Ескендір Хасанғалиевті еске алу үшін «креативті» шенеуніктер тендер жариялады
Әкімдікке қарасты «Креативті индустрияларды дамыту орталығы» концерт өткізу үшін бірнеше лот жариялаған

15 мамыр күні Нұр-Сұлтанда композитор, КСРО халық әртісі Ескендір Хасанғалиевті еске алуға арналған «Атамекен» атты ән кеші өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекеттік сатып алулар сайтындағы бірнеше тендерге қарап, бұл кешті өткізу «Креативті индустрияларды дамыту орталығына» жүктелгенін байқауға болады.
Мекеме концерт өтетін залды жалға алу үшін, концертке келетін қонақтардың әуе билетін, олардың жатын орындарын анықтау үшін бірнеше тендер жариялап отыр.
Концерт залын 2,5 млн теңгеге шоуменнің компаниясы жалға береді
«Креативті индустрияларды дамыту» орталығы алдымен концерт өтетін орынды жалға алу үшін тендер жариялаған.
Бірінші конкурс өтпеген болып саналып, екінші рет бір көзден сатып алу арқылы лотты «Astana Venue Management» ЖШС жеңіп алған. Жетекшісі – танымал шоумен Мәлік Хасенов. Осы тендер арқылы Хасанғалиевті еске алуға арналған концерт Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді деген шешім қабылданған.
Ал ең қызығы, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Нұр-Сұлтан әкімдігі мен мәслихаттың шешімі бойынша, қаладағы бірнеше мәдени нысан дәл осы «Astana Venue Management» компаниясының басқаруына өткен болатын.
Соның ішінде, Ескендір Хасанғалиевті еске алуға арналған концерттің орны – Бейбітшілік және келісім сарайы да бар. Бұдан өзге, қаладағы «Жастар» театры, «Бәйтерек» монументі де шоумен Хасенов басқаратын компанияның басқаруына өткен.
Алматы мен Оралдан келетін қонақтардың әуе билетіне бюджеттен қанша бөлінді?
«Креативті индустрияларды басқару орталығы» сонымен қатар композиторды еске алуға арналған концертке Алматы мен Оралдан (марқұм әнші осы БҚО-да дүниеге келген) қонақ шақырған. Олардың жатын орны мен әуе билеттерін де тендер арқылы сатып алмақ. Бұл конкурстарға мамырдың 6-сына дейін әлі өтініш қабылданады.
Әуе билеттерін сатып алуға қатысты лоттың талаптарына тоқталсақ, «Креативті индустрияларды дамыту орталығы» 14 адамның, соның ішінде, бір баланың әуе билеті үшін 722 мң теңге бюджет қаражатын бөліп отыр.
Ал осы қонақтарды қала ішінде тасып, қонақ үйге орналастыру үшін орталық тағы 1 млн теңгеге жуық қаражат жұмсамақ.
Ең қымбаты – құрал жабдық.
Ал Ескендір Хасанғалиевті еске алуға арналған концерттегі музыкалық құрал-жабдықтарды жалға алу үшін «креативті» шенеуніктер 8 млн теңге бөлген.
Конкурс 28 сәуір күні басталған, ал екі күннен кейін, 6 мамырда конкурсқа құжат қабылдау аяқталады.
Естеріңізге сала кетейік, композитор, әнші, КСРО халық әртісі Ескендір Хасанғалиев былтыр, 2021 жылдың 30 сәуірінде 81 жасында қайтыс болған.