Бір тәулікте 750 адам құтқарылды. 500 автокөлік әлі жолда тұр - ІІМ

Автор: Azattyq Rýhy

Солтүстік өңірлерде бірер күнде -30 градус аяз болады

Бүгін, Нұр-Сұлтанда өткен арнайы брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин кеше түнде болған боран кезінде қанша адам құтқарылғаны жөнінде айтып берді.

«Түнде Шучинсктен Нұр-Сұлтанға автокөліктерді колоннамен алып келдік. 140 көлікті Ақкөл елді мекенге жеткізіп, тамақпен қамтамасыз еттік. Ол жерге қазір 360 адам орналастырылды. Ішінде 40 бала бар. Бір тәулікте жалпы 750 адам, 500 көлік құтқарылды. Бірақ 500 автокөлік әлі жолда тұр. Қолайсыз ауа-райы әлі сақталады. Сондықтан адамдарға қаладан сыртқа шықпауға кеңес береміз.», - деді Ю.Ильин.

Оның мәліметінше бет қаратпайтын бораннан, Нұр-Сұлтанда 100-ге жуық жол апаты болған. Кісі өлімі тіркелген жоқ.

Ал, "Қазгидромет" бірер күнде ұйтқыған боран күшті аязға ұласады деп мәлімдеді.  

«27-28 қаңтар күндері боран болады. 29-30-на Солтүстік- батыстан енетін антициклонның әсерінен жауын-шашын тоқтайды, бірақ ауа температурасы -30 градусқа дейін төмендейді. Бұл ұзаққа бармайды. Одан кейін Ресейдің Еуропалық аумағына Атлант мұхитынан енетін циклонмен Батыс өңірлерге жылу келеді. Ауа-райы солтүстікте тұрақсыз болады»,- деді А.Саханова.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан