Шымкентте педофилге химиялық кастрация арнайы дәрінің болмауынан жасалмай отыр
Былтыр екі адамға химиялық кастрация жасау туралы үкім шыққан болатын
Шымкентте педофилге химиялық кастрация арнайы дәрінің болмауынан жасалмай отыр. Себебі, антиандрогендік гормоналды дәрі қорда жоқ, деп жазады «Астана» телеарнасы.
Айта кетсек, былтыр мегаполисте алғаш рет екі адамға химиялық кастрация жасауға үкім шыққан болатын.
«Денсаулық сақтау басқармасы 2019 жылға аталған дәрілік затты сатып алмауына байланысты бүгінгі күнде химиялық кастрация жасалмай отыр. Антиандрогендік дәрілік заттарды 2020 жылы сатып алған соң бір сотталушыға емдеуді бастаймыз деген жоспар бар. Ал екінші сотталған адамның химиялық кастрация жүргізуге денсаулығы жарайтын болса, оған да ем басталады, ал жарамайтын болса сотталған мекеменің емдеу бөлімінде диспансерлік бақылауда болады», – деді Шымкент қаласы Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің сотталғандарды медицинамен қамтамасыз ету тобының бас маман дәрігері Рано УЛХОДЖАЕВА.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы өткен жылы сотта кәмелет жасына толмағандарға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты 14 қылмыстық іс қаралғанын айтты. Оның екеуі сотпен педофил деп танылған. 15 жылдан жаза арқалағандардың екеуі де Шымкент қаласының жұмыссыз тұрғыны.Тергеу дәйектеріне сүйенсек, алғашқысы 8 және 12 жасар қыздарды зорламақ болған. Екіншісі өзінің азаматтық некедегі әйелінің ұлына сексуалдық сипаттағы әрекет жасаған.
«Күдіктілердің кінәсі дәлелденгеннен кейін біз сот-психиатриялық сараптаманы басшылыққа ала отырып, педофил деп танылған азаматтарға химиялық кастрация туралы шешім шығарылса, біз оларға химиялық кастрация тағайындаймыз», – деді Шымкент қаласы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әбинұр ҚАРАБАЕВ.