа келген вице-премьер Ералы Тоғжанов аталған бағдарлама аясында қандай көрсеткіштерге қолжеткізілетінін айтты. Оның ішінде 1 млн-нан астам бюджет саласы қызметкерлерінің, квази­мемлекеттік сектордың, өндірістік персоналдың еңбекақысы көтеріледі. Мемлекеттен қолдау алатын бизнеске нақты міндеттемелерді белгілеу арқылы ондағы 2,8 млн қызметкердің жалақысын арттыру қарастырылады. Бағдарлама аясында экономиканың түрлі саласында инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 2025 жылға дейін 2 млн-нан аса жаңа жұмыс орны құрылады, оның ішінде өндіріс саласында – 950 мың, инфрақұрылым саласында – 583 мың, ауыл шаруашылығы бойынша – 458 мың, туристік сала бойынша – 59 мың.

Бағдарлама бойынша ауылды жерде жұмыс орнын ұйымдастыру үшін жағдай жасап, жеке қосалқы шаруашылықтың кірісі артады. «Ауыл – табыс көзі» жобасы шеңберінде үй шаруашылығы кооператив бірлестігін қолдау көзделеді. Бұған қоса, Қазақстанда мүгедектік дәрежесі бар 400 мыңнан астам еңбекке қабілетті азаматтар бар, олардың 20 мыңы ғана жұмыспен қамтылған. Осы мәселені де аталған бағдарлама аясында шешу көзделіпті. Е.Тоғжановтың айтуынша, өңдеу өнеркәсібін жаңғырту импортқа тәуелділікті еңсерумен қатар халықтың табысына да әсер ете алады. Осыған орай 50 ірі кәсіпорынның айналасында ШОБ белдеуі құрылады. Бұл бизнес өкілдеріне кәсіпкерлік қызметтен түсетін табысты ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Үкімет 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасында креативті индустрияны дамытуды көздейді. Бұл ретте креативті индустрияларды қолдаудың мемлекеттік емес қоры тіркеліп, шығармашылық өсу үшін қолжетімді инфрақұрылым жасақталмақ. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 115 мың жұмыс орны ашылатын 690 жоба іске асырылады. Елімізде импортталатын азық-түлік тауарларын 100% отандық тауарлармен алмастыру іске асырылады.

Үкімет басшысы орынбасарының баяндамасынан кейін Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров Жаңа Қазақстанның негізгі мақсаты халықтың табысын арттыру және теңсіздікті азайту екенін атап өтті.

«Биыл сәуір айынан бастап әлеуметтік сала шығыстары қосымша 4%-ға индекстелді. Сонда 40-50 мың теңге көлеміндегі зейнетақы 2 мың теңгеге ғана өссе, 300-400 мың теңгедегі зейнетақы 16 мың теңгеге дейін өскен. Ал бұл өз кезегінде теңсіздікті қалай азайтады? Сонымен қатар, бұл қаражат ең төменгі зейнетақымен 1 млн-ға жуық адамның табысының ең төменгі күнкөріс деңгейін қаншалықты көтеруге мүмкіндік береді?» - деген сауал жолдады.

Салаға жауапты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова халықтың табысын арттыруға бағытталған бағдарлама негізінде аталған министрлікке қатысты он шақты жоспар барын айтты.

«Онда ең төменгі зейнетақыдан бастап, жәрдемақыға дейінгі стандарт қайта қаралады. Қазір халықаралық сарапшыларды шақырып, жұмысты бастадық. Біраз ұсыныс дайындап жатырмыз. Негізі проблема бар. Ең төменгі зейнетақы мен орташа зейнетақы арасында үлкен айырмашылық пайда болды. Бұл мәселені шешу үшін ең төменгі стандартты қайта қарау арқылы ортасындағы айырмашылықты ретке келтіреміз», - деді Тамара Дүйсенова

Өз кезегінде Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев аталған мәселеге қатысты құрылған жұмыс тобына палата депутаттарын тартуды сұрады.

ӨЗІН-ӨЗІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫҒАНДАРДЫҢ 85%-Ы АЙЫНА 100 МЫҢ ТЕҢГЕ АЛАДЫ

Сенат депутаты Ерік Сұлтанов 2021-2025 жылдарға арналған өнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі «Қуаты өңірлер ел дамуының драйвері» жобасы және тағы басқа ұлттық даму жобалары іске асырылып жатқанын айта келіп, халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының кешенді жоспарына сәйкес Қазақстанда 2 млн-нан астам азамат өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғанын айтты. Олардың 85%-ы айына 100 мың теңгеге жуық табыс табады.

«Олардың орташа жалақысы Қазақстан бойынша орташа жалақыдан 2,5 есе төмен. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арнап жаңа жұмыс орнын ашу, кәсіпкерлікке тарту, олардың табысын арттыру бойынша қандай жаңа іс-шара қолға алынады?» - деген сауал жолдады. 

Өз кезегінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларында өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарға бірнеше шара қабылданғанын, оның ішінде жеңілдетілген несие беру және несиенің бір бөлігін субсидиялау, кепілдік беру қарастырылғанын атап өтті.

ОҚУ ОРЫНДАРЫН БІТІРІП ШЫҚҚАН МАМАНДАР БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТСІЗ

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың сөзінше, бізде алдағы жылдары еңбек нарығына жыл сайын 300-350 мың жас келеді. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш өсе береді.

«2003 жылы 247 мың бала дүниеге келсе, былтыр көрсеткіш 446 мың балаға жетті. Яғни туу көрсеткіші екі есе өсті деген сөз. Олар 20 жылдан кейін жұмысқа қабілетті жас маман санатына жатады. Уақыт тез өтеді. Біз бүгінгі күн үшін емес, болашақ үшін жұмыс істейміз. Соған сай алдағы бір-екі жылдың ішінде жұмысқа шығатын жастарға жағдай жасау керек болады. Оларға бәсекеге қабілетті жұмыс орнын ашу, өмір сүруге жеткілікті жалақымен қамтамасыз ету мәселесін шешу аса өзекті болмақ. Екінші мәселе, бұл жастардың біліктілігін арттыруға басымдық беру керек», - дейді Сенат Төрағасы.

Оның сөзінше, бұған дейін жүргізілген халықаралық зерттеудің нәтижесіне сәйкес мектепті қоспағанда біздегі ЖОО-мен колледждің квалификациясы айтарлықтай төмен. Бұл оқу орнын бітіріп шыққан мамандар шетелдік оқу орындарымен салыстырғанда бәсекеге қабілетсіз дегенді білдіреді. Біздегі ЖОО бітірген жас маман біліктілік санатындағы жұмыс орнын алмастыра алмайды.

«Бұл жағдайда қолынан келетін жастар базар мен құрылысқа барады. Сол үшін білім қабырғасында жүргенде жастарды біліктілік деңгейін арттырып, бәсекеге қабілетті болу жағын қамтамасыз ету керек. Олар оқу бітірген соң өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатын толықтырмауы керек. Биылдың өзінде 240 мыңға жуық азамат еңбек нарығына қосылады», - дейді М.Әшімбаев.

Белгілі болғандай, 2030 жылға қарай еңбек нарығына шығатын жастар саны 300 мыңға барады деген жоспар бар. Биыл 120 мың адам еңбек нарығынан шығады. Оның ішінде зейнет жасына келіп, жұмыстан шығатындар да бар.

40 МЛРД ТЕҢГЕ ТҮККЕ ЖЕТПЕЙДІ...

Сенат депутаттары көтерген мәселенің ішінде халықты жұмыспен қамту мәселесімен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікке жеңілдетілген несие беруге қатысты проблемалар да бар.  Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы «Еңбек» бағдарламасы былтыр аяқталғанын айтты.

«Бірақ бұл бағдарламадан айтарлықтай нәтиже болған жоқ. Нарықта тұрақты жұмыс табу өте қиын. Негізгі тұрақты жұмыс – шағын және орта кәсіпкерлік саласында. Біздің елде осы саланы толықтай дамытуға мүмкіндік жеткілікті. Елді мекендерді аралаған кезде шағын кәсіпкерлікпен айналысуға қаржы керек екені жиі айтылады. Банктен несие алуға пайыз өте жоғары. Жаңа бағдарламаға шағын несие алуға 40 млрд теңге бөлініпті. Бұл бүкіл республикаға шаққанда түкке жетпейді. Сондықтан алдағы 2-3 жылда шағын кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндігі бар азматтарға несие беру үшін қаражат табу керек. Бұған қоса, Президенттің тапсырмасы бойынша шілде айының аяғында дейін жанар-жағармай және коммуналдық қызмет ақысына мен азық-түлікке байланысты субсидия беру тоқтайды. Енді одан кейін жағдай қалай болады? Егер біз халықтың табысын арттыратын болсақ, екінші жағынан мемлекеттің субсидиясынсыз баға аспанға шығып кетпей ме?» - деген сауал қойды.

Бұл мәселеге қатысты Ералы Тоғжанов орта және шағын бизнесті қолдаудың бірнеше тетігі барын айта келіп, соның аясында 2,5 пайызбен несие беру туралы жоба іске асқалы жатқанын хабарлады.

«Бұл ауыл шаруашылығы саласына бағытталған. Ауылды елді мекендерді дамытуға байланысты 5%-бен несие беріліп жатыр. Бұдан бөлек, өнеркәсіпті дамытуға байланысты 3%-бен несие беруге мүмкіндік бар. Оған 250 млрд теңге қаржы бөлінді. Екінші мәселе бойынша АИ-92, 93 және дизель отынына мемлекет беретін субсидияны 6 айдан кейін жалғастыру мәселесі қазір Үкімет талқылауында. Бұл аса маңызды мәселе. Сонымен қатар, коммуналдық қызмет ақысына байланысты 6 ай өткеннен кейін шектеулі тариф мәселесін енгізу қарастырылып жатыр. Мұның барлығы азық-түлік бағасының өсуіне тікелей әсер етеді. Наурыз-мамыр айларында өткен жылғы қордың төмендеуіне байланысты баға көтерілетіні белгілі. Бірақ маусым айында өзімізде шығатын өнімнің үлесі артады. Бұл өз кезегінде бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді», - дейді Тоғжанов.

Белгілі болғандай, 2021 жылы субсидияға 86 млрд теңге бөлінсе, биыл 162 млрд теңге қарастырып отыр. Яғни, мемлекеттің беретін көмегі екі есе артқан. Оның ішінде микро несиеге 7 млрд теңге берілсе, биыл оның көрсеткіші 12 млрд теңгені құрап отыр.

2 МЛН ЖҰМЫС ОРНЫНЫҢ 600 МЫҢЫ ҒАНА ТҰРАҚТЫ

Сенат депутаты Айгүл Қапбарова Қазақстанда бұған дейін қабылданған индустриялық-инновациялық даму басқармаларына қыруар қаржы жұмсалып біраз өндіріс орындары салынғанымен олардың толық жұмыс істеп тұрғаны шамалы екенін айтты.

«Соңғы 10 жылда 1527 жоба қолға алынып 9,1 трлн теңге жұмсалған. Осы жобалардың бәрі жүзеге асқанда экономикамыздың қуаты біршама артқан болар еді. Бірақ оның көбі жол ортаға жетпей тоқтап қалған. Бұған дейінгі бағдарламаларда 212 мың жұмыс орны ашылған. Жаңа бағдарлама аясында алдағы 3 жылда 2 млн адамды жұмысқа орналастыру қаншалықты мүмкін? Оның ішінде 32%-ы ғана тұрақты жұмыс орны болса, халықтың табысын арттырудың тиімділігі нәтиже бере ме? Жұмыс орнын ашуда жеке биизнес секторының үлесі қандай?» - деді депутат.

Аталған мәселеге қатысты Ералы Тоғжанов 6 жобаның орта жолда тұралап қалғанын жоққа шығармайтынын айтты.

«Индустриялық-инновациялық даму басқармасы шеңберінде 1670 жоба жүзеге асқан. 152 мың адам жұмысқа тұрғаны анықталды. Бұл ретте түйіткілді мәселе де жоқ емес. Жүзеге аспай қалған жобалар да бар. Мендегі дерек бойынша – 6 жоба. Жаңа бағдарлама бойынша 2 млн жұмыс орнын қамту оңай нәрсе емес. Бірақ мүмкіндігіміз бар», - дейді вице-премьер.

Халықтың табысы мен жұмыссыздық мәселесін Сенат депутаты Динар Нөкетаева да көтерді. Оның айтуынша, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтін халықтың үлесі 5,3%-ды, бейресми дерек бойынша 1,5 млн адамды құрайды.

«Халықаралық сарапшылар Қазақстанда кедейшілік шегі күніне 2,8 АҚШ долларын, Еуропа елдерінде орта есеппен 5,5 АҚШ долларын, Ресейде 6 АҚШ долларын құрайды. Қазақстан Африка мен Оңтүстік Америка елдерімен бір деңгейде екен. Соңғы жылдары елде ЖІӨ-нің бірнеше есе өсуі байқалғанмен халықтың ең аз қамтамасыз етілген 40%-ның 59%-ы тамаққа жұмсайды. Өзін жұмыспен қамтыған 2 млн адамның 85%-ы айына 100 мың теңгеден аз табыс табады. Олардың 10%-ның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де төмен. Кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш шамамен 30%-ға жетеді», - дейді Д. Нөкетаева.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылдың наурыз айынан бері азық-түлік бағасы 20%-ға қымбаттаған. Бағаның өсуі әлі де болса тұрақтамай отыр. Инфляцияны ауыздықтаудың негізгі шарасы ретінде жанар-жағармай бағасын реттеу және тарифтер мен коммуналдық қызметтер бағасын көтеруге 180 күнге мораторий енгізу, тұрақтандыру қорын 70 млрд теңгеден 140 млрд теңгеге дейін ұлғайту қаралған.

«Аталған шара бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік бере ме? Керісінше тәуекелдерді арттырма ма? Мысалы 2021 жылы азық-түлік тауарларын бөлшек сауда айналымындағы көлемі 4,9 трлн теңгені, соның ішінде тұрақтандыру қорлары мен айналу схемасының үлесі еліміз бойынша тек 90 млрд теңгені құрады. Бағаны тұрақтандыруға әсері болмады. Соған қарамастан қосымша 50 млрд теңгені тағы тұрақтандыру қорына бөлгелі отырсыздар. Бұл шара бағаны ауыздықтауға қаншалықты мүмкіндік береді. Үкімет бұған сенімді ме?» - деген сауал қойды.

ХАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫНЫҢ ЖАҚСАРҒАНЫН СЕЗІНУІ ҮШІН БАҒАНЫ ТҰРАНДАНДЫРУ КЕРЕК

Халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама негізінде БАҚ өкілдерінің де жалақысын көтеру мәселесіне Нұртөре Жүсіп назар аудартып, қазір журналистердің айлығы 202 мың теңгенің шамасында екенін айтты.

«Үкіметтің атқарған жұмысын түсіндіретін және халықты хабардар етін БАҚ құралдарының жалақысын арттыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Пайдалы ақпарат бәрімізге керек. Осы ретте, БАҚ саласы қызметкерлерінің еңбекақысы республикалық орташа айлық жалақыдан да төмен. Журналистер бюджет қызметкерлеріне я болмаса жекеменшікке жатпайды. Шығармашылық өндіріс өндіретін журналист қауымды осы санатқа жатқызып, соған сай қаржыландырсақ қалай болады? Бұл тізімге видео оператор, видео инженер, жарықпен жұмыс істейтін адамдар және монтажерлер еніп отыр. Осы мамандардың айлық жалақысы өте төмен», - деді Нұртөре Жүсіп. 

Жиын соңында М. Әшімбаев халықтың табысын арттыру – стратегиялық міндет екенін, мемлекетке деген сенім мен барлық жаңғыру реформаларының табысты болуы да осы міндетке тікелей байланысты болатынын айтты.

«Азаматтар жағдайының жақсарғанын нақты сезінуі керек. Ендігі жерде «бөлінген қаражатты игерсек болды» деген бұрынғы тәсілдермен жұмыс бітпейді. Сондықтан жобалық тәсіл қағидатын енгізу құптарлық дүние. Оның ішінде жоспарланған нәтижеге қолжеткізу үшін нақты басшылардың жеке жауапкершілігін қарастырған жөн. Бағдарламалардың іске асырылуын бақылау тетіктерін де жетілдіру керек», – деді Сенат Төрағасы.

Сондай-ақ Палата спикері аталған бағдарламаны іске асыруға көптеген мемлекеттік органның қатысатынына назар аударып, олардың жұмысын тиімді үйлестіру айрықша мәнге ие екенін тілге тиек етті.

«Жалпы бағдарлама аясында қолға алынатын шаралар 3,8 млн адамды қамтиды. Бұл еліміздегі жұмыс істейтін азаматтардың жартысына жуығы деген сөз. Осы ретте бағаның негізсіз өспеуі аса маңызды. Сонда ғана халық жағдайының жақсарғанын шын сезіне алады. Сондықтан табысты арттыру бағдарламасының тағы бір міндеті инфляцияны ауыздықтау екенін естен шығармау қажет», – деді Мәулен Әшімбаев.

Талқылау соңында Парламент Сенаты халықтың табысын арттыру жолында Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеуге және заңнамалық тұрғыдан қажетті қолдау көрсетуге дайын екені айтылды.

Серіктес жаңалықтары