«Мемлекетті күшпен басып алу»: Қаңтар оқиғасын ұйымдастырғандар қандай жазаға тартылады?
Басты күдіктілер әлі тергеліп жатыр
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында мемлекетті күшпен басып алуға оқталып, осы баппен сотталған бірнеше адам болғанымен, бұл актіні нақты жүзеге асыруға талпыну биыл қаңтарда тіркелді. «Қаралы қаңтар» аталып кеткен бұл оқиға кезінде кемі 238 адам қаза тапқан. Олардың қатарында қарапайым тұрғындар да, күштік құрылым өкілдері де, тәртіпсіздікті жасаған лаңкестер де бар. Жүздеген адам ұсталып, олар әліге дейін тергеліп жатыр. Басты күдікті ретінде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның үш орынбасары қарастырылуда. Оларға лауазымын асыра пайдаланды, мемлекетті күшпен басып алмақ болды, отанынан опасыздық жасады деген ауыр айыптар тағылған.
Айтпақшы, осыдан екі апта бұрын сот Мәсімов пен оның сыбайластарын қамауда ұстау мерзімін тағы ұзартты. Қаңтар айының алғашқы онкүндігінде ұсталған күдіктілер енді 6 маусымға дейін тергеу абақтысында отырады.
Айта кету керек, ҰҚК-нің экс-төрағасына «ірі көлемде пара алды» деген айып қоса тағылған. Тергеу барысында оның Премьер-министр кезінде жасаған қылмыстары да ашылған көрінеді...
Ұзақ мерзімге сотталуы мүмкін...
Егер Кәрім Мәсімовке тағылған айыптың бәрі дәлелденсе ол кемі 17 жылға түрмеге қамалуы мүмкін. Мұны еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов бұған дейін айтқан болатын.
«Үкімді сот шығарады. Бірақ, Қылмыстық кодексте қылмыстың мұндай түріне 17 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», - деген еді Б.Асылов журналистермен болған кездесуде.
Дәл осындай жазаға Мәсімовтің үш орынбасары да кесілуі әбден мүмкін. Өйткені, олардың бәріне бірдей айып тағылып отыр.
Шарасыздық танытқандар да жауапқа тартылады
Қаңтар оқиғасын тікелей ұйымдастырушы ретінде айыпталмаса да, елдегі жаппай тәртіпсіздікке жол берген шенді тұлғалар да қазір тергеліп жатыр. Олардың алды – ҚР Қорғаныс экс-министрі Мұрат Бектенов. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 451-бабының 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Алматы облысының Полиция департаментін басқарған Серік Күдебаев та жуырда ғана күдікті деп танылды. Ол Қылмыстық кодекстің 370-бабының 4-тармағы 1-бөлімі бойынша тергеліп жатыр. Яғни, қауіп төнгенде әрекетсіздік танытқаны үшін ұзақ мерзімге сотталуы мүмкін.
Бұлардан бөлек, дәл осы Қаңтар оқиғасында қызметін тиісті деңгейде атқара алмаған шенді полицейлер, ҰҚК-нің лауазымды бірнеше қызметкері де жылы орнымен қоштасқан.
Мемлекетті күшпен басып алу әрекеті
Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстанның отыз жылдық тарихында мемлекеттік күшпен басып алмақ болғандар кездеседі. Мәселен, ҰҚК төрағасының орынбасары болған Рахат Әлиевтің әскер жинағаны туралы мәліметті 2007-2008 жылдары бүкіл Қазақстан естіді. Австрияда жасырынған Әлиев ақыры сол елдегі түрмелердің бірінде 2014 жылы қайтыс болды.
Сонымен қатар, шымкенттік «олигарх» Тоқтар Төлешовтің де билікті басып алмақ болған әрекетін жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Тергеу материалдарына сенсек, Төлешов 2017 жылы өз сыбайластарымен бірге Қазақстанның бірнеше қаласында көтерілістер жасап, билікті өз қолына алмақшы болған. Артынша ол ұсталып, 21 жылға бас бостандығынан айрылды. Оның жақтастары да қазір түрмеде жазасын өтеп жатыр.
Десе де, бұлармен салыстырғанда Қаңтар оқиғасының орны ерекше. Мұндай қанды қырғын тәуелсіз Қазақстанның тарихында бұрын-соңды болмаған. Мәселен, бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитеті бүлікшілерді бүлік жасамай тұрып ұстаса, бұл жолы керісінше, дәл сол қауіпсіздікке жауапты тұлғалар бүлікті өздері ұйымдастырды. Тергеу деректеріне сенсек, ұйымдасқан топ Маңғыстау өңірінде тұрғындардың газ бағасына наразылығын ұтымды пайдаланған. Артынша Алматы, Талдықорған, Шымкент, Тараз, Қызылорда қалаларында жаппай тәртіпсіздікке ұласып, жүздеген адамның өліміне алып келді. Ал, бизнес пен әлеуметтік нысандарға келген шығын жүздеген миллиард теңгемен есептеледі.
Қаңтар оқиғасына әліге дейін әркім әртүрлі баға беріп келеді. Дегенмен, мұның мемлекеттік төңкеріс әрекеті екеніне ешкімнің күмәні жоқ. Мемлекет басшысы 10 қаңтар күні онлайн форматта өткен ҰҚШҰ отырысында төңкеріс жасамақ болғандардың кәсіби түрде дайындалғанын айта келе, бүлікшілерді былайша сипаттап берді;
«Жасырын шабуылдаушыларды анықтау үшін жоспар жасалып жатыр. Олар ерекше жасырынған. Азаматтық киім киіп, өзгелерінен бөлектеп тұратын сақалын қырып тастаған. Алматыда алдымен бейбіт шерулер өтіп, артынша саяси митингтерге ұласты. Осыдан кейін Алматыға үш жақтан қарулы күштер басып кірді. Алғашында бейбіт тұрғындар секілді көрінгенмен, артынша жұртшылықты арандатып, адасуға алып келді. Кейін тарихта Алматы трагедиясы деген атпен қалатын оқиға басталды. Алматы мен 9 облыс орталығы бандиттердің қолына өтті.
Олар полицейлерге, әскерилерге шабуыл жасап, асқан қатыгездікпен ұрып-соққан. Бұл шабуылға террористердің қатысы барын сеніммен айта аламын. Олардың арасында Қазақстанға қарсы шетел содырлары бар. Бандиттердің түнде мәйітханаға шабуыл жасап, қаза болған жақтастарының денесін алып кеткені жай емес. Содырлар да ұрыс алаңынан жақтастарының мәйітін алып кетеді. Бұл – әлемдік белгілі террористік топтардың қолданысындағы тәжірибе. Осылайша олар ізін суытады. Елімізде бүлік жасап, билікті басып алу ойы болғаны айқын көрініп тұр», - деді ол.
Қаңтар оқиғасына баға берген отандық және шетелдік сарапшылар да мұның алдын ала ұйымдастырылғанын, шетелден бүлікшілер тартылғанын айтты.
Қаңтар оқиғасы кезінде қолға түскендердің арасында 18 шетелдік бар. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімованің айтуынша оның 14-і Өзбекстан, 2-еуі Ресей, 2-еуі Қырғызстан азаматы.
«Өз еліне және халқына адал нағыз патриоттар бұған ешқашан бармайтыны анық. Жағдайды өз мүддесі үшін пайдаланғысы келетін адамдар coup d’etat жасауға тырысты деп ашық айту керек. Француз тілінен аударғанда төңкеріс деген мағынаны береді. Бұл біздің мемлекеттілігімізге, елдің тұтастығына және халықтың қауіпсіздігіне қарсы бағытталған іс-әрекеттер болды», - деді Тоқаев Ұлттық Qazaqstan телеарнасына берген сұхбатында.
Қазақстанның билігін өз қолына алып, ірі халықаралық лаңкестік ұйымның базасына айналдыру – бүлікшілердің көздеген мақсаттарының бірі болуы мүмкін, дейді шетелдік сарапшылар.
«Ірі халықаралық лаңкестік ұйым жақтастарының бірі Қазақстан аумағына өтіп, тәртіпсіздіктер орнату үшін 3 мың адам керек екенін айтты. Қаскөйлер сіздердің елдеріңізді сириялық жихадистердің базасына айналдыру сценариін қарастырған. Олар Қазақстандағы жағдайдың одан әрі ушығатынына үміттеніп, мұнда өздерінің лаңкестік платформасын құруды көздеген», - дейді иорданиялық тәуелсіз медиа-продюсер Нихад әл-Джарири «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында.
Ал Италияның барлау және қауіпсіздік саласындағы аналитикалық орталық департаментінің директоры Рикардо Валлет шетелдегі лаңкестер мен Қазақстандағы қылмыстық топтар біріккен деген ойын айтты.
«Содырлар шекаралардың ашық болғанын пайдаланып, бір елден екінші елге көшіп жүре алады. Қазақстанда да осылай болды. Қаскөйлер мұнда Орталық Азиядағы көрші елдер мен Ауғанстаннан келген болуы мүмкін. Басқа мемлекетке келгенде лаңкестер ең алдымен сол жердегі қылмыстық топтармен байланысқа шығады. Сөйтіп күші арта түседі. Қазақстандағы қаңтар оқиғалары осыны айғақтап отыр», - деді «Хабар 24» тілшісімен болған сұхбатта.
Содыр ма, тірі қалқан ба?
Қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың көбі бүлікке қатысқан адамдар. Оларға «бүлікші», «содыр» деген таңба басушылар көп. Шынында олардың көбі содыр емес, нағыз содырлардың «тірі қалқаны» болған дейді кейбір сарапшылар. Арандап қалған жастар да аз емес. Азаматтық позициясын танытпақ болған азаматтар ақырында бүліктің қақ ортасынан қалай шыққанын өздері де білмей қалған. Біразы оққа ұшты...
Не түйдік?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасына дейін-ақ өзгерістің революциялық жолмен емес, эволюциялық жолмен болуы керегін айтқан еді. «Қаралы қаңтардан» кейін халық бұл сөздің мәнін шынайы түсінгендей. Қазір қираған қалалар қалпына келтірілгенімен, көңілге түскен жараның беті әлі жазылған жоқ, жуық арада жазылуы да екіталай... Ал, тергеу ісі аяқталуға жақын. Бұл тұрғыда көпшіліктің билікке қояр талабы біреу ғана: жауаптылар әділ жазасын алып, оқиғаға тиісті баға берілуі керек.
Фотолар Tengrinews.kz, Sputnik Казахстан, Inbusiness.kz сайттарынан алынды