2020 жылы оралмандарды қабылдау квотасы қысқарды

Автор: Azattyq Rýhy

Үкімет қаулысымен оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасы 2020 жылы 1 378 адам болып белгіленген, бұл 2019 жылға қарағанда 653 адамға аз

фото: newtimes.kz

Аталған қаулыны қабылдаудың мақсаты - ҚР Үкіметі белгілеген өңірлерде оралмандарды оңтайлы орналастыру. 2020 жылы квота былайша бөлінді: Павлодар облысы бойынша – 500 адам, Қостанай облысы бойынша – 350, Ақмола облысы бойынша – 258, Шығыс Қазақстан облысы бойынша-150, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 120. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлайды.

«Оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген адамдарға нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде субсидия беру түрінде қолдау көрсетілетін болады: көшуге – отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК (84,2 мың теңге) біржолғы төлем; тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін 12 ай ішінде отбасына 15-тен 30 АЕК (36,1-ден 72,2 мың теңге)», - делінген ведомство хабарламасында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2019 жылы ҚР Үкіметі 2 031 адамды қамтитын оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасын бекітті, ол мынадай түрде бөлінді: Қостанай облысы бойынша – 815, Павлодар облысы бойынша – 550, Ақмола облысы бойынша – 306, Шығыс Қазақстан облысы бойынша-250, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 110 адам.

Оқи отырыңыз: «Оралман» термині заң жүзінде «қандас» сөзіне ауыстырылады - министр

Жалпы алғанда, 2019 жылы 17,661 этникалық қазақ немесе 9993 отбасы тарихи отанына оралып, оралман мәртебесін алды.