$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.12.2019, 15:01
Үкімет

«Оралман» термині заң жүзінде «қандас» сөзіне ауыстырылады - министр

Министрлік әзірлеп жатқан заң жобасында Оралман терминін Қандас деген сөзбен ауыстыру мәселесі бар

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дайындап жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында Оралман терминін Қандас деген сөзбен ауыстыру мәселесі қаралып жатыр.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев twitter желісіндегі парақшасында оралмандарды қандас деп атау туралы ұсыныс айтқан болатын. Мемлекет басшысы «тарихи отанына оралған қазақтарға қатысты Оралман терминінен бас тартып, Қандас терминін қолдану керек» деп жазба қалдырған еді.

«Ел президенті өз ұстанымын айтып, оралман терминін қандас терминімен ауыстыру туралы тапсырма берді. Сондықтан, заң жобасына осы норманы енгізу мәселесі келісіліп жатыр. Егер заң қабылданса, болашақта «оралман» сөзі «қандас» сөзіне ауысады», - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

«Оралман» сөзі біреудің ар-намысына тие ме, неге ауыстыру керек?» деген сұраққа министр «оралман» сөзінің төңірегінде қалыптасқан жағымсыз қарым-қатынаспен байланысты деген жауап айтты.

«Негізі, бұл («оралман» терминін «қандас» терминіне ауыстыр туралы ұсыныс – авт.) қоғам тарапынан айтылған. Бәлкім, осы жылдар аралығында бұл термин төңірегінде жағымсыз пікір қалыптасқан шығар. Бірақ терминнің еш кінәсі жоқ. Мен бұл ұсынысты қолдаймын. Жеке өз басым ешқашан «оралман» деп сөйлемеймін. Мен қандас бауырларымыз деп сөйлеймін. Осы сөз менің жаныма жақындау», - деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша, егер заң қабылданса, онда қолданыстағы басқа 10 заң мен 7 кодекске өзгеріс енгізіледі.

Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары