$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.01.2020, 17:59
Қоғам

Тибет мұздықтарынан ғылымға беймәлім 28 вирус табылды

Ғалымдар мұз сынамаларын алу үшін Тибет мұздығын 50 метрге дейін тескен

Тибет мұздықтарынан ғылымға беймәлім 28 вирус табылды

Ғалымдар Тибет шыңында шамамен, 15 мың жылдан бері жатқан мұздықтан сынама алып зерттеп, ғылымға белгісіз 28 вирусты анықтаған. Ғалымдардың бұл еңбегі туралы  Live Science сайты жазады. 

Мұз сынамаларын 2015 жылы АҚШ пен Қытай ғалымдары жинаған екен. Олар зерттеу жұмысы үшін Тибет мұздығын 50 метрге дейін тесіпті. Мұзды тесу және тасымалдау барысында сынамалардың беткі қабатына бактериялар қонғандықтан, мұз үлгілерінің тек ішкі бөлігі зерттеуге алыныпты. 

Ғалымдар Цельсий бойынша -5 градустық салқын бөлмеге жеткізілген мұздың сыртқы қабатын зарарсыздандырылған жұқа арамен жарты сантиметрге кесіп тастайды. Содан соң мұзды этанолмен жуып, тағы 0,5 сантиметр ерітеді. 

Мұз үлгілерін артынша зарарсыздандырылған сумен тағы бір рет жуып алған ғалымдар оларға ешқандай бактерия мен вирустардың қонбағанына көз жеткізген соң, зерттеу жұмысына кіріседі. Нәтижесінде, мұздың ішкі бөліктерінен 28 беймәлім вирустың барын анықтайды. 

Зерттеушілер дүниежүзіндегі мұздықтардың еруі салдарынан ежелгі вирустардың үлгілері сақталып жата бермейтінін айтады. Ғаламдық жылыну салдарынан бүгінге дейін белгісіз болып келген патогендер қоршаған ортаға түсіп, адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіруі мүмкін. 

Айта кетсек, Қытайдағы желтоқсан айынан бері тіркеліп жатқан пневмония коронавирустың (nCoV) белгісіз түрінен пайда болғаны айтылуда. Алдын ала болжам бойынша індет жануарлардан жұғуы мүмкін. Қазіргі таңда вирус тек Қытайда ғана емес,  Таиланд, Оңтүстік Корея, Жапония, Тайвань, Ресей, Вьетнаме, сондай-ақ, АҚШ, Франция, Канада елдеріне де жетіп үлгерген.   

Серіктес жаңалықтары