«Ескі кірпішпен қалаған»: Алматы облысында бюджеттің қыруар қаржысына салынған әкімдік ғимараты аяқсыз қалды
Компанияның басшылары жұмысшыларына да бірнеше ай жалақы төлемепті
Алматы облысында белсенділер ауылдық әкімдік ғимаратының сапасыз салынып жатқанын айтып, дабыл қақты. Олардың сөзінше, Кеген ауданының орталығында осыдан екі жыл бұрын басталған шағын ғимарат сол қалпы аяқсыз қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Мердігер компания бюджеттен 200 млн теңгені ұтып алған. Алайда әкімшіліктің әлгі шағын ғимараты құрылыс нормаларының талабына мүлдем сай болмай шыққан.
«Қабырғаға сынық кірпіш қалай болса солай қаланған. Керегесі қисық-қисық, төбесі толқын-толқын, тегіс емес. Оны техбақылаушысына, аудан әкімінің орынбасарына, құрылыс бөлімінің бастығына да, мына жерде жүрген прорабына көрсетіп, дәлелдедік. Олар «болды, түсінікті, кемшілктерді мойындаймыз, құлатамыз, қайта түзетеміз» деген. Бірақ сапасыз салынған ғимараттың кемшіліктерін түзеткен жоқ. Керісінше, даудан соң төбесі жабылмай тұрып, қисық жерлерін жауып тастау үшін құмсылақпен бітеп жатыр», - деді Кеген аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі Талғат Өзекбаев.
Құрылыс былтыр аяқталып, қолданысқа берілуі тиіс болған. Қаржыны ұтқан мердігер компанияның басшылары жұмысты бастамай жатып тастап кеткен. Халық қалдық кірпіштен қаланған құрылыс нысанын бұзуды талап еткен. Олардың сөзінше, бюджеттің ақшасы жұмсалған нысан ешбір қисынға келмейтін тәсілмен тұрғызылған.
«Бұлай жалғасса ғимарат ұзаққа шыдамай құлауы мүмкін. Шатыры жабылмай жатып, сынық кірпіштен қаланған қабырғаларға құм сылақ жүргізді. Тендерді ұтқан компания былтыр ғимартатты қолданысқа беруі тиіс еді. Бірақ олар құрылысты бітірмей, жұмысты тоқтатып қойды. Енді олар биыл тағы да қосымша қаржы сұрап отыр. Олар бюджетті түзету, өзгерту керек деп қайта құжат жіберіпті. Біріншіден, олар бұрын қолданыста болған ескі кірпішпен қалаған. Сондықтан да құрылыстың сапасы төмен. Бірінші қабаттан соң сесмикалық белдеуді құймай, бірден екінші қабатты көтеріп жіберген», - деді Кеген ауылының тұрғыны Мақпал Шадан.
«Ғимараттың апаттық есігі дұрыс бекітілмеген. Терезенің жақтаулары да сапасыз. Өрілген кірпіштер қыңыр-қисық, бетон тіреуіш сапасыз құйылған. Бізге жалынып, жалбыранып, шулатпаңдар, құрылысты бұзамыз деген. Екінші қабаты мүлдем қисық тұрғызылған. Кірпіштердің арасы бір-бірімен байланыспаған. Былтыр 70 млн теңге сұраған еді, биыл ол 200 млн теңгеге жетіп отыр», - деді қоғам белсенділері.
Аядай ғана ауылдық әкімшілікті сала алмай отырған компанияның басшылары жұмысшыларына да бірнеше ай жалақы төлемеген. Жергілікті жерден арзан жұмысшыларды жалдағанмен, еңбекақыларын ала алмай, жұмыстың соңы тағы да дауға ұласқан. Міндетін мінсіз атқаруды ұмытқан мердігер компанияың бастығы, бәріне қымбатшылық себеп болды деп отыр.
«Тендерге қатысып осы жобаны ұтып алғанбыз. Қымбатшылыққа байланысты құрылыс былтыр тоқтаған. Түзетулерге байланысты 9 млн теңге қаржы алдық. Құрылыс болған соң ескертулер болады. Бәрі жоба бойынша, заңға сай істеліп жатыр. Мемлекеттік органдар бар тексеріп жатқан, техбақылаушылар бар. Ескертулер бар, оның бәрін түзейміз. Арматруаның метрі жобада 230 теңге деп көрсетілсе, нарықта ол 480 теңге болып кетті. Сондықтан біз құжатты түзетулерге жібердік. Кірпіштің қалануы бойынша оларды бұзып, қайта қалап шықтық. Тамыз айына дейін жұмысты аяқтаймыз. Кірпіш қалау бойынша жергілікті адамдар жұмыс істеді. Сапасыз жұмыс үшін оларға айлық қалайша төленеді? Сапа жоқ, сол себепті оларға айлықты да бермей отырмыз», - деді «Стройиндустрия» ЖШС бас директоры Самат Ахматов.