«1 км жолға орта есеппен 2 млн доллар жұмсалады»: сапасыз жол салған әкімдер енді қалай жазаланады
Президенттің тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін жергілікті жолдар 95 пайызға қолданысқа берілуі тиіс
Таяуда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жол сапасына қатысты әкімдердің рейтингі жасалатынын мәлімдеген болатын. Azattyq Rýhy тілшісі млрд-тап ақша бөлінсе де, ойдым-ойдым жолдарды жөндеуге асықпайтын әкімдерге жаңа талап бойынша енді қандай шара қолданатынын анықтады.
ТҰРҒЫНДАР МЕН БЛОГЕРЛЕР БАҒА БЕРЕДІ
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтиярдың айтуынша, жол сапасы бойынша облыс әкімдерінің рейтингін анықтайтын әзірлеме дайындалып жатыр.
«Бірінші кезекте, облыстағы жолдың тегістігі, сапасы тексеріледі. Жақсы жол 60 балға дейін бағаланады. Екіншіден, жергілікті тұрғындар арасында жолдың сапасына қатысты сауалнама жүргізіледі. Халықтың пікіріне де балл қойылады. Бұған қоса, жолда жүрген техникалық қадағалу қызметі, инженерлер жұмысты қаншалықты дұрыс қадағалағаны туралы тексеріс жүргізіледі. Жолдың сапасын қадағалайтын «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» да өз қорытындысын көрсетіп, бағасын береді. Бізде салынған жолға кепілдік мерзімі белгіленген. Сол бойынша 5 жылда қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Күрделі жөндеу де 5 жылда, орташа жөндеу 2 жылдан аса уақытты қамтиды. Аталған жөндеу жұмысынан кейін ақаулар пайда болатын болса, оған да балл қойылады», - дейді Жамбыл Бақтияр.
Оның сөзінше, рейтингке осы аталған критерилердің барлығы кіреді. Рейтингтің қорытындысын шығару кезінде министрлік Ұлттық сапа орталығы мен жергілікті халықтың пікірін тіпті, блогерлердің де бағасын назарға алмақ.
САПАСЫЗ ЖОЛ САЛҒАНДАРҒА ҚАНДАЙ ШАРА ҚОЛДАНЫЛАДЫ?
Автомобиль жолдары комитеті төрағасы орынбасарының айтуынша, рейтинг жасау кезіндегі барлық этаптан төмен балл жинаған өңір басшысына қандай шара қолдынылатыны қазіргі уақытта қызу талқыланып жатыр.
«Төмен нәтиже көрсеткен облыс басшылығын және атқарған жұмысын БАҚ-та жариялау қарастырылады. Бұған қоса Үкімет жергілікті атқарушы органға қатысты шара қолдану мәселесін ойластырып жатыр. Мысалы сапасыз жол үшін әкім орынбасары жұмыстан кетуі мүмкін. Оның ішінде облыс я болмаса аудан, ауыл әкімдерінің орынбасарлары жауапқа тартылуы ықтимал. Біз негізгі тапсырманы облысқа береміз», - дейді Ж. Бақтияр.
Бұл ретте, шенеуніктерге ғана емес жол салған мердігер компанияға да шара қолданылады. Ақау пайда болған жерді мердігер компания өз қаражатына қайта салуына тура келеді. Бұл әрине компанияның шығынын арттырады, «екі жұмыс» істеуіне тура келеді.
«Оның үстіне сапасыз жұмыс істеген мердігерге инженерлік қадағалау арқылы қосымша тағы айыппұл салады. Жобалық шешімде қателік болған жағдайда жобалаушы ұйымдар да жазаланады. Салынған айыппұлмен қатар, мердігердің лицензиясы 3 жылға жарамсыз болады. Егер компания екінші рет дұрыс жұмыс жүргізбегені анықталса, лицензиядан біржола айырылуы мүмкін. Жазалау жағынан кем болып жатқан жоқпыз», - дейді Автомобиль жолдары комитеті төрағасы орынбасары.
Осы аталған тексерістің барлығы дерлік ашық болуы және жемқорлық болмас үшін материалдар «Е-Құрылыс» порталында жарияланады. Онда жолдағы барлық төлемдерді, жол құрылысының нәтижесін электронды форматқа көшіру жоспарланып отыр. Бұған қоса, мердігер компания жолды салып болған соң әкімдікке өткізетін кезде, қоғам белсенділері жолдың қалай салынғанын көзімен көріп, баға беруі тиіс. Бұл тапсырманы осы салаға жауапты министрлік «Қазавтожол» мекемесіне жүктеген.
«Жаңадан әкім болып келген басшы бірден жолды 100% толығымен қалпына келтіруі мүмкін емес. Сол үшін рейтинг жасаған кезде жалпы жасалған жұмыстарға акцент береміз. Ал қаражат жағына келетін болсақ, жол салуға ақша барлық облысқа бірдей бөлінеді», - дейді Ж. Бақтияр.
АЛДАҒЫ 3 ЖЫЛДА САПАСЫЗ ЖОЛДАР 5%-ДЫ ҒАНА ҚҰРАУЫ КЕРЕК
Айта кетерлігі Президенттің былтыр берген тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін жергілікті жолдар 95 пайызға, ал республикалық жолдар 100 пайыз аяқталып, қолданысқа берілуі тиіс. Елімізде республика бойынша 71 мың жергілікті жол бар. Оның ішінде 25 мың жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, қалған жергілікті жолдың құрылысына тиісті қаражат бөлінген. Ал жергілікті атқарушы органдар жұмысты бастады.
Былтырғы көрсеткіш бойынша облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды салуға, қайта жаңартуға және жөндеуге 300,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде республикалық маңыздағы жолға 159,7 млрд теңге қарастырылыпты.
Айта кетерлігі, қанша жылға созылған Нұр-Сұлтан – Алматы автожолы келер жылы толығымен аяқталады. Қазақстандағы ең ірі екі қаланы байланыстыратын жолға бас-аяғы 480 млрд теңге бөлінген. Оның 280 млрд-ы игерілді. Енді қалған уақытта игерілуі тиіс қаражат көлемі - 140 млрд теңге. Бұл жол 15 жылға қызмет көрсетуі тиіс деп жоспарланып отыр.
Жыл басындағы жол сапасына қатысты рейтингте жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 34%-дан аспайды. Көш соңында Атырау мен Ақтөбе облыстары тұр. Салаға жауапты министрліктің мәліметінше, аталған өңірлерге биылдан бастап қомақты қаражат бөлініп отыр.
ОРТАША ЕСЕППЕН 1 КМ ЖОЛҒА 2 МЛН ДОЛЛАР ЖҰМСАЛАДЫ
Қазақстан жолшылары қауымдастығының атқарушы директоры, Петр Давыденко Қазақстанда жол құрылысына бөлінетін қаражат жеткіліксіз екенін, салдарынан мердігер компаниялар сапасыз материал алуға мүжбүр екенін айтады.
«Әлемде болып жатқан қымбатшылықтың салқыны бізді де айналып өткен жоқ. Жолға қажетті құрылыс материалдарының бағасы айтарлықтай өсті. Осыдан 3 жыл бұрын қажетті материалдар бағасына қатысты жоспар болатын. Біздегі негізгі пробеманың бірі тапсырысты орындаушы алдымен жобаның құнын төмендетіп көрсетуге тырысады. Тендерді ұтқаннан кейін екі жылдан соң мердігерге қаражат бөлінеді. Ол кезде бастапқыдағы сома инфляцияға ұшырап, бөлінген қаражат түкке жетпей қалады», - дейді Қазақстан жолшылары қауымдастығының атқарушы директоры.
Белгілі болғандай, Қазақстанда орташа есеппен 1 км жолға 2 млн доллар жұмсалады екен. Бұл көрсеткіш Қытайда 8 млн доллар. Ұзақ жылға қалтқысыз қызмет ететін жол салынуы үшін Қазақстан да жол саласына бөлінген қаражат көлемін арттыруы керек, деп есептейді Қазақстан жолшылары қауымдастығы.
Қазақстандағы жолдар 10 тонна немесе 13 тонна салмаққа есептелген. Жол салған мердігер компаниялар салған жолға 5 жылға толықтай жарамды деп кепілдік беру керек.