Жолшылар үш тәулік ішінде қар құрсауынан 2400-ден астам көлікті шығарды
Төтенше жағдай туындаса, жүргізушілер 1403 нөміріне хабарласа алады
Соңғы үш тәулік ішінде республиканың бар аумағында «Қазақавтожол» ЖШС күшімен 2400-ден астам көлік қар құрсауынан шығарылды деп хабарлайды Аzattyq-ruhy Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасай отырып.
«Ауа райының қолайсыздығы, желдің күшеюі мен жолдағы жағдайдың нашар көрінуіне орай автомобиль жолдарының 40 учаскесі қозғалыс үшін бүгінгі таңда жабық. Жолдың қозғалыс бөлігін тазарту, көліктерді сүйемелдеу және адамдарды құтқару шаралары белсенді түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда еліміздің бар аумағында техниканың 671 бірлігіжұмыс істеп жатыр»,- делінген хабарламада.
Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жабылуы туралы ақпарат әлеуметтік желілердегі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті мен ««QazAvtoJol» ҰК» АҚ ресми парақшаларында жарияланады.
«Төтенше жағдай туындаса, жүргізушілер қысқа 1403 нөміріне хабарласа алады. Жол қызметтері автоәуесқойларды ауа райының қолайсыз жағдайында алыс сапарға шығудан бас тартуға шақырады. Жолдағы жағдайдың нашар көрініп, көктайғақ болған кезде жүргізушілерге жылдамдықты барынша төмендетуге, көліктер арасындағы арақашықтықты сақтауға және басқа көліктерді озу кезінде барынша абай болуға кеңес беріледі»,- дейді министрлік.