$ 513  541.16  4.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.05.2022, 10:07
Қоғам

Жаздыгүні пойызбен ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік бола ма?

ТМД елдері ішінен қазақстан темір жол арқылы халықаралық қатынауды бірінші болып бастады

Жаздыгүні пойызбен ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік бола ма?

Бүгінгі таңда «Атырау-Астрахань», «Алматы-Ташкент», «Нөкіс-Бейнеу» бағыттары бойынша мемлекетаралық пойыздар жолға шықты. Сонымен қатар, осы жылдың маусым айынан бастап «Қарағанды – Самара», «Қарағанды – Омбы», «Алматы-2 – Қазан» бағытындағы пойыздар қатынайды.  Биыл ұзын-ырғасы 21 мемлекетаралық пойызды іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін «Жолаушылар тасымалы» АҚ Бас директоры Жәнібек Тайжанов Алматыда өткен брифингте айтты.

Оның сөзінше, пандемия кезінде жолаушылар тасымалы екі есеге төмендеп, жолсеріктердің жарты жалақыға жұмыс істеуіне тура келген. 2020 жылы 8 миллионнан астам адам темір жол қызметін пайдаланса, 2021 жылы 11 миллион жолаушыға қызмет көрсеткен. Ал, биыл 15 миллион адамды діттеген жеріне жеткізуге әзір. Бүгінде «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының иелігінде бас-аяғы 2 мың 220 вагон бар. Бұдан бөлек, 30 бағытқа қатынайтын 10 астам жеке жолаушы тасымалдаушы компаниянының 400 вагоны бар.

Билеттер сатылымы толығымен «Мобиус» электронды жүйесіне ауыстырылған. Яғни, жеке билет кассалары (оңтайландыруды есепке алғанда 156 касса), 3 мыңға жуық агенттік касса, оның ішінде пошта бөлімшелері, 15 интернет сайт, оның ішінде BILET.RAILWAYS.KZ сайты, «ҚТЖ билеттері» мобильдік қосымшасы мен 30 мыңға жуық өзіне-өзі қызмет көрсету автоматтары іске қосылған.

Бұдан-былай, билет таппаған тұтынушыға «Күту парағы» бойынша кезектілік тәртібімен билеттерді сатып алу мүмкіндігі беріліп отыр. Яғни, сіз іздіген билет табылмай шықса, сол сәтте «Күту парағы» батырмасын басып, билеттен аяқасты бас тартқан адамның билетін ала аласыз. Яғни, орын босаған жағдайда, сізге SMS-хабарлама келеді. Осы қызмет арқылы осы жылдың 4 айында 18 мың 300 адам билетті рәсімдеп үлгерген. Айта кету керек, 2020 жылдың қаңтар айынан бастап билеттерді қайта сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтіліп, айыппұл сомасы 100-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін өскен.

«Жол жүру құжаттарын электрондық сатудың жетілдірілген жүйесі билеттердің жасанды тапшылығын жасау тәжірибесін барынша азайтуға көмектесті. Орындар мен күту парағын «аулауды» блоктау функциялары бар. Оны енгізу тұрғындарға билеттерді «алыпсатарларға» жүгінбей-ақ сатып алуға мүмкіндік беретін оң өзгерістер әкелді. Билеттерді сатып алу процесі ашық, сондықтан билеттерді сатумен байланысты заңға қайшы іс-әрекеттер жасау мүмкін емес, - дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ Бас директоры Жәнібек Тайжанов.

Жаздыгүні Алакөл бағытында 11 маршрут қарастырылған. Нұр-Сұлтаннан аптасына 2 рет: 

  • № 54/53 «Нұр-Сұлтан НЖ – Достық» (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ);
  • №258/257 «Нұр-Сұлтан-1 – Достық» (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ) пойыздары жүреді.

Туристер күнара тоқтаусыз жүретін: 

  • №121/122 Нұр- Сұлтан – Семей (жеке тасымалдаушы АрайТрансKZ ЖШС);
  • №6941/6942 «Ақтоғай-Достық» (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ) пойыздар вагондарын пайдалана алады.

Алматыдан Алакөл жағажайларына аптасына 3 рет: 

  • № 221/222 «Алматы-2 – Достық» (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ);
  • № 137/138 «Алматы-2 – Достық» (жеке тасымалдаушы «Vagon Servis» ЖШС) пойыздары қатынайды.

Күнара жүретін №21/22 Қызылорда – Семей (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ) және №6941/6942 «Ақтоғай – Достық» (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ) пойыздарының құрамында тікелей қатынайтын вагондар болады.

Абай облысынан күнара Алакөл жағалауына №457/458 «Семей – Достық» пойызы (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ) қатынайтын болады.

ҰЛТТЫҚ ТАСЫМАЛДАУШЫ ЖОЛАУШЫЛАРҒА КӨРСЕТЕТІН ҚЫЗМЕТТІҢ ДЕҢГЕЙІ ҚАНДАЙ?

Вагон паркін жаңарту.

2010 жылдан бастап 2021 жылға дейін 1100-ден астам вагон сатып алынса, соның 600-ден астамы Тальго вагоны. Осы  жылы тағы 73 жаңа вагон сатып алынбақшы. Десе де, вагондардың ескірген паркі негізгі проблемалардың бірі болып отыр. Ұлттық тасымалдаушыда 2000 вагон болса, соның 800-ден астамы ескі үлгідегі, яғни, олардың пайдалану мерзімі 28-ден 44 жылға дейін. Қызмет ету мерзімі өткеннен кейін вагондар тіркелім паркінен шығарылады. Вагондар пайдалануының мерзімі – 28 жыл, бірақ оны ұзартқан кезде жолаушылар вагондары 44 жылға дейін жарамды бола алады. Ал вагондардағы тазалық пен төсек-орынның жаңа стандарттарының енгізілгеніне 4 жыл болған.

«Мысалы, егер бұрын төсек-орын қарапайым бөзден тігілсе, қазір сапалы матадан тігіледі. Мақта төсеніштері су өткізбейді және отқа төзімді. Егер бұрын көрпелер қысқы және жазғы деп бөлінсе, қазір олар әмбебап – жүннен жасалған. Осылайша, «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздардағы матрацтарды, жастықтарды, көрпелерді ауыстырып, жаңа стандарттар бойынша тігілген жаймалармен және жастық тысымен жабдықтай бастады. Жолаушылардың қанағаттанушылығына бағытталған осындай саясат нәтижесінде жұмыста клиентке бағдарлану пайызы айтарлықтай жақсарды», - деп есептейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ Бас директоры Жәнібек Тайжанов.

Серіктес жаңалықтары