«Алаяқтардың құрығына түсетіндер азаймай отыр»: тергеуші интернет алаяқтармен күресудің маңызын айтты
Тергеуші өз саласында кездесетін проблемалар жайлы айтты
Тергеуші күнделікті сан түрлі қылмыстың куәсі болып, өзіне түскен істің ақ-қарасын ажыратады. Оның атқарған жұмысы мен қабылдаған шешіміне адам тағдыры тікелей тәуелді. Елордалық білікті тергеушілердің бірі – Жандар Болатбек қалада бір күнде кемінде 10 қылмыс тіркелетінін айтады. Күнделікті болатын қылмыстың жоғарғы көрсеткіші 20-30 қылмыс түрін құрайды екен. Оның басым бөлігі – ұрлық пен алаяқтық.
Azattyq Rýhy тілшісімен сұхбаттасқан маман полицейлердің беделі, интернет алаяқтар мен оңай олжаға қызығатындар жайында айтып берді.
Тергеушінің күнделікті жұмысы таңғы сағат 08:30-да жиналыстан басталады.
«Жиналыста басшыларымыз тергеушінің сол күні немен айналысатынын, яғни жұмыс жоспарын тексереді. Тәртіп бойынша кеше өткен, бүгінгі және келер күндегі жоспарымызды баяндаймыз. Жиналыстан шыққаннан кейін әр тергеуші қолындағы қылмыстық істері бойынша жұмысқа кіріседі. Тергеуші қылмыстық-процестік кодекстің 60-бабына сәйкес тәуелсіз шешім қабылдайды. Оның қабылдаған шешімінен тек прокурор мен сот қана бас тарта алады. Қалған басшылық құрам тергеуші жұмысына араласа алмайды. Ісіне араласу қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғады.
Қала бойынша орта есеппен күніне жоқ дегенде 10 қылмыс тіркеледі. Бұл ең азы. Ал жоғарғы көрсеткіште 20-30-ға дейін жалғаса береді. Халқымыз «Тау бөрісіз, ауыл ұрысыз болмайды» дейді, тіркелетін қылмыстардың басым көпшілігі – ұрлық. Одан кейін алаяқтық, төбелес, зорлық-зомбылық істері тіркеледі. Адам өлтіру фактісі екі аптада бір болады. Кей жағдайда адам өлімі көбейіп кетеді», - дейді маман.
Жандар Болатбектің аталған салада жүргеніне 7 жыл болған. Қызмет жолында түрлі адамдарды кездестірдім деген ол, бүгінге дейін мінезінің өзгергенін, толық тексермейінше кез келген сөзге күмәнмен қарайтынын айтады.
«Полиция қатарына жолдан қосылған жоқпын. Әскери салада білім алдым. Бұған дейін Алматыда Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектеп-интернатта оқыдым. Мектепте оқып жүріп полицей болуды таңдадым. Сұрастыру барысында тергеуші мамандығына тоқталдым. Кейін сол бойынша Қарағанды академиясында төрт жыл оқып, лейтейнат шенін алдым. Алғашқы жұмысымды Сарыарқа ауданынан бастадым. Соңғы бес жылда Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментінде алаяқтық, мүлікке қатысты қылмыстарды тергеймін. Алаяқтармен жұмыс істегеніме бес жыл, ал жалпы тергеуші қызыметінде жүргеніме 7 жыл болды.
Осы жылдар ішінде мінезім біраз өзгерді. Бұрын жас болғандықтан шығар, сенгіштік қасиет басымырақ болатын. Қазір сеніп тұрсам да тексеріп алуды жөн көремін. Алаяқтармен жұмыс істегеннен кейін көпке сене беруді қойдым. Тергеушінің басты мақсаты – әділ шешім қабылдау. Сондықтан біреуге сенуге міндетті емеспіз. Айтқан сөзі шындыққа жата ма, жатпай ма тексеру қажет. Егер бір тарапқа сеніп, екінші тарапты жай қалдыратын болсаңыз, тергеу әділ болмайды. Кей кездері арызданып келген адамның өзі арызданудың амалын бірінші жасап, қылмысын жасыру мақсатында өзін бейшара етіп көрсетуі мүмкін. Тергеу барысында бәрі керісінше болып шығатын жағдайлар жиі болады. Барынша мұқият болуға тырысамыз», - дейді аға тергеуші.
Ол алаяқтармен жұмыс барысын толығырақ баяндап берді.
«Қазіргі қоғамда алаяқтық, қаржы пирамидасы өршіп тұр. Әлеуметтік желі арқылы түр-түсін көрсетпей халықтың ақшасын сыпырып алатындар көп. Барынша сақ болу керек екенін ескертіп жатқанымызбен адамдар сол орға қайта-қайта түсіп жатыр. Интернет алаяқтар – әбден машықтанған психолог. Сөзіне сендіріп, алданбаймын деген адамның өзін алдайды. Алданып қалатындардың басым бөлігін 30-50 жас аралығындағы адамдар құрайды.
Тергеушінің әр тергеген қылмысы жадында қалып қояды. Тергеуді бастап, ақ пен қарасын анықтағаннан кейін аты-жөні миыңның бір бұрышында сақталады. Алаяқтық бойынша 1993 жылғы қыздың ісін тергегенім есімде. 2017 жылы ол қыз шамамен 22-23 жаста болды. Бойжеткен жас болса да 400-500-ге жуық адамды алдап соққан. Мемлекеттік бағдарламамен пәтер алып беремін деп алдаған. Алданып қалғандардың арасында көзі ашық жандар, сот органдарының адамдары да болған. Осылайша, жас қыздың арбауына түскендер жиған-тергенінен бір сәтте айырылып қалды. Ондай қылмыстың біреуін ашқанмен басқалары шыға береді. Біреуіне алданып сабақ алмай тағы шағым айтып келетін жәбірленушілерді көзіміз көп көрді», - дейді Жандар Болатбек.
«Адам еңбектеніп тек өз күшіне сенсе алаяқтық азаяр еді...»
Әдетте оңай олжаға қызыққандар алаяқтарға көп алданады екен. Маман еңбегі мен өз күшіне сенген адамның ондай жандардан қорғану мүмкіндігі жоғары болатынын жеткізді.
«Қазір жеңіл байып кету деген түсінік қалыптасқан. Интернет дамығаннан кейін көбі бетін жылтыратып, артында не болып жатқаны белгісіз түрлі нәрселерді салады. Оны көргендерде неге мен де осылай өмір сүрмеймін деген ой болады. Бір күні сондай алаяқтарға жолығып, Алланың өзі жіберіп тұрған шығар, мүмкіндікті жіберіп алмайын деп ойлайды. Мұны сізге жәбірленушілердің айтқанынан мысал келтіріп айтып отырмын. Осылайша, заңды жолмен емес оңай жолмен арзан ақшаға пайда көргісі келеді. Кейін санын соғып қалады. Белгілі деңгейде өз ниетінен де болады. Адам еңбектеніп өз күшіне ғана сенсе, алаяқтық азаяр еді деп ойлаймын», - дейді ол.
Маман полиция имиджінің қашан да күн тәртібінен түспейтінін айтып, әріптестерінің бір ісінен барлық тәртіп сақшыларының беделіне нұқсан келетінін жасырмады. Бар мәселе полиция қызметкерінің түпкі мақсаты мен кәсібилігінде дейді тергеуші.
«Полицейлер халықтың ортасынан шығады. Аспаннан ешкім салбырап түспейді. Қазақта «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген әдемі сөз бар. Полиция қызметіне келгендер еліме қызмет істеймін деп келуі керек. Тәртіп сақшыларының беделі көтерілу үшін ең алдымен полиция қызметкері алдына келген адаммен дұрыс сөйлесе алуы қажет. Ол қылмыскер немесе басқа болсын дұрыс мәміле құра білу керек. Көпке топырақ шашпаймын бірақ, кейбір полиция қызметкерлері ешбір полицейге тән мақсат, жоспары болмай біреудің жұмысқа кіресің бе деген ұсынысымен қойылатын талаптарды белгілі дәрежеде орындап жұмысқа келеді. Заңды толық білмей погон тағып көшеге шығады. Кәсіби білімі жоқ полицейге қарап басқалары да сондай деген ой қалыптасуы мүмкін. Осындай дүниелер полиция имиджін түсіреді.
Әркім өз саласында адал, шын жүрекпен қызмет етсе, Жаңа Қазақстанның бастауы сол. Бәрі отбасынан басталады. Қазір біз баланы тек өз меншігіміз ретінде ғана қабылдаймыз. Бұл қате түсінік. Ол ертең ер жетіп, бойжетіп өз еліне, қоғамға жұмыс істейтін болады. Сондықтан елдің азаматы болатындай тәрбиелеп өсіру керек», - дейді тергеуші.
Халық алаяқтық туралы ескертпелерге мән бермейді...
Ол сөзінің соңында алаяқтықпен барлық қоғам болып, біріге күресу керектігін айтты. Сондай-ақ тергеуші алаяқтарға қатысты ақпаратқа бей-жай қарамауға шақырды.
«Қазір қоғам болып өзгелерді кінәлауға машықтанып алдық. «Кім кінәлі? Полиция кінәлі, алаяқтарды ұстамай жатыр» дейді. Қаражатын өз қолымен тапсырып, кейін кінә тағады. Мемлекеттің осы бағытта белсенді жұмыс істеп жатқанын түсінетіндер аз. Бәріміз ескертіп жатырмыз, БАҚ өкілдері де осы алаяқтықтан сақтану жолдарын айтып, түрлі ақпарат таратып жатыр. Қазір менің айтып, сіздің таратып отырған осы материалды да көбісі ден қойып оқымайды. Ескертпе ақпараттың орнына жеңіл-желпі жаңалықты жақсы қарайды.
Халықтың өзі дұрыс мән бермегендіктен аталған қылмыс әлі өршіп тұр. Қылмыскерлермен қоғам болып күреспесек, мемлекет пен полиция қызметкерлеріне жүктеп қоюдан ештеңе шешілмейді. Қылмыс әрі қарай жалғаса береді. Телефон арқылы хабарласқан жандарға сенбеу керек. Банктен хабарласса, сол жерге барып анықтап алыңыз. Алдын ала төлем жасап, ақшаны танымайтын адамға беріп қоюға болмайды», - деді аға тергеуші Жандар Болатбек.