ІІМ басшысы азаматтарды қазірше алыс жолға шықпауға шақырды
Қазақстанның 10 облысында әлі де күрделі метеорологиялық ахуал сақталып тұрғандықтан, автожолдардағы жағдай да оңала қойған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қолайсыз жағдайларға байланысты Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев азаматтарды автожолдарға әзірге жолға шықпауға және ауа райы мен трассалардың жай-күйі туралы хабарламаларды қадағалауға шақырды.
Әсіресе, Нұр-сұлтан қаласы мен Ақмола облысындағы жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Алдағы тәулікте де жел күшейіп, боран соғуы, температураның төмендеуі күтілуде.
«Эвакуациялық-құтқару жұмыстарына 2 мыңға жуық полиция, ТЖ және Ұлттық ұлан қызметкерлері тартылды. Қиын жолдардан өту мүмкіндігі жоғары 700-ден астам арнайы техника жұмылдырылды. Барлық жұмыстар ауа райының күрделі жағдайында жүргізілуде. Сондықтан азаматтар өз қауіпсіздігі үшін елдімекендер арасындағы автожолдар бойынша жол жүруден бас тартуы керек. Осындай қолайсыз жағдайда өз-өзіне тым сенімді болып жолға шығу қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін», - деп ескертті Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
26-27 қаңтар күндері қабылданған шаралар нәтижесінде 2 мыңнан астам адам, оның ішінде жүздеген бала құтқарылды және эвакуацияланды. Қар құрсауынан 1400 бірлік техника шығарылды.
Жекелеген жүргізушілер бекеттерді айналып өту арқылы өздерінің ғана емес жолаушылардың да өмірлерін қатерге тігетіні, олай істеуге мүлде болмайтыны атап көрсетілді.
«Төтенше жағдайларға тап болмас үшін министрлік азаматтардан хабарламаларға құлақ асуды мен ішкі істер органдарының, төтенше жағдайлар қызметкерлерінің нұсқауларын орындауды талап етеді», - деп атап өтті ІІМ басшысы.
Жергілікті атқарушы органдарға қажет болған жағдайда эвакуациялық пункттер мен жылыну орындарын және тамақтану орындарын ашу шараларын қабылдау ұсынылды.
Қазіргі уақытта құтқару жұмыстары жалғастырылуда. Жабылған жолдар туралы ақпарат әрбір 2 сағат сайын жаңартылып отырады.